Қазақстан этномәдени мұраны сақтау және азаматтардың құқықтарын қорғау жүйесін қалыптастырды

Oinet.kz 14-10-2026

Барша азаматтың тең құқығын қамтамасыз ету, ұлттық ерекшелікті сақтау және қоғамдық өмірге қатысу мүмкіндігі – Қазақстандағы этносаралық келісімнің негізі. 

Screenshot_2.png

120-дан астам этнос өкілі тұратын елде бұл қағидаттар конституциялық кепілдіктермен, білім беру жүйесімен және қоғамдық өкілдік тетіктерімен қамтамасыз етілген. Варшада өткен ЕҚЫҰ-ның Адами өлшем жөніндегі конференциясында Қазақстанның этностық қауымдастықтардың құқықтарын қорғау тәжірибесі туралы Қазақстандық қоғамдық даму институты орталығының директоры, әлеуметтанушы Эльмира Отар айтып берді.

Төзімділік, кемсітпеу және ұлттық азшылықтардың құқықтарын қорғау мәселелеріне арналған сессияда сарапшы этносаралық келісімнің қоғамдық тұрақтылықты сақтауда және мемлекеттік институттарға деген сенімді нығайтуда айрықша маңызы бар екенін атап өтті.

Отардың айтуынша, бұл саясаттың негізі – Конституцияда бекітілген тең құқықтылық кепілдіктері. Қазақстанның Ата заңында адамның шыққан тегіне, әлеуметтік жағдайына, нәсіліне, ұлтына, тіліне, дінге көзқарасына және басқа да белгілеріне қарай кемсітуге тыйым салынған. Сонымен қатар тіл туралы заңнама мемлекеттік тілді дамытуға да, этностық қауымдастықтардың тілдерін сақтап, үйренуге де жағдай жасайды.

Сарапшы түрлі этностардың жалпыұлттық мәселелерді талқылауға қатысуына мүмкіндік беретін маңызды тетіктердің бірі ретінде Қазақстан Халық Кеңесін атады. Арнайы конституциялық заң негізінде жұмыс істейтін консультативтік орган қоғамның 126 өкілін біріктіреді. Оның үштен бірін, яғни 42 мүшесін этномәдени бірлестіктер ұсынады.

Әлеуметтанушы елдің тілдік және мәдени әралуандығын сақтауға мүмкіндік беретін білім беру жүйесіне де ерекше назар аударды. Қазақстанда білім беру қазақ, орыс, ұйғыр, өзбек және тәжік тілдерінде жүргізіледі.

Сарапшының пікірінше, мұндай білім беру мүмкіндіктері ұлттық ерекшелікті сақтауға және азаматтардың елдің әлеуметтік, мәдени әрі экономикалық өміріне толыққанды қатысуына жағдай жасайды.

Қазақстанның этносаралық қатынастар саласындағы тәсілі туралы айта отырып, Отар үш бағыттың өзара байланысын атап өтті. Олар – ортақ азаматтық бірегейлікті нығайту, мемлекеттік тілді дамыту және барлық этностың мәдени мұрасын сақтау. Оның бағалауынша, осы бағыттарды ұштастыру ұлттық, тілдік және діни ерекшеліктерге құрмет көрсете отырып, қоғамдық бірлікті нығайтуға мүмкіндік береді.

«Қазіргі түсініктегі төзімділік – әр азаматтың этностық тегіне, тіліне, дініне, жынысына немесе тұрғылықты жеріне қарамастан, өз құқықтарының қорғалғанын, дауысының естілетінін және елдің дамуына қосқан үлесінің маңызды екенін сезінуіне жағдай жасайтын жүйе», – деп түйіндеді Эльмира Отар.

Казахстан выстроил систему сохранения этнокультурного наследия и защиты прав граждан
«Это действительно впечатляет» – представитель Euronews оценила развитие Казахстан
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу