«Ақжар» қосалқы станциясының құрылысы – сапалы электр қуатын қамтамасыз етудің маңызды жобасы

Oinet.kz 21-11-2025 11

Шымкент қаласының оңтүстік бөлігін сапалы электр қуатымен қамтамасыз етуге бағытталған «Ақжар» 110/35/10 кВ қосалқы станциясының құрылысы 2019 жылы басталған және бүгінгі таңда 99%-ға орындалды. 

Screenshot_28.jpg

Жобаның жалпы құны 6 537,2 млн теңге, оның ішінде 6 237,2 млн теңге игерілген. Мамандардың айтуынша, нысан іске қосылғанда Құрсай шағын ауданындағы 13 мыңға жуық тұрғын жаңа қуат көзін пайдалана алады. Болашақта Бас жоспарға сәйкес жаңа шағын аудандардағы 50 мыңға жуық тұрғын сапалы электрмен қамтылмақ.

– Алайда жобаның орындалуында бірқатар қиындықтар кездесті. 2022 жылы 110 кВ электр желісінің өту жолындағы үш жер телімі бойынша меншік иелері мемлекет мұқтаждығына алу бағасын қабылдамай, сотқа жүгінген. 2023 жылы наурыз айында тараптар келісіп, ортақ шешімге келген. Сол жылы тартылған 7,5 км кабель ұрланған, бұл мәселе мердігер мекеме арызы бойынша қылмыстық іс ретінде қаралып, жауапты тұлғалар сотталды. Кабельді қалпына келтіру жұмыстары үшін қала әкімдігі мердігерге өз қаражаты есебінен талап қойып, 2 км кабель нысан басына жеткізіліп қайта орнатылды, қалған 5,5 км кабельдің жеткізілуі 2025 жылдың наурыз айында аяқталуы жоспарланған. Форс-мажор жағдайына байланысты шарттық міндеттемелердің орындалу мерзімі 2025 жылдың 31 қыркүйегіне дейін ұзартылды, – Шымкент қаласының энергетика және инфрақұрылымды дамыту басқармасы басшысы Рзабек Меңдіқұлов. 

Қазіргі таңда қосалқы станцияда күзеттік кернеу қосылған және нысан қабылдауға қажетті құжаттар дайындалуда. Дегенмен, толық қуаттылық 2025 жылдың желтоқсан айында беріледі. Себебі, «Қазығұрт 220/110/6 кВ қосалқы станциясының» жүктемесі жоғары болғандықтан, Энергетика басқармасы тарапынан Ақжар ҚС үшін 125 МВА қуатты үшінші автотрансформатор орнатылуда. Осы автотрансформатордың қосылуымен нысан толық қуатқа шығып, қала тұрғындары үшін сенімді әрі тұрақты электр қуатын қамтамасыз етеді.

Мамандардың пікірінше, бұл жоба Шымкенттің энергетикалық тұрақтылығын арттыруда стратегиялық маңызды болып табылады. Құрылыстың сапалы орындалуы қаланың оңтүстік бөлігіндегі тұрғындардың өмір сапасын жақсартып, жаңа шағын аудандардың дамуына жаңа серпін береді.

Инженерлік инфрақұрылымның жаңаруы – қауіпсіз қаланың кепілі
Табиғи газбен қамту деңгейі артып келеді
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу