«Дұрыс емес адамға сеніп қалдым»: Боқаевтың мобилографы сот жарыссөзінде сөйледі
Боқаевқа қатысты іс бойынша сот жарыссөзі өтті. Ол жерде бұған дейін Боқаевтың мобилографы болып жұмыс істеген айыпталушы Ұлан Нүсіпқожа сөйледі.
Ол өз өміріндегі үлкен қателігі мен сол ағаттықтың өзіне және жақындарына қаншалықты ауыр тигені туралы айтты.
«Бүгін алдарыңызда тұрып, болған оқиғаның бәрін айту маған өте ауыр», – деп бастады ол сөзін.
Оның айтуынша, айыпталушылардың қатарында болып, жеті айға жуық уақыт бойы отбасынан, балаларынан және үйреншікті өмір салтынан жырақта болу да оңайға соқпаған. Ол осы аралықта көп нәрсеге көзқарасын қайта саралағанын жеткізді.
Нүсіпқожа жасаған ісіне өкінетінін, өзін ақтауға тырыспайтынын, көзге көрініп тұрған жайттарды жоққа шығармайтынын және барлық жауапкершілікті басқа адамға арта салмайтынын айтты. Ол өз кінәсін мойындады. Оның сөзінше, ол Санжар Боқаевтың тапсырмаларын орындау арқылы құқыққа қайшы әрекеттерге сыбайлас болып шыққан. Атап айтқанда, ол Баум тоғайындағы ағаштарды кесу және гранит тақталарды ұрлау эпизодтарына қатысты бейнетүсірілімдерге қатысқан.
Нүсіпқожа Боқаевтың бейнеоператоры әрі мобилографы болғанын, ал оны жұмыс берушісі ретінде қабылдап, берген тапсырмаларын қалыпты жұмыс міндеттері деп түсінгенін айтты. Оның міндетіне түсірілім жасау, жарық пен дыбысты реттеу, микрофондарды орнату және бейнематериалдарды монтаждау сияқты техникалық жұмыстар кірген. Ол ұйымдастырушы болмаған, олардың мақсатын анықтамаған және қандай да бір іс-әрекетті өз бетінше жасау туралы шешім қабылдамағанын алға тартты.
Сонымен қатар Нүсіпқожа өзін сотталушылардың орындығына алып келген басты себепті де жасырмады.
«Менің салғырттығым, өзгенің тапсырмасын ойланбастан орындауға дайын болғаным және болып жатқан жайттарды дер кезінде анықтап алуға құлық танытпағаным», – деді ол.
Айыпталушы «Атакентті» қайта жаңғырту және жерасты өткелдеріне қатысты ақпарат жарияланған эпизодқа да жеке тоқталды. Ол осы тақырыптағы бейнероликтерді өзі түсіріп, монтаждағанын растады.
Алайда оның айтуынша, видеолардың мазмұнын, мәтіндерін, скриншоттарын және бүкіл ақпараттық негізін Боқаев дайындаған. Ал өзі дайын материалдарды алып, тек техникалық жұмыстарды атқарған.
«Бұл бейнероликтерді дайындаудың артында қылмыстық ниет тұруы мүмкін деген ой үш ұйықтасам да түсіме кірмеген», – деді ол.
Нүсіпқожа үшін ең ауыр кезең тергеу басталғаннан кейінгі уақыт болған. Ол өзін алғаш рет жауап алуға шақырғанда Боқаев ештеңе есімде жоқ деп айтуды ұсынғанын жасырмады. Сондай-ақ, Боқаев оған тергеушінің алдында өзін қалай ұстау керегін және қандай жауаптар беру қажеттігін іс жүзінде түсіндіретін бейнематериалдар жіберген.
Тіпті өзі ұсталғаннан кейін де Боқаев оны үнсіз қалуға және ешқандай айғақ бермеуге көндіруді жалғастырған.
Сол кезде ол шешімді өз бетінше қабылдауы керегін түсінген. Нәтижесінде шындықты айтып, өзінің бұл іске қатысқан рөлін мойындауға бел буған.
«Мен өз әрекеттерім үшін жауап беруге міндетті екенімді түсіндім. Бірақ басқа біреуді қорғау үшін шындықты жасыруға міндетті емеспін», – деді Нүсіпқожа.
Сонымен бірге ол сөзін айыптауға айналдырғысы келмейтінін ескертті. Мобилографтың пікірінше, «әр адам өз әрекеті үшін өзі жауап беруі керек». Алайда соттан өзінің бұл оқиғаларға ұйымдастырушы ретінде емес, жұмыс берушінің тапсырмаларын орындаған қызметкер ретінде тартылғанын ескеруді сұрады.
Нүсіпқожа өз қателігінің зардабын ең көп тартқан жақындары туралы да айтты.
«Менің қателігім үшін отбасым жауап бермеуі керек. Осындай жағдайға өз кінәмнен тап болғанымды түсінемін. Бірақ қалыпты өмірге оралғым келеді», – деді ол.
Сондай-ақ, ол бұған дейін сотталмағанын, қылмыстық та, әкімшілік те жауапкершілікке тартылмағанын еске салды.
«Мен өмірімді қылмыстық әрекеттерге арнаған адам емеспін. Қателестім, дұрыс емес адамға сеніп қалдым, болып жатқан жағдайдың мәнін дер кезінде бағалай алмадым», – деді ол.
Нүсіпқожа соттан өз кінәсін мойындауын формалды мәлімдеме немесе жеңіл жазаға қол жеткізу амалы ретінде емес, өз қателігін түсінген адамның саналы шешімі ретінде қабылдауды сұрады.
Соттың назарын аударуды өтінген мән-жайлардың қатарында тиісті эпизодтар бойынша кінәсін толық мойындауы, жасаған ісіне өкінуі, істің егжей-тегжейін анықтауға көмектесуі, бұрын сотталмағаны, кәмелетке толмаған балаларының болуы, сондай-ақ қылмыстарды ұйымдастырмағаны және әрекеттердің мазмұны мен мақсатын өзі айқындамағаны бар.
«Егер өткенге қайта оралу мүмкін болса, мен мұндай тапсырмаларды ешқашан орындауға келіспес едім. Болып жатқан жағдайдың қарапайым жұмыс шеңберінен шығып бара жатқанын алғаш сезген сәтте-ақ тоқтар едім. Бірақ өткенді өзгерту мүмкін емес. Өзгертуге болатын нәрсе – тек болашағың», – деді айыпталушы.
Сөзінің соңында Нүсіпқожа соттан қамауда өткізген уақытын ескере отырып, оны нақты бас бостандығынан айырумен байланысты емес, заңда көзделген ең жеңіл жазаға тартуды сұрады.


