Әже үні – ұрпаққа ұран

Oinet.kz 11-10-2025 40

Қазақ халқының тарихы мен мәдениеті тереңде жатқан қазына. Сол қазынаның өзегі салт-дәстүр мен ұлттық құндылықтар. Бұл туралы Шымкент қаласы Әжелер алқасының мүшесі, ел ішінде тәрбиелік бағыттағы кездесулерге жиі қатысып, ұлттық болмысты насихаттап жүрген Перизат Ахметованың пікірі ерекше назар аударарлық. 

Screenshot_7.jpg

Оның айтуынша, ұлттық құндылықтар тек өткеннің мұрасы емес, бүгінгі мен болашақтың бағыт-бағдары. «Қазақта әрбір салттың астарында тәрбие жатыр. Біз көп жағдайда салт-дәстүрді ескі дәуірдің сарқыншағы ретінде қабылдап жатамыз. Бірақ ол  ата-бабамыздың ұрпаққа қалдырған өмірлік тәжірибесі. Соның арқасында біз ұлт болып ұйыстық, ел болып қалыптастық», – дейді Перизат Ахметова.   

Оның айтуынша, қазіргі заманда ұлттық тәрбиенің рөлі бұрынғыдан да арта түсті. Жаһандану заманында жастарға тамырын ұмытпай, елдің тарихы мен салт-дәстүрін сіңіру ұлттың болашағын сақтаудың жолы. «Бала тәрбиесі, қыздың әдебі, ұлдың мінезі бәрі ұлттық құндылықтарға негізделуі керек. Әже мен ананың, жалпы әйел затының тәрбиедегі рөлі орасан. Біз немерелерімізге ертегі айтып, мақал-мәтел үйретіп, бата беруді жалғастыруымыз керек. Себебі сөз арқылы тәрбие жүреді», – дейді ол. Перизат Ахметова ұлттық киім, дәстүрлі тағам, қонақ күту мәдениеті, үлкенге құрмет көрсету сынды әдет-ғұрыптардың барлығы  ұлтты ұлт ететін белгілер екенін айтады. Ол салт-дәстүрді тек мерекелік сипатта емес, күнделікті өмірде де қолдану қажет деп есептейді. Біз өзіміз күнде айтып жүрген сәлемдесу, төрге шығару, дастарқан жаю сияқты қарапайым дүниелердің өзінде де үлкен тәрбие жатыр. Қазақылық  осы кішкентай көріністерден басталады. Егер осыны сақтасақ, тамырымыздан ажырамаймыз, – дейді ол. 

Сонымен қатар, Перизат апай қазіргі таңда ата-аналар баланың тәрбиесін толықтай мектепке жүктеп қоятынын, бұл  дұрыс емес үрдіс екенін де ашық айтты. Ұлттық тәрбие бұл тек мектептің емес, бүкіл қоғамның, әсіресе отбасының міндеті. Әр отбасы баласына ең әуелі ұлттық болмыс пен ар-ұяттың не екенін үйретуі керек. Біз ұрпағымызға бай мұра қалдыруымыз керек десек, ең алдымен олардың жүрегіне ұлттық құндылықтарды егуіміз қажет», – дейді ол. Перизат Ахметовадай ұлттық тәрбиеге жанашыр жандар барда, рухани мұрамыз ұмыт қалмай, ұрпақ санасында жаңғыра беретіні анық.

Перизат Ахметова ұлт болашағы – қыз тәрбиесіне де ерекше мән беру керек дейді. «Қыз ұлттың абыройы. Қыз тәрбиесі түзелмей, ел тәрбиесі түзелмейді. Қызды ибалы, арлы, ұяты бар етіп өсіру әр ананың міндеті», деп атап өтті.

Аида ӨТЕП

Рухани мұра ұрпаққа аманат
2025 жылдың басынан бастап көпбалалы отбасылар мен наградталған аналар 449 млрд теңгеден астам сомас
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу