Ұзатылар қыздың ұлттық бас киіміне қаншалықты мән беріп жүрсіз?
Сәукеле — қазақ халқының қыз ұзатқанда киетін ең сәнді әрі қымбат бас киімі.
Ол – тек сәндік бұйым ғана емес, қазақ халқының салт-дәстүрі, мәдениеті мен эстетикасын көрсететін ұлттық мұра. Бүгінде қыз ұзату тойларында дәстүрімізді қайта жаңғырып, ұзатылар қыздар сәнгерлер ұсынған түрлі сәукелені киіп шығады. Жалпы, сәукеле – қазақ қызының ар-намысы мен әдемілігін, елінің дәстүрін ұлықтайтын қасиетті бас киім. Шымкент қаласында салт-дәстүрлерімізді М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университетінің ғалымдары да зерттеп-зерделеп, оны насихаттауда үлкен жұмыстар атқарып келеді.
Еліміздегі өнертану ғылымдарының профессоры Сабыркүл Асанованың «Қазақтың ұлттық киімдері және қолөнері тарихы» еңбегінде ХХ ғасырда қымбат сәукеленің бағасы 1000 сомға дейін немесе таңдаулы 100 аттың құнына дейін жеткен, деген дерек келтірген. Ал этнограф Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы еңбегінде бір сәукеленің бағасы 500 жылқы болған деген дерек қалдырған. Бұл мақаламызда ата-бабаларымыз қыздардың бас киіміне неліктен осыншама маңыз берген, ондағы әрбір деталдар және әшкейлерде қандай ырымдар, мағына жатыр деген сауалға жауап іздеп көреміз. М.Әуезов атындағы ОҚУ филолгия ғылымдарының докторы Айнұр Жиенбекова қазақтардың сәндік қолданбалы өнерін зерттеп жүрген ғалым. Оның айтуынша, бас киімдегі әрбір элементте тәрбиелік, эстетикалық және рухани мән бар екен.
– Сәукеле – конус формасында келетін биік (орташа есеппен 70 см-ге жуықтау) қалпақ, ол көбіне бас жағы қиылған үлгіде келеді. Бас киімнің бет қабатындағы күміс және алтын жалатылған әшекейлер ромб тәріздес болады, ол – көбею символы. Екінші жағынан ол жұбайлық өмір тілеу, үбірлі-шүбірлі, денсаулығының мықты болуын білдіреді. Сәукеледегі өзге де күн бейнесі, геометриялық мотивтер, тау образының сипаты мен мағынасы екі қағиданы айқындайды. Біріншісі - эстетикалық қағида, ол әйелдің табиғи сұлулық қасиеттерін күшейтуге түсуге ұмтылудан туындайды. Екінші қағида, безектер мен сәукеленің өзі қорғаныш, тұмар туралы хабар береді. Яғни сұқ көздерден сақтап жүреді деп санаған.
Ал әшекейленуінде пайдаланатын белгілі бір түстер символикалық мағынаға ие. Мәселен, шекедегі шашақтар – «шекелік, белгілі бір орнаменттік формаларын бояу үшін көк түс қолданылады. Көк түс – апан символы. Маталарында «алақанда» қызыл түс пайдаланады, қызыл түс – от, күн символы, байлықты білдіреді. Желектегі ақ түс – ақиқаттың, бақыттың, тазалықтың символы. Тігістері мен тастарында – жасыл түс – жастық шақтың түсі, сары – ақыл-ойды білдереді, - дейді А.Жиенбекова.
Жаңа заманның жаңашыл тойларында сәукеленің түр-түрін көріп жүрміз. Ғалымның пайымына қарап, сәукеле — тек сән үшін тігілетін бұйым емес, терең философия мен наным-сенімнің тоғысқан киелі киімі екенін түсіндік. Ондағы әрбір элемент – ұлттық болмыстың, тәрбие мен салт-дәстүрдің көрінісін береді. Ал, оқырман Сіз ұзатылар қыздың ұлттық бас киіміне қаншалық мән беріп жүрсіз?