Сәкен Сыбанбай. Ауруханадағы өмір

Oinet.kz 30-03-2019 738

«Жазым болса, быламыққа да тіс сынады» деген рас-ау. Ержанның алты жасар ұлы Имаш үйдегі екі қабатты балалар төсегінен құлап, аяғын сындырып алды. Сол төсекті сатып алғанда балалары сондай қуанып еді. Расында да, аядай бөлмеге екі төсек қойса, адам айналар жер қалмаған болар еді, ал мынау көп орын алмайды, әрі ықшам, әрі ыңғайлы. Ересектеу екі қызы соның астыңғысын бірі, үстіңгісін бірі таласпай-ақ иемденіп алған-ды. Әлі мектепке бармаған еркетай Имаш болса, әдеттегідей әке-шешесінің жанына жататын. Енді, міне, сол төсекке шығып ойнаймын деген балақай ойда жоқта майып болып отыр.

f93cc267208a8b3a7830f8df83d62a66.jpg

Майып болған балалар-ай тынымсыз...

«Жедел жәрдем» шақырған Ержан әйелі Ғалия екеуі алғашында аса қатты алаңдаған жоқ. Өйткені, ары кетсе бір жарым метр болатын биіктіктен құлаған баланың аяғы тек қатты ауырып қалған шығар, ары кеткенде шығып кетті ме екен деп қана уайымдаған. Алайда, қалалық балалар ауруханасына келіп, рентгенде түсіргенде көрді: қара санның жамбасқа таяу тұсы шытынай сыныпты. Дәрігерлердің түсіндіруінше, әжептәуір ауыр жағдай, сүйектің бұлай мертігуі аса қолайсыз жығылудан болуы мүмкін. Шамасы, бала төсектің екінші қабатынан жай емес, аяғы қайырыла құласа керек. Амал жоқ, тынымсыз балақай сөйтіп ауруханаға төсегіне таңылуға мәжбүр болды.

Енді ата-ананы «балаға кім бас-көз болады?» деген мәселе қинады. Шынына келгенде, мұндай сауал туындамас та еді, бірақ Ғалия соның алдында ғана тәп-тәуір жұмысқа тұрып, жаңадан кірісіп жатқан болатын. Бір ай емделетін баланың ахуалына бола ондай оңды орыннан айрылып қалудың қалайда қисыны жоқ. Ақыры екі жаққа тиімді келісім жасалды: Ғалия бастапқыда жұмысынан он күнге сұранып, Имаштың жанында болды, сосын баланың қалған жиырма күндік күтімін өз басшыларына жағдайды түсіндіріп айтқан Ержан өз мойнына алды.

Бала кезінде ақ халаттыны көрсе өзі де анадайдан айналып қашатын Ержан ауруханаға жатқан уақытта балақай сәл тәуір боп қалып еді. Дәрігерлер операция жасау арқылы сынған аяғының тізе тұсынан сымтемір өткізіп, жоғары көтеріп асып қойыпты. Медбикелер күнара сол жарақаттың маңын тазалап, қайта таңып кетеді. Имаш ойыншықтарымен ойнап жатады да қояды, аса қиналмайды, жыламайды. Әйтпесе тумысынан балажан Ержан ұлымен қосылып жылауға бар. 

Ауруханаға қарасын көрмегелі қай заман? Құдай көрсетпей-ақ та қойсын-ау. Бірақ мұнда келгенде байқағаны – майып болған балалардың көптігі. Әсіресе аурулар қабылдайтын бөлім қашанда сапырылысады да жатады: зар еңіреген балаларын құшақтап келген ата-аналар, оларды тіркеп, тексеріп, операция бөлмесіне немесе палаталарға бөлуші ақ халаттылар, емделушілерге дәрі-дәрмек, ас-ауқат әкелген дос-жаран, ағайын-туыстар... Балалардың мұнда түсу жағдайлары да әрқилы: біреуі белесебет теуіп жүріп құлаған, бірі төбелесте қолын сындырған, бірі байқаусызда күйіп қалған, бірі күрес бәсекесінде жарақаттанған, енді бірін көлік қағып кеткен... Көп, көп... Шошисыз. Жылаған, шырылдаған бала даусынан құлақ тұнады...

Ақ халатты... ұстаздар

Палатада бұлардан басқа алты бала жатады екен. Көпшілігі ересектеу, яғни, жанында ата-аналары жоқ, өздерімен-өздері. Үшеуі қазақ, бірі орыс, бірі татар, енді біреуі ұйғыр. Қазақ баланың біреуі, сосын татар мен ұйғыр – орыстілді. Бірін-бірі мазақтауға келгенде алдарына жан салмайды. Көрші палатадағы оңбай күйіп қалған біреуді «Шашлык» дейді, гипспен қолын жоғары көтере қатырып тастаған бірін «Гитлер» деп келемеждейді. Сосын әке-шешелерінің әлеуметтік мәртебесі де жаман емес-ау, бірінің қолында – ноутбук, енді бірінде – айфон ба, айпад па, әйтеуір Ержан біле бермейтін бір ғаламат. Өзара алмасып, ғаламторға кіріп, ноутбуктен бірлесе кинофильм көріп, қызыққа батады да жатады. Ата-аналары келгенде «енді маған мынадай диск әкелші», «анадай киноны тауып әкеп берші» деп, жамырай тапсырыс береді. Татар да, ұйғыр бала да туыстары келгенде олармен өз тілдерінде сөйлеседі, отбасында тәрбие солай болса керек. Бірақ көп ұзамай өзара тағы да орысшаға кіріседі.

Күнде аурухана палаталарын аралап ақ желең жамылған мұғалімдер жүреді. Сөйтсе, оларға ұзақ уақыт емделіп жатқан балаларға сабақты осында келіп өткізу міндеттеледі екен. Ержан өз палатасындағы оқушылардың дені орыс мектебінде оқитынын сонда байқады. Бірақ сол балалардың сабаққа мүлде ынтасы жоқ. Әйтеуір амалдың жоқтығынан, мұғалімнің өзі салпақтап келіп тұрған соң, күмілжіп, міңгірлеп, жауап берген болады. Оған ұстаздың көңілі толмайды. 

– Таңертеңнен кешке дейін диск көре бергенше, бір мезет өткен сабақтарды қайталай салсаң, берілген тапсырманы орындап қойсаң болады ғой, – деп ренжиді. – Қандай кино көріп отырсың?

– Фильм-ужас, – дейді бала.

– Ой, Құдай-ай, басқа дұрыс кино таппай қалдың ба?

– Қызық қой осы! Міне, көріңізші, – деп бала ноутбугын ұстазына бұра қойды. Шағын экрандағы шашырай төгілген қанды, әлдебіреудің қолын кесіп алып, енді бұтын бұтарлауға кіріскен маньякты көрген бойда шошып кеткен мұғалима: 

– Ойбай, құрт мына пәлеңді, өшір! – деді жан дауысы шығып. – Қалай қорықпай, жүрегің тітіркенбей көріп отырсың? Баяғыда, – деді сосын Ержанға бұрылып, – Гогольдің «Вий» атты шығармасы арқылы экрандалған сол аттас фильмді де қорқынышты деп ойлаппыз-ау. Үлкендер соны да «көрмеңдер» деп ұрысушы еді.

– Мынадай қанды қасаптардың қасында ол өте мейірімді дүние ғой, – деп күлді Ержан да. – «Шаншардағы» Уәлибек айтпақшы, бүгінгі балалар шімірікпей қарайтын «ужастарды» көрсе, баяғының өзіміз дірілдей қорқатын жалмауыз кемпірі мен жалғыз көзді дәуі зәресі қалмай, біздің артымызға кеп тығылатын шығар.

...Орысша сабақ беретін мұғалімдер сапырылысып, сан кіріп, сан шығады. Қазақ мектебінде оқитын екі бала мұғалімнің қарасына зар болды. Бір күні «қазақша мұғалім келіпті» деген әңгімені құлағы шалып еді, әлгі екі балада ес қалмады. «Көрші палатада екен, қазір бізге келеді» дейді бірі дәлізге шығып келіп. Ақыры бұларға да келді-ау. Сондағы жаңағы оқушылардың қуанғаны-ай! Мұндай да сабаққа құштар балалар болады екен-ау! Екеуі жарыса айтып, жамырай жауап беріп, математикадан да, әдебиеттен де, тарихтан да, жағрафиядан да «5» алып жатты. Ал ештеңені де қарық қылмаған, бәріне жоғарыдан менсінбей қарауға бейіл, бірақ оқуға құлқы жоқ орыстілді балалар бұларға таң қала қарап қалыпты.

«Әй, осы қатындарды Құдай алмайды!»

