Теңге күшейді, бірақ халықтың зейнетақы кірісі азайды
Доллардың әлсіреуі салдарынан қазақстандықтардың Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорындағы инвестициялық табысы азайды, деп хабарлайды Oinet.kz тілшісі.

Бұл туралы Сенаттағы брифингте Ұлттық банк төрағасының орынбасары Әлия Молдабекова мәлімдеді.
Журналистер Ұлттық банк өкілінен азаматтардың табысы қаншаға қысқарғанын және зейнетақы қоры қандай көлемде шығынға ұшырағанын сұраған. Молдабекованың сөзінше, теңгенің нығаюы инвестициялық табыстың төмендеуіне әсер еткен, алайда бұл нақты шығын болып саналмайды.
Оның айтуынша, зейнетақы активтерінің шамамен 40 пайызы әртараптандыру мақсатында шетел валютасына орналастырылған. Қаңтар мен наурыз айлары аралығында теңге долларға шаққанда шамамен 5,5 пайызға күшейген. Соның нәтижесінде инвестициялық табыс төмендеп, наурыз айында 240 миллиард теңгеге қысқарған.
“Белгілі болғандай, инвестициялық активтердің шамамен 40%-ы әртараптандыру мақсатында шетел валютасына салынған. Қаңтардан наурыздың соңына дейін теңге долларға қатысты шамамен 5,5% нығайды. Соның нәтижесінде зейнетақы қорының инвестициялық табысы төмендеді. Атап айтқанда, наурыз айында инвестициялық табыс 240 миллиард теңгеге азайды”, – деді Молдабекова.
Сонымен бірге, жыл басынан бері жалпы инвестициялық табыс оң деңгейде сақталып отыр. Ұлттық банк өкілі зейнетақы жинақтарының тиімділігін қысқа мерзімде бағалау дұрыс емес екенін атап өтті. Оның айтуынша, бұл – ұзақ мерзімге арналған жинақ, сондықтан негізгі назар ұзақ кезеңдегі кірістілікке аударылуы тиіс.
“Жалпы, зейнетақы активтерінің кірісін қысқа мерзімде – апта сайын немесе ай сайын бағалауға болмайды. Себебі бұл ұзақ мерзімді жинақ. Сондықтан негізгі көрсеткіш ретінде зейнетақы активтерінің ұзақ мерзімді кірісін қарастырған дұрыс”, – деді Ұлттық банк төрағасының орынбасары.
Бұған дейін Ұлттық банк наурыз және сәуір айларында доллар әлсіреген кезде зейнетақы қорындағы табыстың не себепті төмендегенін түсіндірген болатын.


