Дархан Қыдырәлі: «Тарихты танудың түпкі мұраты – келешектің иесі болатын сана қалыптастыру»
Ұлттық академиялық кітапханада «Egemen Qazaqstan» газетінің ұйымдастыруымен өткен «Санаткер ұлт» пікір алмасу алаңының екінші отырысында тарих ғылымдарының докторы Дархан Қыдырәлі тарихи оптимизм, ұлттық сана және тарихи жадыны жасампаз күшке айналдыру мәселелеріне тоқталды.

«Тарихи оптимизм: жапа шеккен ұлт синдромынан арылу» тақырыбына арналған жиында ғалым өткеннің қасіретін мойындау мен оған байланып қалудың ара-жігін ажыратып, тарихи әділеттілікке ғылыми таным мен сындарлы көзқарас арқылы жетудің маңызын атап өтті.
Дархан Қыдырәлі сөзін «Egemen Qazaqstan» газетінің қоғамдық маңызы бар бастамаларына тоқталудан бастады. Оның айтуынша, тарихты оптимистік тұрғыдан пайымдау – жай ғана өткенге оң көзқарас таныту емес, ұлттың жаңа болмысын қалыптастырып, қоғамдық санаға серпін беретін маңызды тақырып.
– Ел газеті «Egemen Qazaqstan» әр уақытта игі істерге ұйытқы болып жүреді. Бүгін де тарихты оптимистік тұрғыда пайымдау мәселесін қозғап отырғаны қуантады. Шын мәнінде бұл – ұлттың жаңа болмысын, сана-сезімін қалыптастыратын тақырып.
Әлбетте оптимизм мен синдром – екеуі кері ұғымдар. Кез келген синдром ұйық сияқты, одан шығып кету де қиын әрі синдромның соңы көбіне катаклизмдерге соқтыратыны белгілі. Сондықтан қоғам да, адам да кез келген психологиялық, әлеуметтік, саяси синдромдардан арылуға тиіс. Сонда ғана жарқын болашаққа беттейді. Бұл тұрғыда келгенде тарих өткенмен кектесу үшін емес, шындықпен беттесу және болашаққа септесу үшін қажет.
Ұлттық сана – тарихи сана арқылы қалыптасады десек, жалған, жасық тарихи сана арқылы да жаңылыс, жігерсіз сана қалыптасатыны белгілі. Сондықтан тарихты қалай жасағанымыз ғана емес, оны қалай жазатынымыз һәм пайымдауымыз да маңызды.
Тарихи оптимизм – өткенді ұмыту емес, оның ұйығына байланбау, тұтқынына айналмау. Өзін үнемі жапа шеккен ұлт ретінде қабылдау қоғамды тарихи өкпе-ренішке, кінәліні іздеуге, кейде жаңа қайшылықтарға жетелейді. Ал жасампаз ұлт өткеннің қасіретін мойындай отырып, одан тағылым алып, болашаққа сеніммен қарайды. Біздіңше, Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тарихи санаға қатысты ұстанымдарының өзегінде де осы идея жатыр.
Мемлекет басшысы саяси реформалармен бірге қоғамдық санаға қатысты ауқымды бастамаларға ұйытқы болып келеді. Ұлттың жаңа болмысын қалыптастыруда, тарихи санасын жаңғыртуда Қазақстан тарихының жеті томдығы үлкен олжа деп ойлаймын. Ол ұлттық тарихымызды жүйелеумен қатар, оның ғылыми негізделген тұжырымдамасын ұсынады.
Тарихи сананы жаңғыртудың басты шарты – тарихи шындық пен көркемдік шындықтың аражігін ажырату. Жасыратыны жоқ, кешегі кеңестік кезеңде ұлт тарихы жоққа шығарылды, мансұқ етілді, оның ақиқатын аршуға ұмтылған тарихшылар да қуғын көрді. Сондықтан төл тарихымызды танытуда жазушылар мен журналистер елеулі рөл атқарды. Алайда көркем шығармалардағы кейбір оқиғалар мен бейнелер тарихи ақиқат ретінде орнықты. Ендігі міндет – қалыптасқан түсініктерді ғылыми деректер негізінде қайта пайымдау.
Тарихты әсірелеу де, кемсіту де ақиқатқа қызмет етпейді. Оған шынайы, әділетпен қарау керек. Қолдан қаһарман жасау, тарихи тұлғаларды аңызға айналдыру немесе оқиғаларды саяси қажеттілікке қарай бағалау ұлттық сананы жаңғыртпайды, керісінше көмескілендіреді.
Әрине, тарихи ақтаңдақтар кез келген ұлттың жүріп өткен жолында кезігеді. Алайда өркениетті елдер сондай тағдыршешті яки трагедияға толы түйінді кезеңдерге қайта-қайта орала бермейді: толғақты тақырыптарды жан-жақты зерттеп, зерделеп, қорытынды жасайды. Одан тағылым ала отырып, алға жылжиды. Бізге де ашаршылық пен саяси қуғын-сүргін сияқты қасіретті кезеңдерді жан-жақты зерттеп, әділ бағасын беріп, содан тағылым алу керек деп ойлаймын. Өйткені тарихи әділеттіліктің мақсаты – өкпе-ренішті мәңгілікке қалдыру емес, ақиқатты анықтап, қасіреттің қайталануына жол бермеу, одан тағылым-сабақ алу.
Тарихи оптимизмнің маңызды қыры – өткендегі қайшылықтарды бүгінгі халықтар арасындағы қақтығысқа айналдырмау. Ортақ тарих халықтарды қарсы қоюдың емес, жақындастырудың құралына айналуға тиіс. Мәселен, Еуропаның ІІ дүниежүзілік соғыстан кейінгі тәжірибесі осыған айқын мысал. Ғасырлар бойы өзара соғысқан Франция мен Германия тарихи қайшылықтарды ынтымақтастыққа алмастырып, Еуропалық интеграцияның негізін қалады. Жапония да ауыр жеңілістен кейін білім мен технологияға сүйеніп, жаңғыру жолына түсті. Жаңа республиканың негізін қалаған Ататүрік те империяның қирауын емес, оның күлінен қайта туған феникс сияқты жаңа мемлекеттің жасампаздығын көрсетуге ұмтылды. Бұл тәжірибелердің ортақ тағылымы бар: өткеннің қасіретін мойындау болашаққа сеніммен қарауға кедергі болмауға тиіс. Ұлттың кемелдігі жеңістерін дәріптеуімен ғана емес, жеңілістерінен сабақ ала білуімен де өлшенеді.
Тарихи оптимизм Мемлекет басшысы ұсынған Әділетті Қазақстан идеясы және ұлттың жаңа болмысын қалыптастыру міндетімен тікелей сабақтас. Өйткені әділетті мемлекет құру үшін саяси институттарды жаңғырту жеткіліксіз. Қоғамдық сана да өзгеруі керек. Ал ұлттық сананы жаңғыртудың маңызды негізі – ғылыми-тарихи таным, жасампаз дүниетаным және болашаққа сенім. Бүгінгі Қазақстанға тарихын терең білетін, бірақ өткенге байланып қалмайтын; ұлттық мақтанышы биік, бірақ өзгені кемсітпейтін; тарихи әділеттілікті қорғайтын, бірақ өшпенділікке бой алдырмайтын қоғам қажет. Өткеннен кек іздеген ұлт қарсылас іздейді. Өткеннен сабақ алған ұлт болашаққа жол іздейді. Демек, тарихи оптимизм – өткенге жай ғана жағымды көзқарас емес. Ол – тарихи жадыны жасампаз күшке айналдыратын, ұлттық тұтастықты нығайтатын және ұлттың жаңа болмысын қалыптастыратын дүниетанымдық ұстаным. Сондықтан тарихты танудың түпкі мұраты – өткеннің тұтқынына емес, келешектің иесіне айналатын сана қалыптастыру болса керек, – деп түйіндеді Дархан Қыдырәлі.
«Санаткер ұлт» пікір алмасу алаңында көтерілген мәселелер тарихты танудың қоғамдық жауапкершілігін тағы бір мәрте айқындады. Өткенді ғылыми тұрғыдан зерделеу, тарихи әділеттілікті орнықтыру және одан тағылым алу – ұлттық сананы нығайтудың маңызды алғышарттары. Ал тарихи жадыны өкпе-реніштің емес, жасампаздықтың қайнарына айналдыру ұлттың болашаққа сенімді қадам басуына негіз болады.


