Мұқан Егізбаевқа «Қазақстанның Еңбек Ері» атағы беру ұсынылды

Oinet.kz 27-10-2020

Мұқан Егізбаев.jpg

Медицина саласының майталманы, алтын қолды дәрігер Мұқан Егізбаевтың құрметіне облыстық клиникалық ауруханасында мемориалды тақта орнатылды. Өмірден өткеніне алты айдың жүзі болған профессорды еске алуға ет жақындары мен әріптесері, достары жиналып, ескерткіш алдына гүл шоқтарын қойды. 

Медицина ғылымдарының докторы, Шымкент қаласының, Түркістан облысының медицина саласының дамуына өлшеусіз үлес қосқан Мұқан Кеңесбекұлының әкесі арда азаматқа құрмет көрсеткені үшін  жалпақ жұртқа алғысын жаудырды. Ал Алматыдан арнайы келген еліміздің бас урологы, профессор,  ақ халатты абзал жанмен сырлас болған Мырзакерім Алшынбев Егізбаевтың медицина саласында алар орны ерекше екенін айта келе, «Қазақстанның Еңбек Ері» деген атақты беруді ұсынды. Бұл ұсынысты құп көрген Түркістан облыстық қоғамдық денсаулық басқармасының басшысы Марат Пашимов ұстазы жайлы ойын ортаға салды. «Мұқан ағамыздың жақсылығын ешқашан ұмытпаймын. Көзі тірісінде өңірдің денсаулық саласының өсіп-өркендеуіне барын салған еді. Оның бастаған тірліктерін жалғастыру біздің парызымыз деп білемін. Ғасырда бір туатын жанның көрмеген қызықтарын ұрпағына берсін деп тілеймін. Ұстазымның осы мекемеге сіңірген еңбегі зор. Сондықтан облыстық клиникалық ауруханаға Мұқан Егізбаевтың есімі  берілу керек деп ойлаймын»,- деді Марат Орынбасарұлы. 

Расында да облыстық клиникалық аурухананы талай жыл басқарған М.Егізбаев мекемені жаңа белестерге көтерді.  Ол басқарған тұста аурухананың материалдық базасы нығайып, дәрігерлердің біліктілігі артып, медициналық қызмет көрсету сапасы артты. Бұрын соңды болмаған бөлімшелер ашылып, бірегей оталар жасала бастады.   Сондықтан ескерткіш тақтайшаның өзі өшпестей із қалдырған дәл осы мекемеге орнатылуы да бекер емес.  Тақтайшадан бөлек аурухана ішінен дәрігердің құрметіне мұражай да ашылды. Мұнда оның марапаттары мен естелік суреттері, жұмыс үстелі секілді қолданған заттары қойылды. 

Бүкіл саналы ғұмырын денсаулық сақтау саласына арнаған ақ халатты абзал жаннның еңбегін елі көзі тірісінде-ақ таныған еді. «Мұқаңның менен жасы кіші болғанымен кейде сыр бөлісіп отырушы еді. Арамыздан кеткеніне жарты жылдай уақыт болса да жоқтығына сене алмаймыз. Дәм-тұзы ертерек тасуылғанымен  артында өшпестей із қалдырды. Ол сондай талапшыл, уәдеге берік жан еді. Көзі тірісінде елдің қадіріне ие болды. Кез келген азаматты халық облыстық мәслихаттың 5 шақырылымына да депутат қып сайлай бермейді.  Өмірде талай қиындықты да бастан кешірді. Қиянат та жасалды. Алайда ол мойымай, бар ауыртпашылықты жеңіп, адал қызмет етті.  Ол ізденімпаз, талапшылдығымен қатар қамқор басшы болды»,- деп Түркістан облыстық мәслихатының депутаты  Шәріпбек Жамалбек еске алса, әріптесі Сейітжамал Пәкеев Мұқаңның әлі де берері мол еді дей келе оның үлкен дәрежелі атақ- абыройға лайықты екенін жеткізді.    

Сансыз баптар топырағында дүниеге келген ел ағасы алғашқы еңбек жолын 1987 жылы педиатр болып бастаған. Өзінің кәсіби шеберлігі, ұйымдастыру қабілетінің арқасында Шымкент қаласындағы бірқатар ауруханаларда белді қызметтерді атқара отырып, денсаулық сақтау саласында жоғары санатты ұйымдастырушы, медицина ғылымдарының докторы атағының иегері.  Көзі тірісінде-ақ біліктілігін мойындатып, ел ықыласына бөленген азамат соңғы жылдары оңтүстік өңірінің денсаулық саласын басқарған болатын.  Мұқан Кеңесбекұлының қаламынан туған  41  ғылыми еңбектері талай ғасырға азық болары сөзсіз. 

Африкалықтар қазақ жастарына алғысын білдірді (видео)
Мұхтар Әбілязовтың тағы бір сыбайласы ұсталды


Сәйкес тақырыптар
Көтерілу
×