Түркістан туризмінің көкжиегі

Oinet.kz 19-04-2017 1161

a7a7482f4aa4eace748a74154e195cce_resize_w_520_h_.jpeg

Мемлекет басшысы Н.Назарбаевтың Қазақстан халқына арнаған Жолдауында айтылғандай туризм – табыс көзі. Туризм шетелдіктердің қызығушылығын арттырып, инвестиция тартуға да негіз бола алады. Ал Президент «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты Жолдауында «Қазақстан шетел инвестицияларын тарту ісіндегі көшбасшылығын сақтап қалуы қажет» деп атап көрсетті.  Инвестициядан бөлек, туристер ағылып келіп жатса, оларға көрсетілетін қызмет сапасын арттырып, кәсіп түрлерін ұсынуға да болады. Жалпы, әлемде туризм арқылы еңсесін тіктеп, экономикасын ілгерілетіп отырған мемлекеттер де бар. Яғни, бұл салада кәсіпкерлікті дамытуға мүмкіншілік мол. Бұл бағытта ОҚО әкімі Жансейіт Түймебаевтың бастамасымен облыс орталығындағы сай-салаларды саябаққа айналдыру ісі қолға алынуда. Сол сияқты Түркі әлемінің мәдени астанасы атанған Түркістан қаласының туризмін дамыту да кезек күттірмейтін мәселе.

Түркістан тарихи, мәдени және діни жәдігерлерге бай қала. Оның ішінде ЮНЕСКО-ның құнды жәдігерлер тізіміне енген Қ.А.Ясауи кесенесінің орны ерекше. Сонымен бірге Ескі Сауран қалашығы, Үкаша-ата бейіті, Гауһар-ана және Әлқожа-ата кесенелері де өзінің тарихи құндылықтарымен туристер мен зияратшылардың қызығушылықтарын арттырып келеді. Оның дәлелі осыдан 4 жыл бұрын қалаға 618 мың турист келсе, былтыр қалаға 1 млн 60 мың зияратшы мен саяхатшы келген, оның 24 мыңы алыс-жақын шетел азаматтары. Олардың саны жыл сайын артпаса, азаймайды.

Туризмді табыстың көзі деп қарайтын болсақ, 2016 жылы қалаға келген туристер мен зияратшылардан 4080,0 млн. теңге табыс түсіп, бюджет көлемі 110,0 млн. теңгеге ұлғайды. Бұл қаламыздың жалпы өңірлік өніміндегі үлесінің 5,0 пайызын, салық түсіміндегі үлесінің 4,0 пайызын құрады. 

Десек те әлі де осы бағыттағы талдау жұмыстарымызды жетілдіре түсуіміз қажет. Өйткені туристердің қай мемлекеттерден, өңірлерден келгендігін жүйелі сараптап отыру туристік-танымдық насихаттарымыздың кемшін тұстарын анықтап отыруға негіз болар еді. Осы бағытта «Әзірет Сұлтан» қорық мұражайы мен қала әкімдігі бірлесе отырып, жүйелі жұмыстар жүргізуде. 

Туристер мен зияратшыларға жағдай жасау үшін  туризмді дамыту – басты бағыттардың бірі болып белгіленген. Қалада туризмді дамыту бойынша 2017 жылға арналған іс-шаралар жоспары бекітілді. Туристерге арналған қаланың туристік картасы және туристік анықтамасы  жасалды. 

Сондай-ақ, туристік нысандарды көбейту және сервисті жетілдіру бойынша Түркістан қаласында 2016 жылдың басында 708 адамды қабылдауға мүмкіндігі бар 12 қонақүй болса, биыл жоғары деңгейлі 3 қонақүй іске қосылып, барлығы 880 жатын орынды құрады. Қонақүйлердің сервистік қызмет сапасын  жетілдіру мақсатында Шымкент қаласындағы қонақүйлердің білікті мамандарымен келісім негізінде тәжірибе алмасу қолға алынған. Сол секілді халықаралық Қ.А.Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінде туризм факультетінің шет тілін меңгерген гид, экскурсовод мамандарын жұмысқа тартып, қонақүйлер мен мейрамханалардың дерекқоры және туристерге арналған көлік-логистикалық қызметі жетілдіріле түсетін болады. 

2016 жылдың тамыз айында қала орталығындағы туристердің шоғырланатын аймағында “Туристiк ақпараттық орталығы” ашылды. Бұл орталықта туристерге қызмет көрсететін ағылшын, түрік тілдерін жетік меңгерген мамандар қызмет етуде. Интернет желісіне қосылған сенсорлық экран қойылып, туристік маршруттар енгізілді. Орталық арқылы 2016 жылдың соңғы 4 айында 33 мемлекеттен келген 231 туристке  ақпараттар және баспа материалдары тегін таратылды. 

Алдағы уақытта туризм түрлерін және оның инфрақұрылымдарын дамыту көзделуде. Олар: Этникалық туризмді дамыту бойынша салынатын «Этносаябақ», көне Сауран қалашығы, Укаша ата тарихи орны және Қаратау бөктерінде орналасқан «Жылаған ата» сарқырамасы мен үңгірі.  

Осы аталған нысандардың туристік тартымдылығының бір ғана мысалы – Түркістан қаласынан 100 шақырым қашықтықтағы, теңіз деңгейінен 1300 метр биіктікте орналасқан «Жылаған ата» сарқырама үңгірі Қаратаудың жон арқасындағы құтты мекен. Үңгір кәдімгі сарқырама секілді. Бірақ сарқырамадан үнемі су ағып тұратын болса, «Жылаған атадан» су үнемі ақпайды. Жұмбақ құбылыс, ешқандай уақытқа бағынбайтын тылсым. Табиғат ананың ерекше бір құбылысы. Сарқыраманы көруге барған әрбір адам келген сәтінен оның суының аққан және тоқтаған мезеттерін көрмей кеткен емес.

Мемлекет басшысы «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты Жолдауында «Жаппай кәсіпкерлікті қолдау тетіктерін одан әрі жетілдіру керек. Қазақстанның әр өңірі жаппай кәсіпкерлікті, соның ішінде отбасылық кәсіпкерлікті дамыту бағытында кешенді шаралар ұсынуға тиіс» деген болатын. Егер біз туристерді Түркістанға, тарихи орындарымызға қызығушылығын арттырып, саяхаттауға шақыра алсақ, Елбасы айтқан отбасылық кәсіпкерлікті дамыту да жолға қойылған болар еді. 

Бұл жерге Ресейден, Өзбекстаннан, Қырғызстаннан, Татарстаннан, Қытайдан және еліміздің барлық өңірлерінен жылына екі мыңға жуық адам келеді. Бірақ аталған орын көпшілікке қолжетімді жағдайда емес. Аталған орынға арнайы жол талғамайтын көліктермен ғана баруға болады. Сонда да табиғат таңғажайыбын көруге 3 шақырымдай жолды жаяу жүруге тура келеді. Жол қиындығына қарамастан жыл сайын табиғат тылсымын тамашалауға келетіндердің санының көбейе түсуі туристік орта үшін таптырмас бағыт екендігін дәлелдеп отыр. Сондықтан келушілердің бару мүмкіндігін жеңілдету мақсатында жол көлік инфрақұрылымы қалыптастырып, теңдессіз туристік жобаның жүзеге асырмақпыз. 

Осындай жобалар ішінде қаламызда емдік-сауықтыру туризмін дамыту бағытында қала аумағында жер асты термалды су жүйелерінің мол қоры бар. Осы су көздерінің қатарында құрамы «Трусковец» (Украина), «Витаутас» (Литва) және Ново-Ижевская (Удмуртия) емдік  жер асты суларына теңдес «Шипа-су» шипажайы орналасқан. Бұл жөнінде 1970 жылы Мәскеу қаласындағы курорттық және физиотерапиялық ғылыми зерттеу институтының қорытындысы алынған. Бүгінгі таңда шипажай басшысымен келісіп, мекеменің жұмысын жандандыру үшін тиісті шаралар жүргізілуде. «Шипа-су» санаториясының жалпы алаңы 1,6 га құрайды. 2 ғимаратта 100 жатын орны бар. Қосымша тағы да жобалық құны 400 млн. теңгені құрайтын 50 орынға арналған сервистік сапасы жоғары бір корпус жыл соңына дейін пайдалануға ұсынылатын болады. Шипажай қызметін пайдаланушылар үшін арнайы жолдамалар ұсынылады. Емделу курсы 14 күн, бағасы 70 мың теңгені құрайды. Оның ішінде күндігіне 3 мезгіл тамақ, 2 мезгіл  медициналық негізде сумен емдеу, курс бойы 3 рет  ішкі құрылыстарын сумен тазалау, жатын орын секілді қажетті жағдайлар қарастырылған.

Туризмді дамыту перспективаларында «Көне Түркістан» туристік орталығының жобасын іске асыру көзделуде. Осыған байланысты қала әкімдігінің ұйымдастыруымен «Қазқайтажаңғырту» РМК арқылы 2016 жылы қыркүйек айында жобаның егжей-тегжейлі жоспары әзірленді. 

Бұл жоба тиісті салалардың қатысуымен қала және облыстық деңгейде бірнеше рет талқыланып, нәтижесінде Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің қоғамдық кеңесінде 2016 жылдың 22 желтоқсанында бір ауыздан мақұлданды. Қазіргі таңда жоба қала әкімдігінің шешімімен бекітіліп, Қ.А.Ясауи кесенесінің маңында құрылыс жұмыстарын жүргізуге келісім алу үшін ЮНЕСКО-ға жолданды. 

Жобаның негізгі идеялық мәні – Түркістан қаласын Түркі әлемінің тарихи Астанасы контексінде «ТҮРКСОЙ» ұйымына мүше елдерге ұсыну. Сонымен бірге түркітілдес халықтарының сәулеттік, этнографиялық  және ұлттық  гастрономиялық бағыттарын танытып, қаланы түркі әлемінің мәдени орталығына айналдыру. Бұл жобаның жалпы құны шамамен - 7 850,6 млн. теңгені құрайды. Оның ішінде–1 290 млн. теңге 129 үйді сатып алуға, 800,0 млн. теңге инфрақұрылымға қаралған. 

«Көне Түркістан» туристік орталығы жобасының аясында этносаябақ құрылысын салу жоспарланған. Археолог, тарихшы мамандармен кеңесіп, бірлесе жұмыс жасай отырып, 45,0 гектар жерге ескі тарихи орта ғасырлық қалашықты археологиялық зерттеуден кейін консервацияланған музейлік экспонат күйінде қалдырып, этнографиялық саябақ жасау ұсынылып отыр. Осы этносаябақта туристерге орта ғасырлық көшелердің көріністерімен сол кездің мәдениетін тамашалай алатындай мүмкіндіктер жасалады. Сонымен қатар, облысымыздағы тарихи-мәдени ескерткіштер жөнінде мағлұмат беретін ашық аспан астындағы макеттер орналастырылады.

Этносаябақта ұлттық нақыштағы ойын-сауық орындары, ұлттық тағамдар мен сусындар ұсынатын нысандар, ашық аспан астындағы демалыс орындары мен киіз үйлер орналасатын болады. «Этносаябақ» жобасының жүзеге асу құны шамамен 1 900,0 млн. теңгені құрап отыр. Бүгінгі таңда осы жер аумақтарына қажетті жобалау сметалық құжаттарын және археологиялық ізденіс жұмыстарын жүргізуге жергілікті бюджеттен 15,0 млн. теңге бөлініп, тиісті жұмыстар атқарылуда.

Осы «Көне Түркістан» жобасы аясында атқарылатын іс-шараларды сапалы жүзеге асыру үшін және туристік нысандарға қолжетімділікті арттыру мақсатында инфрақұрылымдық жүйені қамтамасыз ету басты міндетіміз. Соған сәйкес 2017 жылы туристік инфрақұрылымды дамыту үшін жол саласына бюджет есебінен 75 млн. теңге бөлініп, қаланың басты жолдарына күрделі жөндеу және кеңейту жұмыстарының жобалары әзірленуде. Атап айтқанда Отырар, Кентау, Шымкент бағытындағы қалаға кіретін басты жолдар мен бірқатар орталық көшелерді кеңейту және жаңғырту жұмыстары жасалатын болады. Осы арқылы қала көлеміндегі көлік инфрақұрылымы дамып, туристік нысандарға қолжетімділік сапасы арта түседі.

Сонымен қатар, сапалы туристік қызметтің бір көрінісі сервистік инфрақұрылымды дамыту. Осы мақсатта «Батыс Еуропа - Батыс Қытай» халықаралық автокөлік дәлізінің бойындағы туристік нысандарға 3 тілде 23 ақпараттық сілтеме, 7 туристік карта орнатылған. Түркістан қаласына кіретін Шымкент, Отырар, Қызылорда бағыттарына және «Үкаш ата» кесенесі аумағында келушілердің санитарлық сұраныстарын қамтамасыз етуге арналған арнайы нысандар орнатылып қолданысқа берілді. 

Түркістан қаласының төңірегінде археологиялық зерттеулер жүргізіліп жатқан туристік қызығушылықты арттыратын тарихи құндылықтар жетерлік. Соның бірі Сауран қалашығының инфрақұрылымын дамыту жұмыстары қала әкімдігі тарапынан атқарылды. Атап айтсақ, Сауран қалашығына жарықтандыру, дем алушыларға арналған бастырмалар, аяқ жол, көлік жолдары және санитарлық орындар салынды.

Түркістан туризмін дамытуда жоғарыда аталған жобалармен шектеліп қалмай, әлемдік тәжірибені үлгі ете отырып, әлі де тың бастамаларды жүзеге асыруға қаламыздың тұнған тарихы мен орналасқан орны зор мүмкіндіктер береді. 

2021 жылға дейінгі жасалған «Көне Түркістан» концепциясы бойынша  туристердің саны 1700,0  мың адамға, оның ішінде шетелдік туристер саны 35,0 мың адамға артуы болжануда. Олардан түсетін табыс 6655,0 млн.теңгені құрап, 2016 жылмен салыстырғанда 63,0 пайызға артып, олардан қала бюджетіне 150,0 млн.теңге кіріс түседі деп күтілуде.

Әліпбек ӨСЕРБАЕВ, 

Түркістан қаласының әкімі

Шымкенттік дәрігерлер жүрек ауыстыра алады
Тілеуберді Бинашев: «Асанәлі Әшімовтің өзіне үш мүсін жасадым»
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу