Инженерлік инфрақұрылым жаңғырып, тұрғындардың өмір сапасы артып келеді

Oinet.kz 18-11-2025 3

Шымкент қаласы соңғы жылдары әлеуметтік-экономикалық дамудың жаңа сатысына көтерілді. Құрылыс қарқыны, жаңа тұрғын аудандардың көбеюі, халық санының өсуі – бәрі инженерлік инфрақұрылымды жаңғыртуды талап етеді. 

Screenshot_23.jpg

Бұл бағытта атқарылып жатқан жұмыстар қаланың болашақтағы тұрақты дамуының іргетасы болмақ.

Мегаполисте ауыз су мәселесі біртіндеп толық шешімін тауып келеді. 2024 жылы атқарылған жұмыстардың нәтижесінде ауыз сумен қамту деңгейі 99,5% жеткені – Шымкент үшін үлкен көрсеткіш.

Қала аумағында 7 мың шақырымнан аса су құбыры желісі бар. Су көздерінің тәуліктік қуаты – 460 000 м³, ал қала тұрғындарының орташа тұтынуы – 145 000 м³. Бұл алдағы демографиялық өсімге де жеткілікті резерв бар екенін көрсетеді.

Су жүйелерінің шамамен 56,5%-ы «Су ресурстары-Маркетинг» ЖШС теңгерімінде, бұл аймақта тозу деңгейі жоғары. Сондықтан жүйелерді кезең-кезеңімен жаңарту маңызды.

Құрсай шағынауданындағы су жүйелерінің құрылысы 2021 жылдан бері жүргізіліп, бүгінде 98% аяқталған. Халық саны – 23 мыңнан асады. Жоба құны – 5,1 млрд теңге. 2025 жылы толық пайдалануға беріледі.

Сондай-ақ 2024 жылы Сайрам, Бозарық, Қайтпас аудандарындағы жобалар аяқталып, 27 мың тұрғын орталықтандырылған су жүйесіне қосылуға мүмкіндік алды.

Шымшаһар аумағының кеңеюіне байланысты жаңа 7 елді мекенде инженерлік коммуникация жүргізу жоспары бекітілген. Бұл – тұрғын үй құрылысы қарқынды жүріп жатқан аймақтарда әлеуметтік инфрақұрылымды уақытылы қамтамасыз етуге арналған кешенді шара.

Текесу және Айкөл шағынаудандарында бұрғыланған ұңғымалардан сапасыз су шығуына байланысты балама шешімдер табылды. Текесуде демеушілік есебінен 14 км магистралдық құбыр тартылып, мәселе түбегейлі шешілді.

Айкөлде Құрсай жобасы толық аяқталғанша, ауыз су аптасына 3 рет көлікпен жеткізіледі. Бұл да уақытша қиындықты еңсеруге жасалған қолдау.

Қала тұрғындарының өмір сапасын арттырудағы ең маңызды бағыттардың бірі — кәріз жүйесін дамыту. 2024 жылы бұл салада да айтарлықтай жетістіктер байқалды.

Қалада 10 ірі жоба бойынша құрылыс жұмыстары жүргізіліп, оның 4-і толық аяқталды.

Әсіресе, Тұраннан КОС-қа дейінгі магистральдық кәріз коллекторының іске қосылуы – 120 мыңнан астам тұрғынды қамтитын стратегиялық жоба.

Қамту көрсеткіші 65%-дан 70%-ға дейін өсті.

Мегаполисте 8 нысанның құрылысы жалғасады. Шымсити коллекторы, Мирас–Шапағат-2, Достық, Айқап–Түркістан, Базарқақпа бағытындағы жұмыстар қаланың солтүстік және батыс бөліктерін қамтиды.

Базарқақпа тұрғын алабында құрылыс биыл басталып, республикалық бюджеттен қаржы бөлінді.

«Су ресурстары-Маркетинг» ЖШС 2025–2026 жылдары 23,5 км кәріз құбырын ауыстыруды жоспарлап отыр. Осылайша тозу деңгейі 73%-дан 71%-ға дейін төмендейді.

Шымкент – еліміздегі ең жылдам дамып келе жатқан қалалардың бірі. Халық саны жыл сайын көбейіп, жаңа аудан, жаңа баспана, жаңа көшелер бой көтеруде.

Осы даму қарқынына сай су және кәріз желілерін тарту, құбырларды жаңарту, жаңа станциялар салу – тек техникалық мәселе ғана емес, елді мекендердің дамуы мен тұрғындардың денсаулығына қатысты стратегиялық міндет.

2025–2027 жылдары іске асатын жобалар Шымкенттің коммуналдық инфрақұрылымын жаңа деңгейге көтеріп, мегаполистің өмір сапасын жақсартуға ықпал етпек.

Шымкенттегі ауыз су және кәріз жүйелері: Қамту көрсеткіші 99,5%-ға жетіп, жаңа жобалар қарқын алды
Шымкенттің электр энергиясымен қамтылуы: 81 елді мекен толық қуат алады
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу