Шәмші Қалдаяқовтың ешкімге айтпаған құпиясы

Oinet.kz 05-08-2010 1524

Screenshot_4.jpg

Осы күндері мен бір нәрсеге өкініп жүрмін. Өйткені сонау 1988 жылы Шәмші ағаның ауданда бір жетідей іс-сапарда болып, сондағы бірге жүріп, бірге тұрған кездерім жайлы естеліктерімді алғашқы кезден ортақ бір тақырыппен сериялы етіп жазбағаныма өкінемін. Шәмші аға туралы естелік жазу қандай ғанибет. Сол бір күндерді еске алған сайын жаным жадырап, ойым серігіп, шаттанып қаламын.

...Әдеттегідей, іс-сапардан кештеу оралдық. Шәмші ағаның «бір-екі кесе ыстық шәй ішіп алсақ» деген ұсынысымен жаюлы дастархан басына келіп отырғанбыз. Бұдан бір күн бұрын ғана Шәмші аға өзінің ішкілікті қалай қойғаны жөнінде егжей-тегжейлі, әдемілеп айтып берген. Сонымен бұл жөнінде әңгіме тәмам. Осылай бір сәт өз ойымызбен өзіміз болып отырған кезде есікті айқара ашып, Жүзімдіктегі Қылмырза көкем кіріп келді. Сәлемдіктен соң Шәмшінің қолын жіберместен, аз-кем уақыт тұрып.

--Сен Шәмші емессің бе, а....?—деп таңқырқай қарады.

--Дұрыс айтасыз,--деді Шәмші аға.

Жай-жапсарды есіткеннен соң Қалмырза аға маған қарап:

--Айтпайсың ба, айтпайсың ба, Шәкең келді деп, айтсаң қайтеді,—деп ағалық жолмен өктемдік таныта сөйледі.--Қызық-ай осы Серікбай,--деді әңгімесін соңында.  Жарықтық Қалекең осылай бір сөзді екі рет қайталап, не болса соған таңқырқай қарап жүруші еді.

Қалекең тағы да:

--Не, редактордың үйінде арақ жоқ па, арақ жоқ па? Мына отырыс не отырыс...Шәкеңді көргеніме, кездестіргеніме қуаныштымын. Ой-бу-у бұл кісілермен бір стакан соғыстырғанның өзі неге тұрады. Шаяннан шыға берісте «Москвичім» бұзылып қалып, қарашы мына дәм-тұз, әсіресе, шақырсақ келмейтін Шәкеңмен кездескенімді айтсайшы, Әкел, келін жүз грамм, жүз грамм...,—деп бұйырды келіні Күнқияшқа.

Осы тұста Шәкең жайлап Қалекеңнің тізесін баса сөйледі:

--Қалеке, ниетіңізге рахмет, бұл үйге келгеніме 4-5 күн болды. Мына Серікбаймен ауданды аралап, бірге жүрміз. Ішпейтінімді Серікбай да жақсы біледі. Сізге де соны айтамын, оның менен қалғанына он жыл болды. Сондықтан келінді әурелеудің қажеті жоқ,--деп ризашылығын білдірді.

--Болды, болды,--деген Қалекең үстемдей сөйлеп Шәкеңді енді басқа сұрақтардың астына ала бастады.

--Сонау алыста жүрсек те өзіңнен бұрын әндеріңді жақсы білеміз. Өзіңді сырттай қадірлеп, құрмет тұтатын көптің бірімін. Енді бүгін өзіңмен жүзбе-жүз кездесіп, бетпе-бет әңгімелескеніме қуанып отырмын. Біз Шәмші Қалдаяқов арақ ішпесе ән шығара алмайды екен деп естуші едік, сонда қалай болды?,--деді Қалекең Шәкеңе барлай қарап. 

--Мен сізге айтайын, осы сұрақ менің алдымнан көп шығады. Қай жерде, қандай кездесулерде болсын менің тыңдармандарым дәл осы сұрақтан еш жаңылысып көрген емес, әрі оны бірінші кезекте қояды ғой, тағы да. Мейлі ғой, кімнің аузына  қақпақ боласың, айтса айта берсін. Бірақ қай әнді қалай және қандай жағдайда шығарғаным өзіме ғана аян. Мен тек бір ғана әнімді 1962 жылы ішіп отырып шығардым. Ән «Әнім сен едің» деп аталады. Ол кезде мен Шымкентте тұратынмын. Ән ырғағы бойымды кернеп қыса бастаған тұста қасымда Қалаубек Тұрсынқұлов болды. Ол өлкелік комсомол комитетінің хатшысы болып істейтін еді. Қалаубек маған деп әдейі ала келген бір шишасының аузын ашып, құйып беріп отырды. Ал ән  ырғағын мандолға қосып, қайталаумен болдым. Оның әкелген шишасы қалай таусылды, менің әнім де пісіп жетілді. Бірақ бұл әуенді екінші бөтелке бастамай тұрып нотаға түсіріп үлгердім. Міне, бұл сіз айтқандай ішіп отырып жазған ең бірінші және ең соңғы әнім еді. Сондықтан аға сіз енді бұдан былай осылай деп айта жүрсеңіз болар еді,--деп Шәкең әңгімесін аяқтады.

Қалмырза аға қашан Шәкең өзін аяқтар екен деп асыға күтіп отырса керек:

--Серікбай осы үйде мандол бар емес пе, әкел соны,--деп жан-жағына қарады. Ол кісінің мандолда жақсы ойнайтынын бала кезімізден білетінбіз. Мен әкеліп берген мандолды қолына ала сала Қалекең:

Қүрбым, жан құрбым, бала кезімнен

Бақыт көруші ем қара көзіңнен

Кеттің ұмытып, мәңгі ұмытып,

Жібін үздің ғой, нәзік үміттің,--деп шырқап ала жөнелді.

Мынадан бері өзін тұйықтау ұстап отырған Шәмші аға рас па, өтірік пе дегендей Қалекеңе ұзақ таңырқай қарап қалды.

Әу, демейтін қазақ болушы ма еді. Шәкеңнің жүзі жадырап сала берді.

Серікбай ДӘУЛЕТБАЙҰЛЫ,

журналист, Бәйдібек ауданының Құрметті азаматы

Арман мен Ашаның бейнебаяны аз уақытта миллион қаралым жинады
Еркебұлан Дайыров: Мен Мақпалмен сүйіскен жоқпын
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу