Шымкенттегі кәріз жүйесін жаңарту қарқыны артып келеді

Oinet.kz 21-11-2025 10

Шымкент қаласының қарқынды дамуы инженерлік инфрақұрылымның сапалы болуын талап ететіні белгілі. Мамандардың айтуынша, мегаполистегі 81 шағын ауданның 26-сы ғана кәріз жүйесіне қосылған, ал 55 шағын ауданда мұндай мүмкіндік әзірге жоқ. Қала аумағында жалпы ұзындығы 1 220 шақырымды құрайтын кәріз құбырлары бар екен. 

Screenshot_26.jpg

Оның 750 шақырымы «Су құбыры және канализация басқармасы» мекемесінің теңгерімінде болса, 470 шақырымы «Су ресурстары–Маркетинг» ЖШС-на тиесілі. Соңғысының тозу деңгейі 73 пайыздан асатынын сала мамандары жасырмайды. Ал қолданыстағы кәріз-сорғы имараты тәулігіне 150 мың текше метр қалдық суды қабылдай алады. Бұл – бүгінгі қала халқының орташа шығару көлемі саналатын 135 мың текше метрден сәл жоғары көрсеткіш.

2024 жылы жоспарланған 10 нысанның ішінде екі магистралды коллектор мен сегіз ішкі орамдық жүйенің құрылысы жүргізілген. Жыл соңына қарай аталған жұмыстардың төртеуі толық аяқталып, оның бірі – Тұраннан КОС-қа дейінгі магистралды коллектор – алты елді мекенді қамтып, шамамен 120 мың тұрғынды кәріз жүйесіне қосуға мүмкіндік бермек. Сондай-ақ Нұртас пен Қайтпас-1 және Солтүстік-Батыс шағын аудандарындағы ішкі жүйелер де абоненттерді қосуға дайын болған. Мамандардың айтуынша, осы жұмыстардың нәтижесінде кәрізбен қамту деңгейі 65 пайыздан 70 пайызға дейін өскен.

Алдағы 2025–2026 жылдары сегіз нысанның құрылысы жалғасады деп жоспарлануда. Олардың ішінде Шымсити бағытындағы магистралды коллектордың қазу жұмыстары басталып та кеткен. Мирас–Шапағат-2, Тұран, Айқап–Түркістан, Достық және Базарқақпа тұрғын алаптарында да ішкі жүйелерді жүргізу жұмыстары қатар жүріп жатыр. Әсіресе, Базарқақпаға қатысты жобаға республикалық бюджеттен қаржы бөлініп, тиісті мемлекеттік сатып алу конкурстары өтіп, «Су Жоба Құрылыс» компаниясы мердігер ретінде анықталған. Сонымен бірге Қазыбек би, Орынбай ақын, Тәжібаев және Қастеев көшелеріне қатысты жобалау-сметалық құжаттар әзірленіп, олардың құрылысы 2026–2027 жылдарға жоспарланып отыр.

Сала мамандары кәріз құбырларының тозу мәселесіне де ерекше тоқталды. «Су ресурстары–Маркетинг» ЖШС 2025–2026 жылдары 23,5 шақырым тозған желіні ауыстыруды көздеп отыр. Соның 13,5 шақырымы 2025 жылы, ал 9,4 шақырымы 2026 жылдың бірінші жартысында жаңартылады. Нәтижесінде компания желілерінің тозу деңгейі 73,52 пайыздан 71,25 пайызға төмендейді деп күтілуде.

Жалпы, Шымкентте кәріз жүйесін кезең-кезеңімен жаңарту қаланың қарқынды өсуіне сәйкес атқарылып жатқан маңызды жұмыстың бірі болып отыр. Мамандардың айтуынша, алдағы жылдары жүзеге асатын жобалар мегаполистегі коммуналдық инфрақұрылымды айтарлықтай жақсартып, жаңа шағынаудандарды жүйеге қосуға мүмкіндік береді.

Шымкенттің энергетикалық инфрақұрылымы: Жаңа қосалқы станциялар мен желілер
Инженерлік инфрақұрылымның жаңаруы – қауіпсіз қаланың кепілі
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу