Қазақстан экономикасының өсуі: Cаннан – сапаға қарай
2025 жылы Қазақстан экономикасы сенімді өсім көрсетуде — ЖІӨ 6,3%-ға артты. Бірақ экономикалық көрсеткіштер ең алдымен адамдардың күнделікті өміріне қалай әсер ететінімен маңызды.

Соңғы жылдары еліміз айтарлықтай жанданды. Ішкі туризм 40%-ға өсіп, 10,5 миллион адамға жетті. Шетелге шыққан қазақстандықтардың саны үш есеге артты. Авиа және такси тасымалы да көбейді: таксимен жүрген жолаушылар саны 2018 жылғы 54,3 миллионнан 2024 жылы 73,3 миллионға дейін өскен – бұл 35% өсім.
Азаматтардың әл-ауқатының артуы тұрғын үй нарығында да байқалады: 2020–2024 жылдары 1,1 миллионнан астам адам өз баспанасына ие болды. Бұл – табыстың өсуі мен еркіндіктің көрсеткіші.
Қазақстандықтардың өмір сапасы да жақсарып келеді: тамақтану мәдениеті өзгеріп, ет пен жеміс-жидек тұтыну артты. Әлеуметтік осал топтарға арналған азық-түлік себеті 20 позициядан 43-ке дейін кеңейді.
Қалалар мен ауылдарда газ тарту, жарықтандыру, жол жөндеу, аулаларды абаттандыру жұмыстары күшейді. Мұның бәрі – жаңа сапалы өмірдің іргетасы.
Экономикалық өсім – мақсат емес, құрал. Бастысы – сол өсім әр отбасының тұрмысында, әр адамның мүмкіндігінде сезілетіндей болуы. Қазақстанның жаңа кезеңі – сандық өсімнен сапалы дамуға бет алу кезеңі.
Қазақстан тәуелсіздік жылдарында экономикалық өсудің айтарлықтай қарқынын көрсетті. Табиғи ресурстарға негізделген өндіріс, инвестициялық тартымдылық және инфрақұрылымдық жобалар елдің экономикалық әлеуетін бірнеше есе арттырды. Алайда қазіргі кезеңде әлемдік экономика жаңа талаптар қойып отыр: бұрынғыдай тек өндіріс көлемін ұлғайту жеткіліксіз, басты мақсат – экономика құрылымын сапалық тұрғыдан жаңғырту. Осыған байланысты «саннан – сапаға қарай» ұстанымы Қазақстанның ұзақ мерзімді даму бағытының негізіне айналып отыр.
Сандық өсудің кезеңі ел экономикасын белгілі бір деңгейге жеткізгенімен, оның тұрақтылығын қамтамасыз ете алмайды. Шикізатқа тәуелділік, экспорт құрылымының біржақтылығы, еңбек өнімділігінің салыстырмалы түрде төмен болуы жаңа модельге көшудің қажеттілігін айқын көрсетеді. Сондықтан сапалық өзгерістер ең алдымен экономиканы әртараптандырудан бастау алады. Инновацияға, жоғары технологияға, өңдеу өнеркәсібіне және адами капиталға негізделген экономикалық жүйе ғана жаһандық бәсекеге төтеп бере алады.


