Өңірлік әкімдіктерде жаңа басқарма құрылады
--Еліміздің 16 облысы мен 2 республикалық маңызы бар қаласында әлі күнге бала құқықтарын қорғау басқармалары құрылмаған. Бұл туралы бүгін Үкімет отырысында Премьер-министр Олжас Бектенов айтты,--деп хабарлады Kazinform.kz
- Балалардың құқықтарын қорғау деңгейін арттыру мақсатында қамқоршылық органдары мамандарының жаңа штаттық нормативі енгізілді. Ол 1 жыл ішінде мамандар санын 3 еседен астам арттыруға мүмкіндік берді. Осы мамандар қатарынан әр өңірде бала құқықтарын қорғау басқармалары құрылып жатыр. Алайда өңірлердің көпшілігінде бұл іске тиісті көңіл бөлінбей келеді. Ақмола, Ақтөбе облыстарында және елордада ғана нәтижелі жұмыс жүргізілді. Қалған өңір әкімдіктеріне екі ай ішінде бала құқықтарын қорғау басқармаларын құру ісін аяқтауды тапсырамын, - деді Олжас Бектенов.
Үкімет басшысының атап өтуінше, өткен жылдың 1 шілдесінен бастап отбасына орналастырудың жаңа нысаны – баланы қабылдайтын кәсіби отбасы енгізілді.
- Оларды қамтамасыз етуге тиісті қаражат көзделген. Алайда бірде-бір облыста жұмыс жүргізілген жоқ. Өңір әкімдіктеріне осы бағытта жұмысты жандандыруды тапсырамын, - деді Премьер-министр.


