Мен жоқ болған кезде

Oinet.kz 13-11-2019 873

Ажал аяқ астында. Ол айтып келмейді. Тіпті бейдауа дертке шалдыққандар да дәм-тұзы дәл бүгін таусылатынын білмейді. Мүмкін, бір аптадан соң шығар... Бірақ дәл қазір, дәл бүгін екенін сезбейді.

Әкемнің фәнимен қоштасуы мен үшін күтпеген оқыс оқиға болды. Ол 27 жасында қайтыс болды. «27 Клуб»-тың өзге де танымал бола бастаған мүшелері секілді. Ол тым жас еді. Өте жас-тұғын. Менің әкем музыкант емес-ті. Танымал да болмады. Обыр өзіне құрбандыққа жасқа қарап қалғамайды. Ол мен 8 жасқа толғанда өмірден озды. 8 жаста мен оны өмір бойы сағынып өту үшін әбден естияр болдым. Одан гөрі ертерек көз жұмса, әке туралы ешбір естелігім қалмас еді. Мен ешбір мұңды сезінбес едім. Онда мен әке деген ұғымнан тыс қалар едім. Ол еміс-еміс санамда бар. Өйткені, менің әкем бар болды.

мен жоқ кезде.png

Тірі болса, әзіл айтып, маған жөн сілтеп отырар ма еді?!... Мен ұйықтайтын кезде маңдайымнан сүйер еді. Өзі жақсы көретін футбол командасын жақсы көруді міндеттер ме еді, кім білсін. Кей дүниені анамнан артық түсіндіріп беретіні сөзсіз еді.

Ол ешқашан маған өлетіні туралы тіс жармапты. Тіпті аурухана төсегіне таңылып, жан-жағында түтіктер көп болған кезде де ләм-мим демеді. Ол сәтте де әкем келесі жылына жоспар құрып жатты. Бізбен бірге келесі айда болмайтынын сезсе де сөйткен екен.

«Келесі жылы балық аулауға барамыз. Саяхаттаймыз. Бұрын болмаған жерлерге барамыз. Келесі жыл қызыққа толы болмақ». Біз осының бәрін бірге армандаған едік.

Осындай көзқарас маған сәттілік сыйлайды дегенге сенсе керек. Келешекке жоспар құру үмітті сақтаудың өзгеше бір түрі болды. Көзі жұмылғанша мені күлдіре білді. Не боларын сезсе де, маған оны сездірмеді. Менің көз жасымды көргісі келмеді.

Бір күні мектептен анам мені алды да, екеуміз ауруханаға бардық. Дәрігер басымызға түскен қайғыны барынша сыпайы естіртті. Анам жылады. Оның титтей болса да үміті бар еді. Мен қаққан қазықтай тұрып қалдым. Есім жиналмады. Не деп тұр? Дәрігер оп-оңай жазатын дерттің бірі емес пе еді? Мені біреу сатып кеткендей күй кештім. Ашуландым. Бақырып айқайладым. Әкемнің жоқ екеніне көз жеткізгенше есім кірмеді. Жоқ екенін білген кезде сабама түстім. Көз жасыма ерік бердім.

Осы кезде медбике бір қорапты қолыма ұстатты. Қорап ашылмаған хаттарға тола. Мекен-жайдың орнына неше түрлі белгі соғыпты. Медбике қораптан бір хатты алып қолыма ұстатты.

«Әкең осы қорапты саған беруімді өтінді. Бір апта бойы осы хаттарды саған арнап жазды. Дәл қазір бірінші хатты ашып оқи ғой. Бекем болғын».

Хаттың сыртында «Мен көкке ұшып кеткенде». Хатты аштым.

«Ұлым!

Егер осы хатты оқып отырсаң, онда мен бақиға кеткенім. Сондай өкінішті. Мен өлетінімді білдім.

Саған не болатынын айтқым келмеді. Сен жыламаса екен деп ем. Мен солай шештім. Ажалы тақап қалған адамның аз уақыт болса да өзімшіл болуына болатын шығар деп ойладым.

