ҰҚШҰ Ұжымдық қауіпсіздік кеңесінің кеңейтілген құрамдағы отырысы өтті

Oinet.kz 27-11-2025 137

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ресми делегация мүшелерімен бірге ҰҚШҰ Ұжымдық қауіпсіздік кеңесінің кеңейтілген құрамдағы отырысына қатысты.

Screenshot_1.jpg

Қазақстан, Беларусь, Қырғызстан, Ресей және Тәжікстан көшбасшылары Ұйымға мүше елдердің ұжымдық қауіпсіздігін қамтамасыз етудің өзекті мәселелерін қарастырып, биылғы ҰҚШҰ жұмысының негізгі бағыттарын қорытындылады. Сондай-ақ алдағы кезеңге арналған басымдықтарды анықтады.

Президенттер ҰҚШҰ Бас хатшысы лауазымындағы қызметін аяқтап жатқан Иманғали Тасмағамбетовке алғыс айтты.

Жиын барысында 2026 жылғы 1 қаңтардан бастап ҰҚШҰ Бас хатшысы қызметіне үш жыл мерзімге Қырғыз Республикасының өкілі Таалатбек Масадыковты тағайындау туралы шешім бекітілді.

Отырыс қорытындысы бойынша Ұжымдық қауіпсіздік кеңесінің декларациясы қабылданды. Сондай-ақ Ұйымға мүше мемлекеттердің мүддесіне сай ұжымдық қауіпсіздік жүйесін жан-жақты жетілдіруге бағытталған бірқатар құжатқа қол қойылды.

Айта кетейік, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың ресми делегация мүшелерімен бірге Ұжымдық қауіпсіздік шарт ұйымы (ҰҚШҰ) Ұжымдық қауіпсіздік кеңесінің кеңейтілген құрамдағы отырысына қатысуы – еліміздің сыртқы саясаты мен қауіпсіздік стратегиясының маңызды кезеңі болып табылады. Бұл іс-шара Қазақстанның аймақтық және жаһандық қауіпсіздік жүйесіндегі орнын нығайтуға, халықаралық серіктестікті кеңейтуге және мемлекетаралық диалогты тереңдетуге мүмкіндік береді.

Себебі,  ҰҚШҰ – Қазақстан үшін сенімді қауіпсіздік кепілі болып табылатын өңірлік интеграциялық бірлестік. Оның басты міндеті – мүшелерінің аумағын сыртқы және ішкі қауіп-қатерлерден қорғау, терроризммен, экстремизммен, заңсыз қару айналымымен күресу. Осы ұйым шеңберіндегі ынтымақтастық Қазақстанның ұлттық қауіпсіздігін қамтамасыз етуге тікелей әсер етеді. Мемлекет басшысының ҰҚШҰ отырысына қатысуы Қазақстанның бұл бағыттағы ұстанымын ашық көрсету, ұйым ішіндегі сенім мен диалогты нығайту үшін аса маңызды.

Сонымен қатар, Қасым-Жомарт Тоқаевтың делегациямен бірге қатысуы Қазақстанның халықаралық аренадағы беделін арттырады. Бұл Қазақстанның көпвекторлы сыртқы саясатының жалғасуы екенін көрсетеді. 

Бірлік пен келісім жолындағы 30 жыл
Азамат жобасының жартылай финалистері анықталды
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу