Цифрлық өркениет және қуатты инфрақұрылым: Қазақстанның жаңа экономикалық бағдары
Ұлттық құрылтайдың бесінші отырысында Мемлекет басшысы Қазақстанның алдағы даму бағытын айқындайтын стратегиялық бастамаларды жариялады.

Президент өз сөзінде цифрландыру, жасанды интеллект және энергетикалық қауіпсіздік мәселелеріне ерекше тоқталып, ел экономикасын жаңа сапалы деңгейге көтерудің нақты жолдарын көрсетті.
Президент атап өткендей, XXI ғасыр – цифрлық технологиялар дәуірі. Қазақстан бұл үдерістен шет қалмай, цифрландыру мен жасанды интеллектіні мемлекеттік басқарудың, экономиканың және әлеуметтік саланың барлық бағытына енгізуді бастады. Бұл – сән қуған ұран емес, нақты нәтижеге бағытталған стратегиялық шешім. Жасанды интеллект басқару тиімділігін арттырып, шешім қабылдау мерзімін қысқартып, еңбек өнімділігін еселейтін негізгі құралға айналмақ.
Мемлекет басшысы білім, ғылым және жоғары технология салаларына қомақты инвестиция салу арқылы адам капиталының сапасын арттыруды басты міндет ретінде белгіледі. Бұл қадам Қазақстанның жаһандық бәсекеге қабілеттілігін күшейтіп, жаңа буынның әлеуетін толық ашуға мүмкіндік береді.
Экономиканың тұрақты дамуы үшін сенімді энергетикалық база қажет. Осыған байланысты Президент көмірді заманауи, экологиялық қауіпсіз технологиялар арқылы пайдалану мәселесін көтеріп, көмір энергетикасына Ұлттық жоба мәртебесін беруді тапсырды. Қазақстанда 33 миллиард тоннаға жуық көмір қоры бар, бұл – елдің стратегиялық артықшылығы. Сонымен қатар жаңа газ кен орындарын игеру, гидроэнергетика әлеуетін тиімді пайдалану және атом энергетикасын дамыту бағытында жүйелі жұмыстар жүргізілмек.
Цифрлық экономиканы қолдайтын инфрақұрылымға да баса назар аударылды. Екібастұз бассейнінің энергетикалық қуатын пайдалана отырып, «Деректерді өңдеу орталығы алқабын» құру бастамасы – Қазақстанды аймақтық цифрлық хабқа айналдыру жолындағы маңызды қадам. Мұндай дата-орталықтар елдің ІТ-инфрақұрылымын нығайтып, халықаралық инвестиция тартуға жол ашады.
Президенттің бұл бастамалары Қазақстанның жаңа экономикалық моделін қалыптастырып, жоғары технологияға негізделген, энергия тиімді әрі бәсекеге қабілетті мемлекет құруға бағытталған. Бұл – ұзақ мерзімді өсім мен тұрақтылықтың берік негізі.


