ҚазҰУ-да жаңа Құрылтайдың саяси рөлі сарапталды
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде «Сайлаудан – шешімдерге: жаңа Құрылтайдың қоғамдық сұранысты жүзеге асырудағы рөлі» тақырыбында дөңгелек үстел өтті.
Жиынға белгілі заңгерлер, мемлекеттік органдар мен сот қауымдастығының өкілдері, сондай-ақ ғылыми қауымдастық пен жас зерттеушілер қатысты.

Шараны ашқан университет басшысының кеңесшісі Еркін Дүйсенов ҚазҰУ-дың Басқарма Төрағасы – Ректор Жансейіт Түймебаевтың құттықтауын жеткізді. Өз үндеуінде ЖОО басшысы жүргізіліп жатқан саяси-құқықтық реформалар жағдайында азаматтардың мүдделерін білдіру, сондай-ақ мемлекет пен қоғам арасындағы сындарлы диалогты арттырудың ерекше өзектілігін атап өтті. Сонымен қатар ректор қоғамдық қатысу тетіктерін одан әрі жетілдіріп, халықпен тұрақты кері байланыс орнатудың маңыздылығына тоқталды.
Жиын барысында сарапшылар Құрылтай қызметінің конституциялық-құқықтық мәртебесін, өкілді орган ретінде қалыптасу ерекшеліктерін және мемлекеттік шешімдерді қабылдау үдерісіне азаматтардың қатысуын қамтамасыз ету тетіктерін жан-жақты талқылады. Сонымен бірге азаматтық белсенділікті дамыту, түрлі әлеуметтік топтардың мүдделерін қорғау мен мемлекеттік институттар және халық арасындағы өзара іс-қимылды арттыру жолдарына басымдық берілді.

Бұдан бөлек, мемлекеттік-құқықтық үдерістерді зерттеудегі ғылыми қауымдастықтың рөліне ерекше назар аударылып, пікірталасқа жас ғалымдар, докторанттар мен магистранттар да белсене араласты.
Дөңгелек үстел қорытындысы бойынша өкілді орган қызметін одан әрі дамыту, қоғамдық қатысу тетіктерін жетілдіру және халықтың құқықтық мәдениетін арттыруға бағытталған практикалық ұсынымдар қамтылған арнайы қарар қабылданды.


