Қазақстанда мерзімді қызметтегі тағы бір сарбаз қаза тапты
Қазақстан әскерінде тағы бір қайғылы оқиға болды: елдің шығысындағы әскери бөлімдердің бірінде мерзімді қызметтегі сарбаз қаза тапты. Мән-жайды Құрлық әскерлері қолбасшылығы тарқатты, - деп хабарлайды Oinet.kz тілшісі.

Таратылған мәліметке сәйкес, қайғылы жағдай 2026 жылғы 23 қаңтарда болған.
"Өскемен гарнизонындағы әскери бөлімдердің бірінде қарауыл қызметін атқару кезінде мерзімді әскери қызметші өзіне бекітілген қарудан өз-өзіне оқ атып, алған жарақатынан көз жұмды", - деді Қазақстан Құрлық әскерлері бас қолбасшысының тәрбие және идеологиялық жұмыс жөніндегі орынбасары Арынғали Әкішев.
Әскери қызметші былтыр сәуірде мерзімді қызметке шақырылған.
Бұл дерек бойынша Қазақстан Республикасы ІІМ Шығыс өңірлік әскери-тергеу басқармасының Өскемен бөлімі қылмыстық іс қозғады. Соталды тергеп-тексеру барысы Өскемен гарнизонының әскери прокуратурасының бақылауында. Оқиғаның себептері мен мән-жайы анықталып жатыр. Тергеу мүддесіне байланысты өзге ақпарат жария етілмейді.
"Қорғаныс министрінің тапсырмасымен оқиғаның мән-жайын объектив әрі жан-жақты анықтау үшін оқиға орнында комиссия жұмыс істеп жатыр. Комиссияны министр орынбасары, генерал-майор Асқар Мұстабеков басқарады. Қорғаныс министрлігі мен Қарулы күштер басшылығы марқұмның туған-туыстарына көңіл айтады. Отбасына қолданыстағы заңнамаға сәйкес барлық қажет көмек көрсетіледі", - деп қосты Әкішев.


