Шымкенттің мақтанышы – химфарм зауыты

Oinet.kz 21-10-2025 41

Шымкент қаласында орналасқан  «Химфарм» еліміздің ең ірі және тарихы терең фармацевтикалық кәсіпорындарының бірі. 1882 жылы құрылған бұл зауыт ғасырлар бойы дәрі-дәрмек өндірісінің дамуына айтарлықтай үлес қосып келеді. 

Screenshot_38.jpg

Уақыт өте келе өндіріс көлемі мен сапасы артқан кәсіпорын тек қалалық деңгейде емес, республикалық және халықаралық нарықта да танымал болды.

Бүгінде зауытта 840 адам еңбек етеді. Әрбір қызметкер сапалы дәрі-дәрмек шығаруда маңызды буын болып табылады. Өндірістік қуаты таң қалдырарлық: жылына 1,5 миллиард таблетка мен капсула, 200 миллион ампула, 45 миллион флакон антибиотик, 15 миллион флакон антибиотик, сондай-ақ 7 миллион флакон стерильденбеген ерітінді шығара алады. Мұндай көлем «Химфармды» еліміздегі жетекші фармацевтика орталықтарының қатарына қосады.

«Химфарм» тек өндіріс көлемімен емес, сапалы өніммен де ерекшеленеді. Кәсіпорынның миссиясы – халыққа тиімді, қауіпсіз және қолжетімді дәрі-дәрмек жеткізу. Заманауи технологияларды енгізу мен өндіріс қуатын арттыру арқылы зауыт Қазақстан нарығында ғана емес, халықаралық аренада да бәсекеге қабілетті болуға ұмтылуда. Бұл бағыттағы жұмыстар жаңа өндірістік желілерді іске қосу, автоматтандырылған жүйелерді енгізу және өндірістегі сапаны қатаң бақылау арқылы жүзеге асырылуда.

Еске сала кетейік, бірнеше уақыт бұрын Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбеков «Химфарм» ЖШС бас директоры Адам Алексеюкпен кездесті. Кездесу барысында зауыттың қазіргі жағдайы, өндірістік қуатты одан әрі жаңғырту және заманауи технологиялық шешімдерді енгізу мәселелері талқыланды. Сонымен қатар, дәрі-дәрмек бағасын реттеу және халықты сапалы өніммен қамтамасыз ету бағытындағы шаралар да назардан тыс қалмады.

«Бағаны тұрақтандыру және халықты сапалы дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету – басты мақсат. Мемлекет пен бизнестің өзара тұрақты серіктестігі фармацевтика саласын дамытуға жол ашады», – деді қала әкімі. Ғ.Сыздықбеков сондай-ақ ішкі нарықты нығайту және қазақстандық өнімдердің экспорттық әлеуетін арттыру бағытындағы бастамаларды толық қолдайтынын жеткізді.

Қазіргі таңда зауыт тек көлемін арттырып қана қоймай, өндіріс сапасын жетілдіру және жаңа өнім түрлерін шығару жұмыстарын да қарқынды жүргізуде. Заманауи фармацевтикалық стандарттарға сай келетін өндіріс желілері іске қосылып, халықаралық тәжірибеге сәйкес сапа бақылау жүйесі енгізілген. Мұның бәрі халыққа сапалы дәрі-дәрмек жеткізуді қамтамасыз етуге бағытталған.

Шымкентте халықаралық серіктестікке жол ашылды
Шымкент Республика күнін кең көлемде атап өтеді
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу