Ветеринарлар қағаз толтырмайтын болады

Түркістан облысында төрт түлікті чиптеу жұмыстары жүргізілуде. Ветеринария саласын цифрландыру пилоттық жобасы аясында жүзеге асатын чиптеу мал санын түгендеумен қатар мал ұрлығын тыюға да көмектеседі. Бұл туралы облыстық Ветеринария басқармасының басшысы Ербұлан Жәнібеков айтты.
Мал шаруашылығы жануарларын есепке алу және олардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында қолға алынған жобамен Түрксітан облысының әкімі Нұралхан Көшеров танысып, қолдау білдірді.
Чиптеу жүйесін енгізу нәтижесінде облыс бойынша мал басының нақты есебі шығарылады. Бұл өз кезегінде ветеринариялық іс-шараларды жоспарлауда, жұқпалы аурулардың алдын алу мен бақылауда, сондай-ақ мемлекеттік бағдарламаларды тиімді іске асыруда маңызды рөл атқарады. Сонымен қатар төрт түліктің вакцинациясы, ем-шаралары, қозғалысы цифрлық форматта сақталып, бақылауға алынады. Осылайша жануарларды чиптеу ветеринариялық қауіпсіздікті нығайтып, саланын цифрлық жүйеге көшіруге және мал шаруашылығын тиімді басқаруға кең мүмкіндік береді.

– Бұл жобаның мақсаты ауыл шаруашылығы жануарларына көрсетілетін қызметтерді цифрландыру болып табылады. Ал, төрт түлікті есепке алудың жолы – сырғалау. Бірақ, сырға жиі түсіп қалады, механикалық жолмен бүлінеді және оны мал ұрлығы кезінде баукеспелер кесіп тастайды. Бүгінде көп болатын Өзбекстанға контрабандалық жолмен мал сату кезінде құлағындағы сырғаны кесіп лақтыратындар бар. Мал ұрлығын азайту, ауыл шаруашылығы жануарларын түгендеу, есебін шығаруды реттеудің бірден-бір жолы осы – чиптеу. Чиптеу бір малға бір-ақ рет салынады, өмір бойына жарайды. Чиптелген жануарды сканерлегенде оған қандай ветеринариялық шаралар жүргізілгені бірден көрсетіледі. Яғни, ветеринарлар да, мал иелері де қағазбастылықтан арылады. Қазір де ветеринарлар өздері жүргізген іс-шара барысында акт толтырады. Сосын ауданға, әрі қарай облыс орталығына барып, акт толтырып, бәрін қағаз жүзінде өткізеді. Мамандар осылардың барлығынан арылатын болады. Чиптелген малға вакцина салынғанын немесе қан алу жұмыстары жүргізілгенін аудандағы, облыстағы мамандар бақылай алады. Тіпті республика бойынша электронды базадан көруге болады. Қазіргі таңда төрт түлік иелеріне түсіндіріп, малды чиптеуді солардың өздерінің есебінен жүзеге асырып жатырмыз. Мұны міндеттеу мақсатында Ауыл шаруашылығы мигистрлігіне ұсыныс жібердік. Бірінші кезеңде сусидияланатын шаруаларды төрт түлігін чиптеуді міндеттеу, екінші кезеңде несиелендірілетін малдарды чиптеу, үшінші кезеңде жайылым жерлерді көрсету үшін иеленушілердің малдары чиптелген болуы керек деген мәселе көтеріп жатырмыз. Қазіргі таңда чиптеу ақылы, біреуінің орташа бағасы – 317 теңге. Бірақ, салып беру қызметі тегін, – дейді Ветеринария басқармасының басшысы Ербұлан Жәнібеков.
Бұдан басқа Ветеринария басқармасының бастамасымен төрт түлікке шағылысатын ленталар сатып алынып, облыстық маңызы бар ауданаралық жолдардың бойларында орналасқан шаруашылықтарға таратылуда. Осындай жұмыстардың нәтижесінде жол-көлік оқиғаларын азайтып, түлік санын түгендеумен қатар мал иелерінің жауапкершілігін арттыру көзделген.
– Былтыр облысымызда көлікпен жол үстінде мал қағудың 25 оқиғасы тіркелген. Салдарынан үш адам қайтыс болып, қырық бесі ауыр жарақаттанған. Осының барлығы дерлік қараңғы түскенде жолға шығып кеткен малды байқамай қалып, сол сәтте жылдамдықты тежей алмай соқтығысудан болған, өкінішке қарай соңы қайғылы жағдайлармен аяқталған апаттар. Қазіргі таңда Түркістан-Шымкент, Түркістан-Қызылорда, Түркістан-Шолаққорған, Түркістан-Шәуілдір, Шымкент-Сарыағаш-Жетісай, Шардара-Арыс бағыттарындағы республикалық, облыстық, аудандық маңызы бар жолдардың бойларында орналасқан шаруа қожалықтарының бес мыңға жуық малы жолға жақын жерлерде жайылатыны анықталды. Олардың иелеріне түсіндіру арқылы төрт түліктің мойындарына алыстан жарықпен шағылысқанда көруге болатын ленталарды тағу жұмыстарын жүргізіп жатырмыз, – дейді басқарма басшысы.


