20 жастағы сарбаздың өлімінен кейін бөлім командирі мен оның орынбасарлары қызметінен кетті
Өскеменде қаза тапқан сарбаз Қазыбек Оспановтың өлімі бойынша әскери бөлімнің лауазымды тұлғаларына қатысты тергеу аяқталды.

Бас әскери прокуратура 23 қаңтарда қаза болған Оспановтың ісі бойынша Өскемен гарнизонындағы әскери бөлімдердің батальон және взвод командирлеріне қатысты қылмыстық істі тергеп-тексеруді аяқтады.
“Тергеу барысында лауазымды тұлғалардың бірнеше рет жарғыдан тыс қарым-қатынасқа жол бергені, қаза болған әскери қызметкерге және 6 сарбазға психологиялық қысым көрсеткені анықталды. Сонымен қатар взвод командирі қару-жарақты сақтау тәртібіне тиісті бақылау жүргізбей, қызметтік міндеттерін орындаудан шет қалған”, – делінген хабарламада.
Бас әскери прокуратура мәліметінше, тергеу әрекеттерін тиісті түрде ұйымдастыру нәтижесінде жеткілікті дәлелдемелер базасы жедел жинақталды. Қысқа мерзімде қажет сараптамалар жүргізілді, қылмысқа қатысы бар барлық тұлға анықталды.
Билікті асыра пайдалану және қызметке салғырт қарау фактілері бойынша бірнеше эпизодтан тұратын қылмыстық іс сотқа жолданды.
Тергеу нәтижесінде әскери бөлім командирі және оның екі орынбасары лауазымдарынан босатылды, 9 лауазымды тұлға тәртіптік жауапкершілікке тартылды.
“Әскери қызметкерлердің қаза болу фактілері бойынша істерді тергеп-тексерудің толықтығын, жан-жақтылығын және объективтілігін қамтамасыз ету мақсатында Бас әскери прокуратура тарапынан тұрақты негізде тиісті шаралар іске асырылады. Атап айтқанда, тергеу әрекеттерін жүргізу, оның ішінде оқиға орнын қарау әдістемесі, оқиғаның жағдайын егжей-тегжейлі тіркеу және заттай дәлелдемелерді алу рәсімдері жетілдірілді”, – делінген хабарламада.
Сондай-ақ қажет сараптаманы барынша қысқа мерзімде жүргізу туралы меморандумға қол қойылды.


