“БҮГІНГІ САЙЛАУДА ҚАЛА ТҰРҒЫНДАРЫ БЕЛСЕНДІЛІК ТАНЫТТЫ”

Бүгінгі Құрылтай сайлауында Шымкент қаласында 365 сайлау комиссиясы жұмыс атқарды. Барлық сайлау учаскелерінде дауыс беру талаптарға сәйкес жүргізілді.
Қалалық Аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы Қайырбек Құнанбаев дауыс беру нәтижелерін қорытындылап, БАҚ өкілдеріне сұқбат берді.
– Еліміздің тарихында алғаш рет өткен Құрылтай сайлауында қала тұрғындары белсенділік танытты. Азаматтарға дауыс беру үшін барлық қолайлы жағдайлар жасалды.
Қалада 1000-ға жуық байқаушы болды. Оның ішінде, 17-і шетелдік азаматтар.
Сағат 20:00-дегі алдын ала мәлімет бойынша қалада 538 145 адам дауыс берді. Бұл - сайлаушылардың 75,42 пайызы. Толық қорытынды нәтиже сәл кейінірек жарияланады.
Сайлау барысында тәртіп бұзу жағдайлары тіркелген жоқ, - деді Қайырбек Көбекұлы.
Айта кетсек, Шымкент қаласы бойынша сайлаушылар саны 793 491 адамды құрады. 2026 жылғы 15 наурыздағы референдуммен салыстырғанда сайлаушылар саны 2,6 %-ға (немесе 18 346 адамға) өсті.


