Жастар жасампаз болуы қажет
Мемлекет басшысы бүгінгі халыққа арнаған Жолдауында бірқатар қоғамдық үдерістерге тоқталып өтті.

Әрбір азамат мемлекетшіл, отаншыл болуы керек екенін айтты. Бұл – жастарға өте керек қасиет. Президент қазіргі жастар үшін патриотизмнің басты көрсеткіші – жасампаздық пен жаңашылдық екенін де айтты. Өз ісінің маманы, адал кәсіп иелері Қазақстанды дамыған, көркейген мемлекет ретінде көргісі келеді.
Жалпы, өскелең ұрпақтың бойындағы патриотизм – болашаққа деген шынайы ұмтылыс. Қазіргі уақытта жоғары жетістіктерге жетуге барлық азаматтың мүмкіндігі бар. Ол үшін адал еңбек етіп, ұрпақтар сабақтастығын жалғастыру қажет. Президент «Сондықтан ғылым-білімге ұмтылған, елін-жерін көркейтуді ойлаған жастарға әрдайым жан-жақты қолдау көрсете береміз. Біз қолға алған ауқымды жұмыстың бәрі жастардың жарқын болашағы үшін жасалып жатыр. Өскелең ұрпақ ертең соның игілігін көреді, оны еселеп, лайықты жалғастырады» деді. Расында, қазіргі таңда азаматтардың жетістікке жету жолында барлық жағдайлар жасалған. Оларға тек қана адал еңбек ету – басты міндет.
Біз ел абыройын асқақтату мақсатында еңбек еттік. Әлем чемпионаттары, Азия ойындарында жүлдегер болдық. Қазіргі уақытта шәкірт тәрбиелеп, жастардың спорттан өз жолын табуына, жоғары жетістіктерге жетуі жолында еңбек етіп келеміз. Ендігі ретте біз бағындырған биікті жас ұрпақ жалғастыруы тиіс. Ортақ мақсаттарға осылайша бірге қол жеткіземіз.
Патриотизм – тек өткен тарихты білу ғана емес, қазіргі заманда ел мүддесін қорғау, жаңа идеялар мен жаңалықтар арқылы қоғамға пайда әкелу. Білімді, ойлы, жан-жақты дамыған жас – шынайы патриот. Ол елінің намысын спортта да, ғылымда да, өнерде де қорғап, Қазақстанды әлемге танытуға күш салады.
Қазақ халқы әрқашан елін қорғаған батырларын дәріптеп, патриотизмді ұрпақ тәрбиесінің өзегіне айналдырған. Бүгінгі жастар да сол асыл дәстүрді жалғастырып, бейбіт күннің батырлары болуға тиіс. Олар адал еңбегімен, ізгілікті ісімен, білім жолындағы табысымен елінің мерейін үстем ете алады.
Қорытындылай айтқанда, өскелең ұрпақтың бойындағы патриотизм – мемлекеттің болашағының кепілі. Жас жүректерде Отанға деген сүйіспеншілік, елге деген жауапкершілік сезімі қаншалықты терең болса, Қазақстанның ертеңі де соншалықты нық болмақ.
Біржан ЖАҚЫПОВ,
ҚР еңбек сіңірген спорт шебері