Саған әлі көп нәрсе үйретуім керек. Айтып-айтпай не керек, сен әлі дым білмейсің. Сол үшін саған осы хаттарды жаздым. Уақыты таяғанша оларды ашпа, мақұл ма? Бұл біздің уәдеміз болсын.

Мен сені жақсы көрем. Анаңа қамқор бол. Енді біздің үйдің азаматы өзің.

Жақсы көрем, әкең!»

Жазуы қисық-қыңыр жазбаны әзер түсініп оқысам да, ол мені тыныштандырды. Сәл де болса жымидым. Менің әкем осындай қызықты ойлап тауыпты.

Бұл қорап менің өмірімнің мәніне айналды. Анама оны ашпа деп ескерттім. Хаттың бәрі менікі еді. Басқа ешкімге оларды оқуға рұқсат берілмеді. Хаттардың сыртындағы жазудың бәрін жаттап алдым. Оларды ашу уақыты жеткенше біраз күтуіме тура келді. Оған дейін хат туралы ұмытып кетіппін.

Жеті жылдан кейін басқа жерге көшіп келдік. Шашылып жатқан заттар ішінен қорапты таба алмадым. Қайда болуы мүмкін деп көп ойландым. Қорапты ұзақ уақыт бойы іздедім. Бір күні бір жағдай болды.

Менің анам екінші қайтара күйеуге шықпады. Неге екенін әкем оның өмірлік махаббаты болды дегенге сенгім келеді. Сол кезде анам бір жігітпен кездесіп жүрді. Бірақ онымен кездесу анама жақпайтындай көрінетін. Ол жігіт анамды түк сыйламайтын. "Барда танысқан осы жігіттен артық жігітке лайық емессің бе?"

Менің аузымнан «бар» деген сөзді естігенде анам бетіме шапалақпен шарт еткізгені әлі есімде. Соған лайық болғанымды өзім де сездім. Шапалақтан көзімнің оты жарқ ете қалғанда хат салынған қорап есіме түсті. Нақтырақ айтқанда «Анаң екеуіңнің араңда ұрыс керіс шықса» деген хат есіме түсті.

Өзімнің жатын бөлмемді ақтарыстырып, жоғарғы сөреде тұрған шабаданның ішінен қорабымды таптым. Хаттарды қарап шықтым. «Алғашқы сүйіс болған кезде аш» деген хатты оқымағанымды білдім. Осыны ұмытқаным үшін өзімді жек көрдім. Ол хатты кейінге қалдырдым. Дегенмен, іздегенімді таптым.

«Енді бар да одан кешірім сұра.

Неге ұрысқандарыңды білмеймін. Не үшін ұрысқандарыңды да білмеймін. Бірақ мен сенің анаңды жақсы білем. Жай ғана кешірім сұра. Бітті. Сол жеткілікті. Осыдан жақсысы жоқ.

Ол сенің анаң. Ол сені жер бетіндегі адамдардың бәрінен артық жақсы көреді. Егер өз күшіңмен босансаң балаға жақсы болады деген соң ол сол тәуекелге бел буғанын білесің бе? Әйелдің босанғанын көріп пе едің? Ананың махаббатына бұдан артық қандай дәлел керек?

Кешірім сұра. Ол сені кешіреді».

Әкем қаламы қарымды жазушы болмады. Ол жай ғана банктегі клерк еді. Бірақ оның сөздері маған қатты әсер ететін. Менің 15 жасқа дейінгі ақылымды қоса алғанда бар тәжірибем әкемнің сөздеріндегі даналыққа татымайтын.

Анамның бөлмесіне барып, есігін аштым. Ол маған қарай бұрылғанда көзімнен жас еріксіз шығып кетті. Әкемнің хатын қолыма ұстаған күйі анама қарсы жүрдім. Ол мені бас салып құшақтай алды. Осылай екеуміз біршама уақыт құшақтасып, үндемей тұрдық.

Татуластық. Аз-кем әкем туралы сөйлестік. Әкем жанымда отырғандай сезіндім. Мен, анам және біз үшін ақ қағазға жазып қалдырған әкемнің титтей бір бөлшегі.

«Алғашқы қатынастан соң» деген хатын оқуым үшін тағы біраз уақыт өтті.

«Құттықтаймын сені, ұлым.

Алаңдама, біраздан соң бәрі жақсы бола бастайды. Бірінші рет адамның бәрі қорқады. Мен бірінші рет ұсқынсыздау әйелмен болғам. Оның үстіне ол жезөкше еді.

Осы хатты оқып алып бейкүнәлік деген не деп анаңнан сұрайсың ба деп қорқам».

Әкем менің әр ізімді бағумен болды. Өзі жоқ болса да, ол әрдайым жанымда еді. Оның сөздері басқа ешкім істей алмайтынды істеді. Олар мені жігерлендірді. Өмірімдегі тар жол, тайғақ кешуден аман өтуіме көмектесті. Айналамды тұман басқанда ол әркез менің жымиюма себепші болды. Ашуланған сәтте санамды сабырға шақырды.

«Үйленген кезде» деген хаты мені қобалжытты. «Әке болғаныңда» деген хаты одан сайын толқытты.

«Енді сен шынайы махаббаттың не екенін түсіндің, балам. Оны қалай қатты сүйетініңді сезінесің. Шынайы махаббат деген – сенің құшағыңдағы кішкентай бөбекке деген ықыласың. Оның қыз, я бала екенін білмеймін».

Әкем жазған хаттардың ішіндегі ең ауыры әрі ең қысқасы «Анаң қайтыс болғанда» дегені болып шықты.

«Енді ол менікі».

Қалжыңбас! Мен күле алмаған жалғыз хат осы еді.

Мен әрқашан оның айтқандарын жасап, хаттарды мерзімінен бұрын ашпайтынмын. Тек бір хатты ғана ертерек аштым.

«Егер сен гей екеніңді түсінсең». Ең күлкілі хат осы боп шықты.

«Не айтайын? Өліп қалғаным жақсы болған екен.

Бір түсінгенім, өлер алдында ғана мәнсіз дүние туралы көп алаңдағанымызды білеміз. Ол бірдеңені өзгертеді деп ойлайсың ба, балам?»

Келесі хатты ашудың уақытын тағатсыздана күтетінмін. Әкем үйрететін келесі сабақ мен үшін маңызды еді. 27 жасар жігіттің 85 жастағы шалға үйретері мол екені қандай ғажап. Қазір жасым 85-те.

Аурухананың төсегінде обырдың кесірінен мұрныма тағылған түтікпен дем алып жатқанымда, соңғы хатты ашуға ыңғайландым. «Дәм-тұзың таусылғанда».

Мен оны ашқым келмейді. Қорқамын. Уақытым таяды дегенге сенгім келмейді. Бір күні өлетініне ешкім де сенгісі келмейді. Терең тыныстап, хатты аштым.

«Амансың ба, балам! Мыжырайған шал болдың деп үміттенем. Білесің бе, бұл хатты ең бірінші болып жазғанмын. Осы хат сені жоғалтып алудың қайғысынан құтқарды мені. Көрер жарығың аз қалғанда санаң тұп-тұнық бола бастайтындай. Бұл туралы айту да қиынға түспейді.

Ауруханадағы соңғы күндері өмірдің мәні туралы көп ойландым. Менің өмірім тым қысқа, бірақ өте бақытты болыпты. Мен сенің әкең болдым, анаңның жары атандым. Бұдан артық не сұрай алам? Осыны түсіну маған рухани тыныштық сыйлады. Сен де солай жаса.

Саған айтар ақылым: «қорықпа».

Аударған Шынар Әбілдә

Ананың айналайыны жанға дәру немесе игі тілек тілеудің пайдасы!
Обырды жеңген Дарья Донцова
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу