«Мұхамед пайғамбар тіріліп келіп шақырса да қазақ алаңға шықпас еді»

Oinet.kz 26-04-2022

Билік Қаңтар көтерілісіне негізінен діни сипат бергісі келетін сияқты. Бұл – мүлде дұрыс емес. Қаңтар көтерілісі – ең алдымен халықтың саяси-әлеуметтік жан айқайы, соның негізіндегі саяси протесті. 

Screenshot_17.jpg

Ендеше, бұл оқиғаға ең алдымен – халықтың саяси-әлеуметтік саяси протестті деп баға берілуі керек. Ал діни сипатта баға беру – көтерілістің нақты бет-бейнесін тұмшалап жабу, тіпті, оның негізгі өзегін екінші-үшінші планға ысырып, көлеңкелеу. Бұл дегеніңіз – сол кезде Қазақстанның түрлі қалаларындағы алаңдарға бейбіт түрде өзінің саяси-әлеуметтік талап-тілегін білдіріп шыққан халықты одан кейін де елемеу, ескермеу, мазақ етіп, қорлап, таптаумен тең. Мұның түбінде – бұдан былай, қандай жағдайда болса да митингіге, бейбіт митингі болса да шықпа, жолама, біз сені бәрібір түрлі тәсілдермен қаралап, тығатын жерге тығып жібереміз деген үлкен сигнал жатыр. 

Иә, ақпарат құралдары жазып жатқандай митингіде діни сипаттар болуы мүмкін. Оның арғы жағында сақалдыларды пайдаланып, билікті тартып алу, «қастандық теориясы» да жатуы ықтимал. Ең бастысы – ол түбегейлі дәлелденуі керек. Алайда, Қазақстанның түкпір-түкпірінен алаңға шыққан халық бәрі бірдей сақалдылардың немесе Мәсімов  адамдарының айтағына еріп дүрк көтерілген жоқ қой. Оларды ең басты қинағаны қымбатшылық, саяси-әлеуметтік мәселелер. Олар соның негізінде алаңға шықты. Егер халықтың әлеуметтік жағдайы бүгінгіден жақсырақ немесе орта деңгейде болған кезде – бұл халықты ешкім алаңға сүйреп болса да шығара алмас еді. Өзіміз осы қарапайым халықтың ішінен шаққаннан кейін халықтың әлеуметтік психологиясын жақсы білеміз, жағдайы орташа ғана болған кезде халық қаңтарда жаппай дүрк көтеріліп, өліп кетсе де алаңға шықпас еді. Себебі, біздің халық, біріншіден, советтік санадан түгел арылған жоқ, азаматтық қоғам деген түсінік үлкендер емес, жастардың санасына сіңіп болған жоқ, екіншіден, әлеуметтік тұрғыдан өткен 30 жылда аяғынан тік тұрып кеткен жоқ, тек тізеден ғана көтерілді. Ал тізеден енді көтеріліп келе жатқан халық қиындыққа барынша төзе отырып, ертеңгі күні бәрі жақсы болар деген үмітке иек артып, бастысы тыныштықты тілеп, қашан жаны мұрнының ұшына келгенше өмір сүре береді. Ондай халық тек бір ғана жағдайда көтеріледі – енді одан ары қиындыққа төзуге мүмкін емес, жаны мұрнының ұшынан тірелген жағдайда. 

Қаңтар көтерілісінен кейін түрлі адамдар осы оқиғаға қатысты әр түрлі сипаттама беріп жатты. ҰҚК-ның экс-басшысы Н.Дүтбаев, т.б. ел алдына шығып жүрген танымал адамдар деген сияқты. Бірақ, мен сол Дүтбаев сияқты адамдардың жарты әңгімесіне келісе отырып, жарты әңгімесінен олардың қарапайым халықтың жай-күйін, әлеуметтік психологиясын мүлде түсінбейтіндігін, олардың халықтан соншама алыстап кеткенін байқадым. Олардың ішінен кеше ғана өзі де сол қарапайым халықтың ортасынан шыққан, қалаға келгеніне 20-25 жыл, үлкен ортада жүргеніне 10-15 жыл ғана болып қалған, тіршілігі жазу-сызуға қатысы бар адамдардың өзінің халықтың әлеуметтік психологиясын, хәлін түсінбей, жағдайды дұрыс бағалай алмай тұрғанына таң қалдым. 

Бір айтарлығы, халықтың әлеуметтік жағдайы дұрыс болып, кемі орташа болып, қақы мен құқы осыншалықты тапталып, дүниеде әділет атаулы болады екен деген ұғымнан мұншалықты күдер үзіп кетпегенде – олар Мәсімов, Сатыбалдылар ұйымдастырды дейтін діни сақалдыларға ілесіп алаңға шықпақ түгілі – Мұхаммед пайғамбар тіріліп келіп, тәкбір айтып, қол бастаса да, қазақ алаңға аттап баспас еді.

Елзат Ескендірдің Facebook парақшасынан

Бүгіннен бастап кедейлердің жағдайы нашарлап, байлар байиды
Халықты пирамидаға ақша құюға шақырған вайнер қамаудан босатылды


Сәйкес тақырыптар
Көтерілу
×