Сайлау – суретші көзімен

Бүгін өтіп жатқан Құрылтай сайлауын шымкенттік кәсіби суретші Арман Омаров өз туындысына арқау етті.
Қылқалам шебері ел өміріндегі маңызды саяси науқанның тынысын майлы бояу арқылы бейнелеп, кенепке түсірді.
Суретшінің картинасында дауыс беруге келе жатқан тұрғындар және олардың өз таңдауын жасап шыққан сәті мен сайлау учаскесіндегі қызу тіршілік көрініс тапқан.
Қарапайым сәттерді өнер тілімен жеткізген туынды бірден көпшіліктің назарын өзіне аударды.
Кескіндемеде Әл-Фараби кітапханасында орналасқан №228 сайлау учаскесіндегі дауыс беру барысы бейнеленген.
«Сайлауға тек саяси науқан деп қарамауымыз керек. Бұл әр азаматтың өзінің ел болашағына деген сенімін нығайтатын маңызды сәт. Мен осы тарихи күннің мәнін сөзбен емес, бояумен жеткізуді жөн көрдім», - дейді суретші Арман Бекжанұлы.


