Ойын әлеміндегі қауіп
Ақтөбе қаласындағы №43 орта мектепте «Интернеттегі қауіпсіздік: заң, тәртіп, жауапкершілік» тақырыбында кездесу өтті.

Іс-шараның мақсаты — жасөспірімдердің құқықтық сауатын арттыру, интернет кеңістігіндегі құқықбұзушылықтардың алдын алу, киберқауіпсіздік мәдениетін қалыптастыру.
Шараның ашылуында мектеп директоры Рай Нұрғалиев жас ұрпақтың құқықтық мәдениетін қалыптастыруда білім беру ұйымдары мен құқық қорғау органдарының өзара ынтымақтастығының маңызына тоқталды.
Кездесуге арнайы шақырылған сала мамандары — облыстық полиция департаменті Киберқылмысқа қарсы іс-қимыл басқармасының жедел уәкілі Жәнібек Шагиров пен Ақтөбе қаласы Полиция басқармасы Алматы ауданы №3 қалалық полиция бөлімінің кәмелетке толмағандар істері жөніндегі учаскелік полиция инспекторы, полиция капитаны Аслан Адаев оқушыларға интернеттегі қауіпсіздік, киберқылмыс түрлері, алаяқтық әрекеттерден сақтану және құқықтық жауапкершілік жөнінде маңызды ақпарат берді.
Кездесу барысында Жәнібек Шагиров интернет алаяқтықтың қазіргі таңда өзекті мәселелердің біріне айналғанын атап өтіп, жасөспірімдер жиі кездесетін киберқауіптерге нақты мысал келтірді. Оның айтуынша, Free Fire, PUBG, Roblox секілді онлайн ойындардағы чаттар арқылы да алаяқтық әрекеттер жасалады. Қаскөйлер ойын аккаунттарын, виртуалды заттар мен ойын валюталарын арзан бағаға сатуды ұсынып, балалардың сеніміне кіреді. Кейін олардың ата-аналарының банк картасының суретін, жеке деректерін немесе SMS-пен келген растау кодын сұрап, шоттарындағы қаражатты иемденуі мүмкін.
Маман мұндай жағдайлардың бірінде 13 жастағы оқушының ойын аккаунтын сатып алу-сату барысында алаяқтарға алданып, анасының банк шотынан 200 мың теңге қолды болғанын мысалға келтірді.
Сонымен қатар ол жасөспірімдерді өздерінің және ата-аналарының жеке мәліметтерін, банк картасының деректерін, есепшотқа қатысты ақпарат пен бір реттік растау кодын бөгде адамдарға бермеуге шақырды.
Жәнібек Шагиров өңірде кибералаяқтық әрекеттерге қатысы бар 12 жасөспірімнің анықталғанын да атап өтті. Олардың арасында мектеп оқушылары бар. Тергеу барысында кейбір жасөспірімдердің SIM-карталарды сатып алып, өз атына тіркегеннен кейін сол нөмірден WhatsApp аккаунт ашып, оларды Telegram арқылы алаяқтарға ақшаға сатқан жағдайлары анықталған. Мұндай аккаунттарды қаскөйлер шетелден отырып, азаматтарды алдау мақсатында пайдаланған.
Сондай-ақ ол Instagram мен TikTok әлеуметтік желілеріндегі жалған интернет-дүкендерден сақ болу қажеттігін де ескертті. Жазылушылар санының көптігі, пікірлер мен расталған белгішенің болуы парақшаның сенімді екеніне толық кепілдік бермейтінін түсіндірді. Себебі мұндай көрсеткіштерді арнайы бот-фермалар көмегімен жасауға болады.
— Егер белгілі бір тауарды сатып алғыңыз келсе, сатушыға бейнеқоңырау соғып, тауардың бар-жоғын көзбен көріп алған жөн. Сенімді сатушы тауарын көрсетуге дайын болады. Ал күмәнді жағдайда алдын ала ақша аударудан және жеке мәліметтеріңізді жіберуден аулақ болыңыз, — деп кеңес берді Жәнібек Шагиров.
Іс-шарада оқушылар дайындаған «Бір сәттік қызығушылық — өмірлік өкініш» атты тәрбиелік сахналық қойылым көрермен назарына ұсынылды. Қойылымда лудоманияның зардаптары, ойланбай жасалған таңдаудың салдары және адам өміріндегі жауапкершіліктің маңызы бейнеленді. Оқушылар орындаған хор да шараның мазмұнын толықтырып, көрерменге ерекше әсер сыйлады.


