Заңдар бизнестің дамуына кедергі келтірмеуі тиіс
Мемлекет басшысының дәстүрлі Жолдауында бірқатар мәселе көтерілді, тағы да тапсырмалар берілді. Солардың ішінде екеуіне тоқталуды жөн көріп отырмын.

«Қазір елімізде 21 кодекс, 300-ден астам заң бар. Оларға тым көп түзету енгізілген. Кейбір нормалар бір-біріне қайшы келіп жатады. Түптеп келгенде, осының бәрі бизнестің дамуына кедергі келтіріп отыр. Заңнаманы түгел тексеріп, зерделеп шыққан жөн. Жасанды интеллект технологиясы мұны жылдам, әрі тиімді жүзеге асыруға мүмкіндік береді», – деді Қ. Тоқаев бүгінгі Жолдауында.
Елімізде екі миллионнан астам шағын бизнес субъектісі болса, соның алты пайызға жуығы ғана өнім өндіреді. Бұл – болмашы көрсеткіш екені аз айтылып жүрген жоқ. Сол себепті, «Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігінің жанынан Интеллект арқылы реттеу орталығы құрылады. Бұл орталық заңнаманы ретке келтірумен, түсінікті әрі тиімді ұсыныстар әзірлеумен айналысады. Заңды күрделендіре бермеу қажет. Қайта оны кәсіпкерлердің қажетіне қарай бейімдеп, министрлер мен әкімдердің нақты нәтиже үшін жеке жауапкершілігін күшейткен жөн. Мемлекеттік органдар бизнес өкілдеріне ескерту жасаудың орнына, әлі күнге дейін тым қатаң әкімшілік шешімдер қабылдайды деген мәлімет маған да жетіп жатады. Мұндай келеңсіздікке жол беруге болмайды», – деді Мемлекет басшысы.
Заң – қоғамдағы тәртіп пен әділдіктің кепілі. Бірақ ол шектен тыс қатаң немесе күрделі болған жағдайда кәсіпкерлердің еркін дамуына, жаңа бастамалардың жүзеге асуына кедергі жасайды. Мысалы, рұқсат алу рәсімдерінің тым ұзаққа созылуы немесе салық жүйесінің ауыртпалығы шағын және орта бизнестің аяққа тұруын қиындатады. Сондықтан заңдар кәсіпкерлікті шектемей, керісінше, оған қолайлы жағдай жасауы тиіс.
Әлемдік тәжірибеде бизнестің дамуына қолайлы орта қалыптастыру арқылы мемлекеттер өз экономикасын қарқынды дамытқанын көреміз. Заңдар ашық әрі түсінікті болғанда ғана кәсіпкер болашаққа сеніммен қадам басады, инновациялық жобаларды жүзеге асыруға тәуекел етеді. Ал бұл өз кезегінде қоғамға жаңа өнімдер, қызметтер және жоғары бәсекелестік әкеледі.
Зәуре ОРАЛБАЕВА,
қоғам белсендісі, журналист

 
 
 
