Әзілдің шыңына жеткен Әзиз Несин

Oinet.kz 18-12-2014 1324

Әзиз Несиннің есімін естіген жұрттың езуіне бірден  күлкі үйірілетіні сөзсіз. Бірақ түрік топырағында дүниеге келген жазушы, сатириктің өмір жолы шығармаларындағыдай күлкілі, керемет болған жоқ.  

image.png

Ол 1915 жылы Стамбул қаласының Хейбелиад деген жерінде туылған. Бұл  Бірінші дүние жүзілік соғыс жүріп жатқан кезең еді.  Өз өмірбаянында Әзиз мұны былайша баяндайды: «Туған жерім Хейбелиад қалталылардың мекені еді. Ондай жерде мен сияқтылар тұруға тиіс емес екен. Әйтсе де мен қалтасы қалың қаһарлы түріктердің сол жұмағында туыппын. Ал бұл дүниенің мықтылары кедейлерсіз күн көре алмайтыны анық қой. Сондықтан біз Хейбелиадты мекендеп тұра беріппіз.

Мен өзімнің бай, текті, атақты әулеттен шықпағаныма күні бүгінге дейін шүкіршілік етемін». 

 Ия, ол тым қарапайым болды. Әзиздің шын есімі  Нүсрет. Арабша  «Алланың рақымы» деген сөз. Анасы тұрмыс тауқыметінен небәрі 26 жасында көз жұмады. Ағайынды төртеудің ішінен  жалғыз Әзизге 80 жыл ғұмыр кешу бұйырыпты. Жастайынан жазушылыққа ден қойған оған әкесі «Шырағым, сен жазушылықты қой, күнкөрісіңді ойла» деп ақылын айтқанымен, Әзиз қайда жүрсе де, нендей кәсіппен айналысса да қолынан қаламын тастамаған. 

Ол заманда кедейдің балалары тек әскери училищеде ғана тегін оқи алатын. Әзиз де көп кедейдің бірі болып сол оқуға түседі.  1934 жылы Түркияда әрбір түрік өзіне фамилия алуға міндетті және кім қай фамилияны алса да ерікті деген заң шығады. Әзіл әңгімелерімен  таныла бастаған жазушы Несин деген фамилияны осы тұста иемденеді. 

--Маған тым болмаса өркештеніп жүрерлік дені дұрыс фамилия да бұйырмады, содан соң «Несин» («несің») деген фамилияны ала салдым. Жұрт фамилиямды атап шақырып сөйлескен сәттерде өзімнің кім екенімді, не екенімді ойлап жүрейінші деп ұйғардым,--деген екен жазушының өзі. 

1937 жылы Несин офицер шенін алады. Әскерде жүргенде-ақ  алғашқы шығармаларын жаза бастайды.  Әскери адамдардың баспасөзге оны-мұны жазғанын бұл кезде ешкім құптамайтын. Сондықтан  ол әңгімелерінің соңына Әзиз деп әкесінің атын қоюға мәжбүр болады. Сол бүркеншік ат ақырында Нүсрет Несин екенін ұмыттырып, Әзиз Несин болып елге танылады. Көптеген жазушылар секілді ол да шығармашылық жолын өлең жазудан бастайды. Бірде  түріктің атақты жазушысы Назым Хикмет оған өлеңдерінің нашар екенін айтып, «одан да әңгіме, роман жаз» деген кеңес береді. Содан тұңғыш әңгімесін жазып жергілікті газеттің редакторына барады. Редактор әңгімесін оқып шығып, жылаудың орнына сақылдап күле бастайды. Мұндайды күтпеген Әзиз әңгімесінің қайғылы емес, күлкілі екеніне көзі жетеді. Содан кейін оның көптеген шығармалары газет, журнал беттеріне шыға бастайды. Көңілсіз әңгіме жаза тұрып, жұртты күлдіретін қасиетінің арқасында Әзиз Несин сатирик жазушыға айналады.  Көптеген жазушылар бір-екі жанрмен шектеліп қалса, Әзиз барлық жанрда қалам тербеп шығады. 1945 жылы Әзиз қызмет жасап жүрген «Таң» газеті өкімет орындарының айтағына еріп, оны жұмыстан босатып жібереді.  Екі қолға бір күрек таба алмай ұзақ сенделеді.  «Әзиз Несин» деп қол қойылған әңгімелерін тірі пенде алмайтын болады. Несин газет-журналдарға оны-мұны жазып тұру үшін әртүрлі бүркеншік аттарды қолдана бастаған. Оның бүркеншік аттарының ұзын саны екі жүзден асқан. Бірақ, бүркеншік аттарының көптігі Несин шығармаларына келтірген кесірі аз болған жоқ. Мысалы, бір әңгімесіне ол француз болып қол қояды. Ол дүниежүзі юмористерінің антологиясына француз жазушысының әңгімесі деп енгізіліп кетеді. Сол секілді Қытай болып қол қойған әңгімесі кітаптарға қытай тілінен аударма деп жарияланады.

Лайықты жұмыс таба алмаған соң  әңгіме жазумен қатар саудагер де, жидашы да, есепші де, газет сатушы да, фотограф та болып нәпақасын тауып жүрді. Бірде Әзиздің  Мысыр патшасы туралы жазған әңгімесіне қатты шамданған Египеттің патшасы Фарух «мені мазақтады» деген айыппен оны түрмеге жабады. Несин  бес жарым жыл өмірін абақтының төрт қабырғасында өткізеді. Ол темір тордан босанып шыққан соң да күлкімен астарланған шығармаларды жазуын тоқтатпады. 1956 жылы осындай шығармаларының арқасында юморист жазушылардың халықаралық конкурсында бірінші жүлде мен «Алтын пальма бұтағы» медалін иемденеді. Бұл оның жазушылық жолындағы алғашқы үлкен жетістігі еді. Бұрын әңгімелерінен ат-тонын ала қашатын газет-журналдар енді оның аяғына оралатын болды. Көп ұзамай ол аталған сыйлықты екінші рет жеңіп алады.  1956 жылы  юморист жазушылардың халықаралық конкурсында Әзиз  Несин «Алтын кірпі» медалінің иегері атанады.  1960 жылдың 27 мамырында  Түркияда саяси төңкеріс басталғанда «Алтын пальма бұтағының» біреуін мемлекет қазынасына сыйға береді. Ал мемлекет «сыйға сый» жасап, Әзизді тағы да темір торға қамады. Осылайша әйгілі сатирик әзілдерінің арқасында ауа-райы секілді мың құбылған құрметті де, қорлықты да қатар көрді. 

Әзиз Несин  «Адамзаттың тарихында ажалдан қашып құтылып кеткен бір де бір айлакердің болмай келе жатқаны өкінішті-ақ. Алдымда сондай өнеге болмаған соң, қайтейін, күні ертең көппен бірге өлмеске амалым жоқ,— бір жақсысы, әйтеуір, өлгенім үшін өзім кінәлі болмаспын…» деп жазған жазушы 1995 жылы өмірден озды. Сексен жылдық ғұмырында ол Түркия әдебиетіне 2000-нан астам ғасырлар бойы құны өлмейтін шығармаларын қалдырып кетті. 

Өзгенің басындағы қиын жағдайды өзінікіндей көретін ол жетім балаларды қатты аяйтын.  Стамбулдан 60 шақырым қашықтықта жатқан Чаталджа аймағында төрт қабатты тастан соғылған үй бар. Бұл атақты жазушының сатылған кітаптарынан түскен қаржыға жетім балаларға қамқорлық жасау үшін салынған үй. Әзиз қайтыс боларының алдында кітаптардан түскен пайданың барлығын сол балаларды оқыту, тамақтандыру, киіндіру үшін арнайы қор ашуын ұлы Әлиге аманат етіп кетеді. Жалпы әзілкеш жазушының қолынан келмейтін іс болмаған. Достарына әзілдеп «менің қолымнан бір-ақ нәрсе келмейді, ол бала туу»  деген екен.   Ол екі рет некелі болды. Төрт баласы бар.

Салмағы зіл батпан, жүгі ауыр сатираның жілігін шаққан Әзиз Несин – тек Түркия емес, әлемдік әдебиеттегі сатира жанрының классикасына айналған ұлы тұлға. 

Тәушен Әбуова - айтыстың ақберені
Бақыт – бір сәттік
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу