Шымкентте «Халық заңгері» республикалық акциясы өтті
«Заң мен Тәртіп» тұжырымдамасы аясында халықтың құқықтық сауаттылығын арттыру және азаматтарға тегін заң көмегін көрсету мақсатында ауқымды «Халық заңгері» республикалық акциясы өтті.

Іс-шараға барлық салалық ведомстволардың бірінші басшылары, адвокаттар, заңгерлер және жоғары оқу орындарының студенттері қатысты.
Акция үлкен қоғамдық қызығушылық тудырды — шара барысында 1000-нан астам қала тұрғыны отбасылық, еңбек, жер, азаматтық және әкімшілік заңнама мәселелері бойынша білікті заңгерлік кеңес алды.
Азаматтарға өз құқықтарын қорғау тетіктері, мемлекеттік органдарға жүгіну тәртібі және тегін заң көмегін алу мүмкіндіктері түсіндірілді.
Қала прокуроры Ғабит Мұқанов өз сөзінде атап өтті:
«Ежелгі грек философы Платон айтқандай: «Күшті мемлекет – қорғалған азаматтан басталады!»
Сондықтан бүгін осында барлық мемлекеттік және құқық қорғау органдарының өкілдері әр азаматқа тегін әрі қолжетімді заң көмегін көрсету үшін бір алаңда жиналып отыр».
«Халық заңгері» акциясы өз жұмысын жалғастырып, әрбір азаматқа кәсіби көмек пен өз құқықтарын қорғау мүмкіндігін ұсынатын болады.
Қоғамның тұрақтылығы мен дамуы ең алдымен заңдардың орындалуына, азаматтардың құқықтық мәдениетіне және құқық қорғау жүйесінің тиімділігіне байланысты. Осы тұрғыда «Заң мен Тәртіп» тұжырымдамасының негізгі мақсаты – қауіпсіз, әділетті және жауапкершілігі жоғары қоғам қалыптастыру. Бұл бағыттағы ең маңызды міндеттердің бірі – халықтың құқықтық сауаттылығын арттыру және азаматтарға қолжетімді, тегін заң көмегін көрсету ісін жүйелі жолға қою.
Құқықтық сауаттылық – кез келген азаматтың өзінің құқықтары мен міндеттерін дұрыс түсінуіне, заң талаптарын сақтауға және қажет жағдайда заңды тәсілмен қорғана алуына мүмкіндік беретін басты құрал. Құқықтық білім деңгейі төмен қоғамда құқықбұзушылықтың жиілеуі, алаяқтықтың артуы, азаматтардың құқықтары мен мүдделерінің аяқасты болуы секілді түйткілдер орын алады. Сондықтан құқықтық мәдениетті бала жасынан қалыптастыру, оқу орындарында, еңбек ұжымдарында, қоғамның түрлі ортада құқықтық түсіндіру жұмыстарын күшейту – аталған тұжырымдаманың маңызды бөлігі. Бұл тек ақпараттық науқан ғана емес, азаматтық жауапкершілікті арттыратын, заңға құрмет сезімін қалыптастыратын жүйелі тәрбие.


