«Ескі пластинка» аға буынның жанын жадыратты

Oinet.kz 06-10-2025 120

Шымкенттің Орталық саябағында қалалық Қазақстан халқы Ассамблесы мен қалалық славян этномәдени бірлестігінің ұйымдастыруымен «Ескі пластинка» концерті өтті.

Screenshot_22.jpg

Көпшіліктің көңілінен шыққан музыкалық іс-шараның мақсаты  – қала тұрғындары мен қонақтарының назарына өткен шақтың хит әуендерін ұсыну арқылы олардың жадында достық, сыйластық, махаббат сынды құндылықтарды жаңғыртып, аға буынға қуаныш сыйлау және ұрпақтар сабақтастығын жалғастыру. 

Шымкент қаласы «Қоғамдық келісім» мекемесінің басшысы Нүркен Әлімқұлов концертке арнайы қатысып, ұлағатты ұстаздар қауымын кәсіби мерекелерімен құттықтады. Достық пен өзара сенім қалыптасқан қоғамда түсіністік пен сыйластық өз тұғырынан түспейтінін айрықша атап өтті. 

Жиналған жұртшылық алдында шымкенттіктердің сүйікті «Южный город» тобы, Людмила Наумова, Алексей Скибин, Нұрлан Жұбаниязов, Разия Гареева, Светлана Артёмова, София Карпец, Светлана Рашидова сынды бірқатар жергілікті өнер жұлдыздары өнерлерін көрсетті. 

Еліміздің үшінші мегаполисі тұрғындары арасындағы биік абыройға ие «Фонограф» ретро-тобы болса, әнсүйер қауымға танымал музыкалық әуендерді нақышына келтіре орындап, саябаққа жиналған көпшілікті керемет әсерге бөлеп, ерекше көңіл-күй сыйлады.

Іс-шараның ең басты ерекшелігі – әр түрлі этнос өкілдерінің бір сахнада өнер көрсетуі болды. Бұл – Қазақстан халқы Ассамблеясының басты мақсатына, яғни ел ішіндегі бірлік пен келісім рухын нығайтуға бағытталған нақты қадам. Көрермендер әр орындаушының өнерін жылы ықыласпен қабылдап, саябақта мерекелік көңіл күй орнады.

Мұндай мәдени кештер қоғамды біріктіріп, өзара құрмет пен достықтың қадірін ұғынуға жол ашады. «Ескі пластинка» концерті – тек өнер мерекесі емес, ол өткен мен бүгінді жалғаған рухани көпір іспетті болды.

Қорытындылай келе, бұл шара Шымкенттің мәдени өміріндегі маңызды оқиғалардың бірі болып, қала тұрғындарына жақсы көңіл күй мен ұмытылмас әсер сыйлады. Ол бірлік пен бейбітшіліктің, ұлттық келісім мен ортақ рухтың әуені ретінде есте қалды.

Әрбір мерекенің мазмұны жастар бойындағы патриоттық сезімді ояту
«Таза Қазақстан» – сананың, жүректің, ұлттық болмыстың тазалығы
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу