Шымкент: Өндіріс пен инновацияның жаңа тынысы
Шымкент қаласы соңғы жылдары индустриялық даму жолында жаңа тыныс алып отыр. Көшелерінде бой көтерген зауыттар мен өндіріс алаңдары қаланы тек сауда орталығы ғана емес, өндіріс пен технологияның шоғырланған аймағына айналдырып жатыр.

Түркияның жетекші ПЭТ-преформа және пластик өнімдері өндірушісі KÖKSAN PET компаниясының инвестициялық жобасы да осы өзгерістің айқын көрінісі.
Жақында қалада компания өкілдерімен кездесулер өтті. Бұл кездесу қала өмірінде ерекше орын алды. Себебі бұл индустриялық даму мен кәсіпкерліктің тоғысуы, жаңа технологияның қаланың экономикасына енуі. Түркияда өз саласында алдыңғы қатарлы KÖKSAN енді Шымкентте «KÖKSAN Kazakhstan» зауытын ашуды жоспарлап отыр. Жобаның негізгі міндеті ПЭТ-преформа және қайта өңделген пластик өндірісін іске қосу, бұл қала индустриясының әлеуетін айтарлықтай арттырады.
Жобаның жалпы құны – 32,7 млрд теңге. Зауыт жылына 80 000 тонна ПЭТ-преформа және 24 000 тонна қайта өңделген пластик (R-PET) өндіреді. Барлық өндіріс процесі халықаралық стандарттарға сай жоғары технологиялық жабдықтар арқылы жүзеге асады. Бұл тек өндіріс көлемін арттыру емес, қаланың экологиясына да оң әсерін тигізеді: пластик қалдықтарын қайта өңдеу қоршаған ортаға зиянды азайтады және қаланың таза келбетін сақтауға үлес қосады.
Жаңа өндіріс орындары іске қосылғанда 135 жаңа жұмыс орны ашылады. Бұл адамдар үшін жаңа мүмкіндік. Жастар мен білікті мамандар өндірісте тәжірибе жинап, тұрақты еңбек табады. Сонымен қатар бұл қалаға жаңа инвесторларды тартуға жол ашады.
Шымкент қаласы индустриялық жобаларды дамытуға ерекше мән беріп отыр. Қала әкімдігі кәсіпкерлерге әрқашан қолдау көрсетуді басты бағыт ретінде белгілеп, инфрақұрылым, кеңес беру және мемлекеттік қолдау құралдары жөнінде толық ақпарат ұсынуда.
Логистикалық жағынан да Шымкент өте ыңғайлы орналасқан. Негізгі тас жолдар мен көлік тораптарына жақындығы шикізат пен дайын өнімді жеткізуді жылдам әрі тиімді етеді. Жаңа зауыттар өзара байланыс орнатып, өндіріс процесінде шығынды азайтуға мүмкіндік береді. Мұндай факторлар қаланың кәсіпкерлікті дамытудағы артықшылықтарының бірі саналады.
KÖKSAN жобасы тек экономикалық тұрғыда пайда әкеліп қана қоймайды. Жаңа зауыт заманауи технологияларды енгізуге жол ашып, өндірістік мәдениетті қалыптастыруға септігін тигізеді. Жергілікті кәсіпкерлер дайын инфрақұрылымды қолдана отырып, өндірісін қысқа мерзімде іске қоса алады.
Сонымен қатар зауыт қаланың әлеуметтік дамуына да үлес қосады. Ашылған жаңа жұмыс орындары тұрғындардың табысын арттырып, өмір сапасын жақсартады. Экологиялық талаптарға сай жұмыс істеуі қаланың таза қалпын сақтап, өндіріс мәдениетін дамытады. Жергілікті өнімдердің саны көбейіп, оларды экспортқа шығару мүмкіндігі артады.


