Қонаев қаласында жаттықтырушы кәмелет жасқа толмаған қыздарға азғындық жасады деп айыпталды
Қонаев қаласында жекпе-жек клубының жаттықтырушысы мен кәмелетке толмағандар арасындағы сексуалдық сипаттағы әрекеттерге байланысты қозғалған қылмыстық іс қоғамда үлкен резонанс тудырды, деп хабарлайды Oinet.kz тілшісі Orda.kz-ке сілтеме жасап.

Ата-аналар ашық үндеу жасап, тергеу барысында заңбұзушылықтар болғанын және әділдіктің сақталмай отырғанын мәлімдеді.
Orda.kz редакциясы істің мән-жайын зерттеп, ата-аналардың шағымдары мен заңгерлердің пікірін тыңдап қайтты.
2025 жылдың 30 қыркүйегінде жәбірленушілер арыз жазғанымен, алты айға созылған тергеу әлі күнге дейін нақты қорытынды бермеген. Ата-аналардың айтуынша, осы уақыт ішінде айыпталушыға қатысты сараптамалар жүргізілмеген, дәлелдер уақытында жиналмаған, ал арыздар кеш қаралған.
Олардың сөзінше, 2025 жылғы 29 желтоқсанда жиналған барлық заттай айғақтар сараптамасыз айыпталушыға қайтарылған. Бұл кезеңде тергеуші тарапынан толыққанды сараптама жасалмаған, ал айғақтар тек үстірт тексерілген. Ата-аналар мен адвокаттар бірнеше рет істің созылып кеткенін және процессуалдық заңбұзушылықтар бар екенін айтып шағымданған.
Жәбірленуші қыздың анасы Виктория Захарова тергеудің созылып жатқанына алаңдаушылық білдіріп, істі жан-жақты тексеруді талап етті. Оның пікірінше, тергеу әдейі баяулатылып, көптеген заңбұзушылықтарға жол берілген.
Ата-аналардың мәліметінше, іс бұрын аға тергеушінің қаулысымен тоқтатылған. Сол 29 желтоқсандағы шешімге сәйкес, барлық заттай дәлелдемелер сараптамасыз қайтарылған. Кейін іс 9 қаңтарда қайта қозғалғанымен, дәлелдемелер толық қайта алынбаған.
Жәбірленуші тарап бірнеше ай бойы дәлелдердің тергеуші кабинетінде жатқанын көргендерін айтады. Сараптама жүргізу туралы сұрақтарға тергеуші жұмысының көптігін айтып, уақыт тапшылығын алға тартқан.
Сондай-ақ ата-аналар тергеу кезінде балаларға қысым жасалғанын алға тартты. Олардың айтуынша, жауап алу және беттестіру барысында балаларға психологиялық қысым көрсетілген, бұл туралы әр хаттамада шағым түсірілген.
Жәбірленушілердің бірі Надежда Немеровская тергеушілердің балаларды шатастыру үшін сұрақтарды бірнеше рет өзгертіп қойғанын айтты. Сонымен қатар дәл осындай арызбен келген басқа балаларға да қысым көрсетілгенін жеткізді.
Ата-аналар Қонаев қаласының прокуратурасына, облыстық және Бас прокуратураға бірнеше рет жүгінген. Олардың айтуынша, прокурорлар көмек уәде еткенімен, нақты нәтиже болмаған. Тіпті бір кездесуде прокурор айыпталушы туыс болса, қандай жаза сұрар едіңіздер деген сұрақ қойған.
Сонымен қатар спорт клубында бейнебақылау камералары болғанымен, олар тәркіленбеген және ықтимал бейнематериалдар зерттелмегені айтылды. Прокурор істі өліммен аяқталған жол-көлік оқиғасымен салыстырған, алайда ата-аналар мұндай салыстыруды орынсыз деп есептейді.
Жәбірленуші тараптың мәліметінше, іс сотқа жолданбақ, бірақ айыпталушыға тағылған бап оның әрекеттеріне сәйкес келмейді. Олар істі Қылмыстық кодекстің ауырлау баптары бойынша қайта қарауды талап етіп отыр.
Заңгер Алтай Олжайдың айтуынша, кәмелетке толмағандарға қарсы жасалған мұндай қылмыстар аса ауыр санатқа жатады. Балалар жаттықтырушыға сенетіндіктен, мұндай жағдайларды бірден жария етпеуі мүмкін. Сондықтан бұл істер көбіне жасырын түрде өтеді және дәлелдеуді қиындатады.
Маманның пікірінше, мұндай әрекеттер балалардың психологиясына ауыр әсер етеді және мұқият, жан-жақты тергеуді қажет етеді.
Бұл жағдай қоғамда балалар қауіпсіздігі, құқық қорғау органдарының жұмысы және әділ сот мәселесін қайта көтерді. Жәбірленуші тарап істің әділ әрі объективті қаралуын талап етіп отыр.
Аталған басылым істің барысын бақылауда ұстап, тергеу мен сот процесіне қатысты жаңа ақпараттарды жариялап отыратынын жазды.