5-палатада Ержаннан басқа ересек адам жоқ еді, бір күні аяғын сындырып алған 4 жасар ұлымен жас келіншек келіп түсті. Байғұс бала екі-үш күн бойы қиналды. Дерт атаулының түнде дендейтіні бар ғой, күндіз тыныш, ал түн баласы шырқырап жылап шығады. Шешесі бейшара жұбатуға тырысады, «қазір басылады, қояды» деп алдаусыратады, «сен жігітсің ғой, күштісің, төзуің керек» деп қайрайды, «әне, басқа балалардың бәрі ұйықтап жатыр, көрдің бе, олар шыдамды, сен ғана жылауықсың» деп ұрысады. Бала бәрібір қоймайды. Енді ана байғұс қанша төзімді болса да, ашуланып, «қой деймін, әйтпесе таяқ жейсің!» дейді, шапалақпен бетінен жайлап тартып жіберген болады. Қиналған баланың қыңқылы сонда да басылмайды, жылауын үдете түседі. Сорлы ана бағанағының бәрін қайта бастайды: жұбатады, айналып-толғанады, қайтадан жігерлендіреді, алдаусыратады... Сөйтіп, түн ортасынан ауғанда барып, әбден сілесі қатқан екеуі ұйқыға кетеді. Осының бәрін сезіп-біліп жатқан Ержан да бір «уһ» дейді.

Жалпы, ауруханада жатқан уақытта Ержанның бір көзінің жеткені – әйел затының төзімділігі. Мәселен, өз баласы түнімен жылап шығар болса, бұл жаңағы келіншектің шыдамының ширегін де көрсете алмас еді. Дереу Ғалияға қоңыраулатып, «жұмысың да, басқасы да құрысын, кел де, өзің қара мына балаға!» дер еді. Шырқырап жылаған сәбиін көтеріп, ыңылдап ән айтып, жұбатқан болып таңды дәлізде сенделіп жүріп атқызған талай әйелді көрген соң, Ана деген құдіретке бас имеске лажы жоқтығын ұқты. Ер адам өз анасын қадір тұтады, бірақ кейде жан жарының да балалары үшін дәл сондай ана екенін ескере бермейтіні несі екен?

– Әйеліңіз екеуіңіз ауысқан екенсіздер ғой? – деді бір күні еден жуып жүрген егде әйел Ержанға. – Е, дұрыс, о сорлы да бір демалсын да. Қайта сіз балаңыздың операциядан кейінгі әуелгі ауруы басылып, тынышталғанда келдіңіз ғой, міне, қазір өзімен-өзі ойнап қана жатыр. Алғашқы күндері қалай қиналғанын көрсеңіз еді! Әйеліңіз байғұс қайта шыдамды екен, айналды-толғанды, алдаусыратты-жұбатты, әйтеуір үш күн ұйқы көрген жоқ. Е, әйел жарықтық төзімді ғой, қайтсін, бала жыласа, жаны шығып кете жаздайды емес пе? Еркектер соның қадірін біле ме өзі деймін де. Ас-ауқат, дәрі-дәрмегін әкеп, терезеден бересіңдер де, соның өзін үлкен жұмыс санап, қайқайып жөнелесіңдер. Әйелдің көрген қиындығын Құдай сендерге көрсетсінші, бір күн де шыдамас едіңдер...

...Түнімен әбіржіп шыққан әйелдер ертеңіне өздерін алда тағы да сондай мазасыз күндер мен түндер күтіп тұрғанын елең де қылмастан, өзара қалжыңдасып, әңгімелесе отырып, шәй ішетіндерін қайтерсіз? Арасында балаларының қызықтарын, күйеулерінің мінездерін, енелерінің беймазалығын, құрбыларының уайымын, туыстарының алда болғалы жатқан тойларын да қалдырмай айтып отырады. Олардың түк болмағандай осы қалыптарына қарап, таң қалған Ержанның есіне Шыңғыс Айтматовтың «Қош бол, Гүлсары!» хикаятындағы Танабайдың еш қиындыққа мойымайтын әйелдер туралы: «Әй, осы қатындарды Құдай алмайды! Біреудің үйінде мейман боп отырғандай-ақ ананы-мынаны әңгімелеп, қаннен-қаперсіз шайды соғып отыр», – дейтіні түсті.

* * *

Имаштың аяғы жазылып, өз ісінің майталман шеберлері – дәрігерлерге ризашылығын білдіріп, үйге шыққаннан кейін Ержан ауруханада өткізген уақыт өзін әжептәуір өзгертіп жібергендей сезінді.

Шымкентте Ұлы Абайдың ұрпағы тұрады
Қонаққа бала ертіп барған дұрыс па?
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу