Ауыл руханиятының ордасы

Oinet.kz 11-10-2026

Ауыл — мәдениеттің бастауы. Ауылдың өнері — халықтың қазынасы.Ақбұлақ ауылының мәдени өмірінде ерекше серпіліс басталды. 

94195.jpg

2024 жылы Ақбұлақ ауылдық мәдениет үйі жаңа ғимаратқа көшіп, содан бері ауыл мәдениетін көтеру жолында қарқынды, жүйелі жұмыстар атқарып келеді. Жаңа ғимарат — жаңа тыныс, жаңа идея, жаңа жетістіктерге жол ашты.Бүгінде мәдениет үйі — ауыл тұрғындарының рухани демалып, өнерін шыңдайтын, бас қосатын ең сүйікті орнына айналды. 

Мәдениет үйінің жұмысының жандануына, әрбір іс-шараның жоғары деңгейде өтуіне тікелей себепші болған жан — мәдениет үйінің көркемдік жетекшісі Керімов Асанәлі Исламбекұлы. Асанәлі Исламбекұлының басшылығымен, ұйымдастырушылық қабілетінің арқасында ауылдағы өнерлі жандар түгенделіп, олардың басын қосып, бірнеше өнер ұжымдары құрылды. Бұл игі істің жүзеге асуына мәдениет үйінің мәдени іс-шара ұйымдастырушылары Кантаева Назым мен Үсенов Қанағат зор үлес қосып келеді. Олар аталған өнер топтарының жұмысын үйлестіріп, кестесін жасап, репертуарын таңдап, жыл бойы өткізілетін барлық мәдени көпшілік іс-шараларды ұйымдастырып жүрген шығармашыл, жауапты мамандар. Ауыл өнерінің шырайын келтірген өнер ұжымдары Ақбұлақ ауылдық мәдениет үйі жанында бүгінде 6 өнер ұжымы тұрақты жұмыс істейді. Олардың әрқайсысы — ауыл мақтанышы.

«Ару әжелер» және «Ару аналар» топтары — ұлттың алтын көпірі. Бұл екі топ — мәдениет үйінің жүрегі, ауылдың рухани тірегі.Ақ жаулығы желбіреген, әсем әнімен, салмақты сөзімен, ақ батасымен ел жүрегіне жол тапқан өнер иелері. Олар — жай ғана ән айтатын ансамбль емес. Бұл — көшпелі қазақтың көне тарихы мен бүгінгі ұрпақтың арасын жалғап тұрған алтын көпір, бұл — ұлы мектеп, бұл — тәрбие ошағы.Топ мүшелері ұлттық құндылықтарымызды ұлықтап, салт-дәстүрімізді дәріптеп, кейінгі жас ұрпаққа насихаттауды басты мақсат еткен. Наурыз тойында — наурыз көженің мәнін, беташарда — келіннің орнын, бесікке салуда — бесік жырының киесін, тұсаукесерде — ала жіптің сырын түсіндіріп, сахнада көрініс ретінде көрсетіп жүр. Қай іс-шара болсын, «Ару әжелер» мен «Ару аналар» қатыспаған шара кемде-кем.

 «Сән» және «Сақ» домбыра үйірмелері — күйдің күмбірі. «Сән» және «Сақ» домбыра үйірмелері 2025 жылы Ақбұлақ ауылдық мәдениет үйі жанынан арнайы ашылып, кесте бойынша жүйелі жұмыс атқарып келеді. Екі үйірменің де қатысушылары аз уақыттың ішінде көптеген күй шығармаларын меңгеріп үлгерді. Құрманғазының «Адай», «Сарыарқа», «Балбырауын», Тәттімбеттің «Саржайлау», Динаның күйлері олардың репертуарынан орын алған. Бүгінде домбырашылар ауылдық, аудандық мәдени іс-шаралардың сәнін келтіріп жүр. Одан бөлек, облыстық, республикалық, тіпті халықаралық байқауларға қатысып, өз өнерлерін көрсетіп, жүлделі орындарды иеленіп, жеңімпаз атанып, Ақбұлақ ауылының атын облысқа танытып жүр. Домбыралы бала — тәрбиелі бала деген ұстаным осы үйірмелерден көрініс тапқан.

«Айназ» сурет үйірмесі — қылқалам шеберлері. Сурет салуға қызығатын ауыл балаларын өнерге баулып, таланттарын шыңдап келе жатқан тағы бір ұжым — «Айназ» сурет үйірмесі. Балалардың қиялынан туған туындылар мәдениет үйінің фойесіндегі көрмелерге қойылып, көпшіліктің көңілінен шығуда. Туған жер, табиғат, ұлттық салт-дәстүр тақырыбында салған суреттері ерекше бағаланады. Бұл үйірменің қатысушылары да аудандық, облыстық байқауларға қатысып, жүлделі орындарды иеленіп жүр.

«Айназ» би үйірмесі — сахнаның сәні. «Айназ» би үйірмесі қаншама ауыл қыздарын би өнеріне баулып, би құдіретін сезіндіріп, сахнаға бейімдеп келеді. Қазақ биі, заманауи би, халық билерін шебер меңгерген биші қыздар ауылда өткен әрбір іс-шарадан бастап, аудандық сахналардағы үлкен концерттерге дейін өнер көрсетіп, көпшіліктің ыстық ықыласына бөленуде. Бұл би тобы да көптеген облыстық, республикалық, халықаралық байқауларға қатысып, жүлделі орындарға ие болған, өнерімен дараланған топ.

Осылайша, Ақбұлақ ауылдық мәдениет үйі қысқа уақыт ішінде ауыл жастары мен үлкендерінің басын қосқан үлкен шығармашылық орталыққа айналды. Мұнда әр адам өз өнерін көрсете алады, өз талантын шыңдай алады.  Біздің мақсат — ауылдағы өнерпаздарды таныту, мәдениеттің дамуына, ауыл өнерінің шарықтауына өзіндік үлесімізді қосу. Ақбұлақ ауылдық мәдениет үйінің ұжымы алдағы уақытта да ауыл мәдениетін көтеру жолында аянбай еңбек ете бермек. Өнері өрге жүзген Ақбұлақ ауылы жасай берсін!

Ақбұлақ ауылдық мәдениет үйінің 

мәдени іс-шара ұйымдастырушысы 

Кантаева Назым Әсетбекқызы

Токаев в Туркменистане прямо заявил, что в регионе больше 200 инициатив, а выполнена лишь малая част
Айдарға кіру
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу