Медициналық-әлеуметтік сараптама жүргізу тәртібі: өзекті мәселелер мен түсіндірмелер
Медициналық-әлеуметтік сараптама (МӘС) – азаматтардың ағза функцияларының тұрақты бұзылуы салдарынан тіршілік әрекетінің шектелу дәрежесін бағалау, мүгедектік тобын белгілеу, еңбекке қабілеттілігін жоғалту дәрежесін айқындау және оңалтудың жеке бағдарламасын әзірлеу мақсатында жүргізілетін мемлекеттік қызмет.

МӘС-ке жолдауды азамат тіркелген медициналық ұйымның дәрігерлік-консультациялық комиссиясы (ДКК) қорытындысының негізінде электрондық форматта рәсімдейді. Сараптама медициналық құжаттар мен қолданыстағы нормативтік құқықтық актілердің талаптарына сәйкес жүргізіледі.
Қазіргі таңда медициналық-әлеуметтік сараптама саласында азаматтар тарапынан жиі көтерілетін бірқатар өзекті мәселелер бар.
Ең алдымен, көптеген азаматтар мүгедектік диагноздың болуына байланысты автоматты түрде белгіленеді деп есептейді. Алайда қолданыстағы заңнамаға сәйкес мүгедектік диагнозға емес, ағза қызметінің тұрақты бұзылу деңгейіне және соның салдарынан туындаған тіршілік әрекетінің шектелу дәрежесіне қарай белгіленеді.
Келесі өзекті мәселе – медициналық ұйымдардан ұсынылатын құжаттардың толық болмауы. Кейбір жағдайларда жолдамаға қажетті зерттеу нәтижелері, бейінді мамандардың қорытындылары немесе басқа да медициналық мәліметтер толық енгізілмейді. Бұл өз кезегінде сараптама жүргізу мерзіміне әсер етуі мүмкін.
Сондай-ақ сырттай проактивті куәландыру рәсіміне қатысты қате түсініктер де кездеседі. Бұл қызмет барлық азаматтарға бірдей қолданылмайды. Сырттай куәландыру тек қолданыстағы нормативтік құқықтық актілерде көзделген белгілі бір аурулар мен медициналық көрсеткіштер болған жағдайда ғана жүзеге асырылады.
Тағы бір маңызды мәселе – қайта куәландыру мерзімдерін сақтау. Белгіленген мерзімде қайта куәландырудан өтпеу мемлекеттік әлеуметтік төлемдер мен өзге де әлеуметтік қолдау шараларының уақытылы рәсімделуіне кері әсер етуі мүмкін.
Сонымен қатар әлеуметтік желілерде және бейресми ақпарат көздерінде медициналық-әлеуметтік сараптамаға қатысты шындыққа сәйкес келмейтін ақпараттар таралып жатады. Мұндай ақпараттар азаматтардың жаңсақ пікір қалыптастыруына себеп болуы мүмкін. Сондықтан МӘС мәселелері бойынша тек ресми ақпарат көздеріне және уәкілетті мемлекеттік органдардың түсіндірмелеріне сүйену маңызды.
Осыған байланысты Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Халықты әлеуметтік қорғау саласындағы реттеу және бақылау комитетінің Шымкент қаласы бойынша департаменті бұқаралық ақпарат құралдары мен әлеуметтік желілерде ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын тұрақты түрде жүргізіп келеді. Жарияланымдар арқылы медициналық-әлеуметтік сараптаманы жүргізу тәртібі, мемлекеттік қызмет көрсету қағидалары, азаматтардың құқықтары мен міндеттері, сондай-ақ жиі қойылатын сұрақтарға жан-жақты түсіндірмелер беріледі.
Ақпараттық-түсіндіру жұмыстарының негізгі мақсаты – халықтың құқықтық сауаттылығын арттыру, мемлекеттік қызметтердің ашықтығы мен қолжетімділігін қамтамасыз ету, сондай-ақ медициналық-әлеуметтік сараптама саласына қатысты туындайтын сұрақтардың алдын алу.
Жұлдыз Әлімбаева
МӘС әдіснама және бақылау бөлімінің бас маманы


