Салт-дәстүр – ұлттың рухани иммунитеті
Қазақ халқының ұрпақтан-ұрпаққа жалғасқан салт-дәстүрі – ұлт болмысының айнасы, тәрбиенің темірқазығы. Сан ғасырлық тарихы бар әдет-ғұрыптарымыз бен жөн-жоралғыларымыз халқымыздың өмір салтымен, дүниетанымымен тығыз байланысты.
Осы асыл мұраларды көздің қарашығындай сақтап, оны жастардың санасына сіңіру бүгінгі аға буынның қасиетті борышы.
Осы орайда ұлттық құндылықтарды дәріптеу ісінде белсенді еңбек етіп келе жатқан қоғам қайраткерлерінің бірі – Шымкент қаласының Құрметті азаматы, Абай аудандық ардагерлер кеңесі төрағасының орынбасары Бибіфатима Хамитбекова. Ол өзінің қоғамдық қызметінде де, жеке өмірлік ұстанымында да салт-дәстүрдің тәрбиелік рөліне ерекше мән береді.
«Салт-дәстүр – нағыз тәрбие мектебі. Қазақтың әрбір ырымы мен ғұрпында терең мағына бар. Ұлттық болмысымызды сақтап қалу үшін жастарымызға осы құндылықтарды саналы түрде үйретуіміз керек. Дәстүр жоғалса, тәрбие тозады. Ал тәрбие тозса, ұлт әлсірейді», – дейді Бибіфатима Хамитбекова.
Бибіфатима апайдың айтуынша, бүгінде ұлттық тәрбиенің әлсіреуіне басты себеп заман ағымына ілесемін деп, тамырымыздан ажырау. «Батысқа еліктеген заманда жастарымыз өз құндылығына күмәнмен қарай бастады. Бұл қауіпті үрдіс», – дейді ол.
«Біздің ардагерлер кеңесінде ұлттық құндылықтарды ұлықтау бағытында түрлі кездесулер, тәрбие сағаттары, семинарлар өткіземіз. Мектептермен, колледждермен, жастар ұйымдарымен тығыз жұмыс істейміз. Әсіресе қыз тәрбиесіне ерекше көңіл бөлеміз. Қызға қырық үйден тыйым салған қазақтың әр сөзі тұнған тәрбие. Мұны ұрпақ білуі тиіс», – дейді Бибіфатима Хамитбекова.
Қазақ халқы қиын-қыстау замандарда да бірлігін жоғалтпаған. Бұл бір жағынан, дәстүрге адалдықтың арқасы. Мәселен, асар жасау, ерулік беру, сүйек шатысу, құдалық, шашу, көрімдік сынды дәстүрлер қоғамдағы ынтымақты арттыратын жолдар.
«Қазір көп жастар бұл дәстүрлердің мәнін білмейді. Тек той-томалақтың бір бөлшегі деп ойлайды. Бірақ әрқайсысының түп-төркініне үңілсек, онда үлкен тәрбие мен мағына жатыр. Бұл тек этнографиялық қызығушылық емес, бұл – ұлттың рухани иммунитеті», – деп атап өтті Бибіфатима Хамитбекова.
Ұлттық салт-дәстүрді сақтау өткенге табыну емес, болашақты тәрбиелеу. Ата-баба жолын ұлықтау арқылы ғана біз төл болмысымызды жоғалтпай, жаһандану дәуірінде жұтылып кетуден аман қаламыз.
Аида ӨТЕП