Айгүл Орынбек Боқаевтың «халық батыры» ретіндегі бейнесіне күмән келтірді

Oinet.kz 28-11-2026

Қазақстандық белгілі құқық қорғаушы әрі заңгер Айгүл Орынбек Санжар Боқаевты сынға алып, оның жемқорлықпен күресудегі мақсатына күмән келтірді. 

Ол қазақстандықтарды өзін халық батыры ретінде көрсетіп жүрген адамдарға соқыр сеніммен қарамауға, олардың саяси өткеніне және артында тұрған күштердің мүдделеріне сын көзбен қарап, тағы да біреудің саяси ойынының құралына және саяси амбициясының құрбанына айналмауға шақырды. 

Орынбек «ескі Қазақстан» кезінде Дариға Назарбаеваның жанында жүріп, миллиардтар желініп жатқанда үнсіз қалған Боқаевтың Жаңа Қазақстан кезінде неге аяқ астынан жемқорлықпен күрескер болып шыға келгені туралы сұрақ қойды.

Орынбектің пікірінше, Боқаев пен оның сыбайластары отыз жыл бойы қалыптасқан жүйенің беті ашылып жатқанын өз пайдаларына жаратып, оның халық алдындағы саяси салмағын арттырған. Құқық қорғаушының айтуынша, жемқорлықтан қажыған халық Санжарға сеніп қалды.

Орынбек сондай-ақ Боқаевты халық батыры етіп көрсеткісі келіп жүргендердің кім екенін, оның артында қандай саяси күштер тұрғанын және олардың неге көрінбейтінін сұрады.

Құқық қорғаушы қаңтар оқиғасына дейін Дикий Арманның «халық батыры» болып шыға келуі мен қаңтардан кейін Санжар Боқаевтың жемқорлықпен күрескер ретінде шығуы арасындағы байланысты аңғарып, мұны жай ғана кездейсоқтық деп санамайтынын мәлімдеді.

Сонымен қатар заңгер жемқорлықпен күреске қарсы емес екенін, алайда күрескерлердің де өткеніне, мақсатына және артында тұрған мүдделерге сын көзбен қарау қажет екенін атап өтті.

Айгүл Орынбек өзіне биліктен қызмет те, мансап та қажет емес екенін, ол үшін ең маңыздысы халықтың амандығы мен елдің тыныштығы екенін айтты.

Сондай-ақ ол билікке таласқандар үшін халық саяси ойынның құралы екенін ескертті. Біреулер халықтың ашуын, енді біреулер сенімін пайдаланады, ал ақыр соңында зардап шегетін тағы да қарапайым халық екенін атап өтті.

Қолдан жасалған батырларға қарсы екенін білдірген құқық қорғаушы қаңтар оқиғасының қайталануын және халықтың тағы да біреудің саяси амбициясы үшін құрбан болуын қаламайтынын мәлімдеді.

Сөз соңында Айгүл Орынбек қазақстандықтарды біреудің саяси ойынының құралына айналмауға, соқыр сенімге емес, ақылға жүгінуге және сұрақ қоюдан қорықпауға шақырды.

Айгуль Орынбек призвала казахстанцев критически оценивать деятельность Бокаева
Айдарға кіру
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу