Созақбай Әбдіқұлов: Ескерткіштерді қорғайтын орталық керек
«Ескеркіштерді қорғайтын орталық керек» Созақ топырағы Орталық Азияға ислам дінін таратқан Ысқақ бабтың, Ұлық Ұлыстың рухани ұстыны Баба Түкті Шашты Әзіздің, Қарахан дәуірінің ұлы әміршісі Тамғаш Хасан Боғра ханның мәңгілік мекені. Алтын Орда заманынан жеткен Ақсүмбе – Ақбикеш мұнарасы да осы өлкенің терең тарихынан сыр шертеді.
Аудандағы Ақсүмбе ауылындағы XІІ ғасырдан бері келе жатқан Ақбикеш мұнарасының тарихы тереңде. 2019 жылы республикалық маңызы бар тарих және мәдениет ескерткіштерінің мемлекеттік тізіміне енгізілді. Бұл мемлекеттің осы нысанға айрықша тарихи мән беретінін көрсететін ресми шешім. Алайда, мәртебе берілген киелі нысанның сыртқы қабаты 2020 жылы құлады. Көпке ұзамай реставрация жұмыстары жүргізіліп, қайта қалпына келтірілді. Былтыр мұнараның бір бөлігі құлап, тағы қалпына келтірілді. Бар-жоғы 5 жыл ішінде екі рет құлағанына да бір себеп – ауа райының әсері. «Рейтинг» газетінде бұл туралы егжей-тегжейлі жазған болатынбыз.
Егер табиғи фактор негізгі қауіп болса, онда республикалық мәртебесі бар нысанға қайталап қайта қалпына келтіру жұмыстарын жүргізе бермей, қолайсыз ауа райынан қорғайтын жағдай неге қарастырылмайды? Неге жыл сайын қалпына келтіруге қаржы бөлінгенімен, оны табиғи әсерден қорғау жолы ойластырылмаған? Неге уақытша немесе тұрақты қорғайтын инженерлік қалқан, дренаж жүйесі секілді шешімдер қолға алынбайды? Осы сауалдар бойынша Созақ ауданының құрметті азаматы, Қазақстан халқы Ассамблеясы жанындағы Түркістан облыстық ақсақалдар кеңесінің төрағасы, «Құрмет», «Парасат» ордендерінің иегері Созақбай Әбдіқұловтың пікірін білген едік.
«Біздің ауданда былтырғы көктемде тарихи маңызы зор оқиға болды. Созақ ауылының «Шаһи Ахмет» мешітінің ауласында «Қазыналы Созақ – ұлт руханиятының негізі» тақырыбында халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті. Бұл тағылымды жиын өңіріміздің бай тарихи-мәдени мұрасын кеңінен танытуға, оны сақтау, қорғау және болашақ ұрпаққа аманаттау мәселелерін жан-жақты талқылауға арналды. Конференцияға отандық және шетелдік ғалымдар, Сенат депутаттары, тарихшылар, мәдениеттанушылар, өлкетанушылар қатысып, Созақ өңірінің ұлттық тарихтағы айрықша орны мен рухани құндылықтары туралы мазмұнды баяндамалар жасады. Әсіресе, көне Созақтың Қазақ хандығы тарихындағы рөлі, киелі нысандардың мәні, оларды зерттеу мен сақтаудың өзекті мәселелері кеңінен сөз болды.
Осы жердің азаматы ретінде мен де өз ұсыныс-пікірімді ортаға салдым. Атап айтқанда, Ақбикеш мұнарасын қайта қалпына келтірумен ғана шектелмей, оны табиғи және климаттық факторлардың әсерінен қорғаудың нақты жолдарын қарастыру қажет екенін айттым. Себебі тарихи нысанды қайта тұрғызу бір мәселе болса, оны ұзақ мерзім сақтап қалу екінші, одан да маңызды міндет. Алайда, ең басты мәселе – мәдени мұра мен тарихи-мәдени ескерткіштерге тікелей жауап беретін, жүйелі түрде жұмыс істейтін арнайы орталықтың жоқтығы. Сондықтан Созақ өңірінде тарихи-мәдени мұраны қорғау және дамыту жөніндегі арнайы орталық ашу керекпіз. Мұндай орталықтың басты міндеті ескерткіштерге тікелей жауап беріп, олардың техникалық жағдайын тұрақты бақылау, ғылыми зерттеулер жүргізу, қалпына келтіру жұмыстарын үйлестіру және жергілікті тұрғындар арасында түсіндіру жұмыстарын жүргізу, күтіп баптау, келушілерге жағдай жасау болар еді.
Ең маңыздысы сол орталық «жауапкершілік шашыраңқылығын» жоятын орталық болуы тиіс. Қазір тарихи нысандар бірнеше мекеменің арасында қалып, нақты бір орган толық жауапкершілік алмай отырғаны жасырын емес. Ал арнайы орталық құрылса, киелі орындарымыздың тағдыры бақылаусыз қалмайды, әрбір ескерткіштің болашағы жүйелі жоспармен шешілер еді. Қазыналы Созақ ұлт руханиятының алтын діңгегі. Оны сақтау келешек алдындағы қасиетті борыш. Сол себепті тарихи мұраларды қорғауға арналған орталық ашу біздің өңірдің ғана емес, тұтас ел руханияты үшін маңызды қадам болар еді», – деді Созақбай Әбдіқұлов.
"Рейтинг" газеті


