Жастар экологияны қолдайды: Шымкентте «Таза Қазақстан» акциясы жалғасуда
Шымкент қаласында Мемлекет басшысы бастамашылық еткен «Таза Қазақстан» жалпыұлттық бағдарламасы аясында экологиялық мәдениетті қалыптастыруға бағытталған іс-шаралар жүйелі түрде жалғасуда.

Бұл бағыттағы кездесулер, ағартушылық-танымдық шаралар мен экологиялық сабақтар қаладағы мектептерде, колледждерде және жоғары оқу орындарында ұйымдастырылып, жастардың табиғатты қорғауға деген жауапкершілігін арттыруға ықпал етуде.
Осы мақсатта бүгін Шымкент қаласындағы барлық мектептерде экологиялық сабақтар өткізілді. Солардың бірі қаладағы №24 IT мектеп-лицейінде «Таза қала» тақырыбында өткен ашық тәрбие сабағы болды. 9 «Б» сынып оқушылары қатысқан сабақ барысында қоршаған ортаны қорғау, табиғатты аялау және экологиялық мәдениетті қалыптастырудың маңызы кеңінен түсіндірілді.
Биология пәнінің мұғалімі Динара Орынтаева оқушыларға табиғатты қорғаудың маңызын түсіндіріп, қаланы таза ұстау, тұрмыстық қалдықтарды арнайы орындарға тастау және қоршаған ортаны ластамау мәселелері бойынша пікір алмасу ұйымдастырды. Сабақ барысында Шымкент қаласында жүргізіліп жатқан абаттандыру жұмыстары, тал егу мен көгалдандырудың маңызы туралы бейнероликтер көрсетілді.
Айта кету керек, аталған білім ордасында химия-биология бірлестігінің «Жас экологтар» үйірмесі тұрақты жұмыс істейді. Үйірме аясында оқушылар гүл егіп, оларды күтіп-баптауды үйреніп, экологиялық сауаттылықтарын арттыруға бағытталған түрлі практикалық жұмыстарға қатысады.
Экологиялық мәдениетті насихаттау бағытындағы іс-шаралар қаладағы колледждерде де жалғасын тапты. Осы орайда «Азимед» медициналық колледжінде «Таза Қазақстан – ортақ үйіміз» тақырыбында дөңгелек үстел ұйымдастырылды. Жиынға бірінші курс студенттері қатысып, қоршаған ортаны қорғау мәселелері бойынша пікір алмасты.
Болашақ медицина мамандары үшін қоршаған ортаның тазалығы – тек қоғамдық міндет қана емес, кәсіби қажеттілік. Себебі дәрігерлер мен орта буын медицина қызметкерлері экологияның нашарлауынан туындайтын аллергиялық, тыныс жолдары және жұқпалы аурулардың көбеюімен ең алдымен бетпе-бет келеді. Сондықтан студенттер «Таза Қазақстан» бастамасына қатысуды халық денсаулығын қорғауға бағытталған профилактикалық шаралардың бір бөлігі ретінде қарастырады.
Дөңгелек үстел барысында қатысушылар экологиялық сауаттылық қарапайым күнделікті әдеттерден басталатынын атап өтіп, қаланың экологиялық жағдайын жақсартуға бағытталған нақты ұсыныстарын ортаға салды. Колледждің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің оқытушысы Анар Көшкенбайқызы табиғатты қорғау мәселесі бүгінгі күні бүкіл әлем үшін өзекті екенін айтып, экологиялық мәдениетті қалыптастырудың маңыздылығына тоқталды.
Сонымен қатар экологиялық бастамаларды қолдау мақсатында Аймақтық инновациялық университетте де студенттермен кездесу ұйымдастырылды. Жиынға қоғам белсенділері мен жастар ұйымдарының өкілдері қатысып, волонтерлік қозғалыстың қоғамдағы рөлі мен жастардың қоғамдық белсенділігін арттыру мәселелері талқыланды.
Кездесуге «ASAA» жастар ұйымының төрағасы, UNICEF-тің оңтүстік өңір бойынша координаторы Данара Саранова арнайы қонақ ретінде шақырылып, ұйымның жүзеге асырып жатқан әлеуметтік және экологиялық жобалары туралы баяндады. Оның айтуынша, ұйым 2011 жылдан бері еліміздің әр өңірінде жүздеген қоғамдық бастамаларды жүзеге асырып келеді.
Жиында Аймақтық инновациялық университеттің инженерлік-техникалық факультетінің деканы Ильяс Икрамов та сөз сөйлеп, табиғатты қорғау тек мемлекеттік органдардың ғана емес, әр азаматтың ортақ міндеті екенін атап өтті. Әсіресе жастардың бұл бағыттағы белсенділігі қоғамда экологиялық мәдениетті қалыптастыруға үлкен ықпал ететінін жеткізді.
Іс-шаралар барысында студенттер мен оқушылар экология мәселелері бойынша өз пікірлерін білдіріп, табиғатты қорғауға бағытталған бастамаларға белсенді қатысуға дайын екендерін айтты. Ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай кездесулер жастардың туған қалаға деген жанашырлық сезімін арттырып, қоршаған ортаны қорғау мәдениетін қалыптастыруға мүмкіндік береді.
Осылайша, Шымкент қаласында «Таза Қазақстан» бағдарламасы аясында ұйымдастырылып жатқан іс-шаралар жастардың экологиялық санасын қалыптастырып, табиғатты қорғау ісіне қоғамның барлық мүшесін тартуға бағытталған маңызды бастамаға айналып отыр.


