2027 жылы Қазақстанда киберспорттан әлем чемпионаты өтеді (IESF World Esports Championship 2027)
Бүгін Орталық Азиядағы спорт ғылымы мен жоғары білікті мамандар даярлау бағытындағы ең ірі білім беру жобаларының бірі – Қазақ ұлттық спорт университетінің ресми ашылу рәсімі аясында Астанада 2027 жылғы киберспорттан әлем чемпионатын (IESF World Esports Championship 2027) өткізу туралы келісімге қол қойылды.

Салтанатты рәсімнің басты оқиғаларының бірі – Қазақстан Республикасы Туризм және спорт министрлігі, Халықаралық киберспорт федерациясы (IESF) және Қазақстан киберспорт федерациясы арасында үшжақты меморандумға қол қойылуы болды. Бұл құжат халықаралық киберспортты дамытуға және әлем чемпионатын Қазақстанда өткізуге бағытталған тараптардың стратегиялық әріптестігін жаңа деңгейге көтереді.
Сонымен қатар, Қазақ ұлттық спорт университеті мен Халықаралық киберспорт федерациясы (IESF) арасында ынтымақтастық туралы келісім жасалды. Аталған құжат мамандарды бірлесіп даярлауға, білім беру бағдарламаларын жетілдіруге, ғылыми зерттеулер жүргізуге және киберспорт саласындағы халықаралық жобаларды жүзеге асыруға кең мүмкіндік береді.
2027 жылғы киберспорттан әлем чемпионаты Қазақстанда өтетін цифрлық спорт саласындағы ең ірі халықаралық жарыстардың біріне айналмақ. Чемпионатқа әлемнің ондаған елінен ұлттық құрамалар, киберспорт индустриясының жетекші өкілдері, халықаралық спорт федерациялары, білім және ғылым саласының мамандары мен технологиялық компаниялардың өкілдері қатысады.
«2027 жылғы киберспорттан әлем чемпионатын Астанада өткізу туралы келісімге қол қойылуы – Қазақстан үшін ғана емес, бүкіл әлемдік киберспорт қауымдастығы үшін маңызды оқиға. Біз Қазақстанның білім беру жүйесін дамытуға, инновацияларды қолдауға және халықаралық ынтымақтастықты нығайтуға бағытталған ұстанымын жоғары бағалаймыз. Қазақстан бұл әлем чемпионатын жоғары деңгейде өткізіп, болашақ спортшылар мен сала мамандары үшін құнды мұра қалдырады деп сенемін», – деді Халықаралық киберспорт федерациясының (IESF) президенті Влад Маринеску.
Әріптестікті нығайта түсетін маңызды жайттардың бірі – Қазақ ұлттық спорт университетінің құрылтайшысы Нұрасыл Медеудің Халықаралық киберспорт федерациясы (IESF) департаментінің директоры қызметін атқаруы. Бұл университет пен киберспорт саласындағы жетекші халықаралық ұйымдардың бірі арасындағы өзара байланысты одан әрі күшейтуге ықпал етеді. Мұндай институционалдық ынтымақтастық бірлескен білім беру бастамаларын, академиялық алмасу бағдарламаларын, ғылыми зерттеулер мен халықаралық жобаларды жүзеге асыруға мүмкіндік беріп, Қазақстанда киберспорт саласындағы заманауи құзыреттер орталығын қалыптастыруға негіз қалайды.
Қол қойылған келісімдер Қазақстанның спорт, білім беру және цифрлық технологиялар салаларындағы халықаралық беделін нығайтуға бағытталған стратегиялық бағытын айқындай түседі. Ал 2027 жылғы киберспорттан әлем чемпионатын өткізу еліміздің жаһандық киберспорт кеңістігіндегі орнын күшейтіп, халықаралық ынтымақтастықты жаңа деңгейге көтеретін маңызды белес болмақ.


