Жұмағали Исмаилов алған орденнің қылмыстық топқа қатысы бар ма?

Oinet.kz 22-03-2019 902

Screenshot_18.jpg

Сәби сүюді армандаған жүкті әйелдердің бірінен соң бірі ажал құшуы жиі қайталанып, қайғылы оқиғалар өршіп тұрған тұста ана өлімі азайды деп жұртқа жалған ақпарат таратудан арланбаған Оңтүстік Қазақстан облыстық денсаулық сақтау басқармасының бастығы Жұмағали Исмаиловты сынға алған болатынбыз. Жұрт қайғыдан қан жұтып жатқанда ол мұндай қасіретті жағдайдағы  мүмкіндіктің өзін мүлт жібермей ана өліміне қатысы жоқ болса да қырына тура келмей жүрген бірқатар бас  дәрігерлерді қызметінен босату арқылы  министр С. Қайырбекованы «кінәлілерге шара қолданылды» деп қайтіп алдап соққанына қайран қалғанбыз, сол кезде жан-жақты жазғанбыз. Ол  осындай әдетке әбден әуестеніп алған ба, қалай өзі?! Енді міне, оның омырауына таққанына көп бола қоймаған орденіне байланысты Жұмағали Исмаилов жұртты тағы алдады ма деген сауал өз-өзінен еріксіз туындайды. Себебін айтайық. 

 Жұмағали Исмаиловтың анау-мынау емес Ресей мемлекеті тарапынан берілетін  Ломоносов атындағы орденнің иегері атанғанынан алғаш хабардар болғанда, осы марапатқа мақтанған кейіппен ыржиып түскен суреті бар ақпараттардың ағыны тасқындағанда бастапқыда біз де елмен бірге  кәдімгідей қатты таңдандық. Құттықтап қоялық деген де құлшынысымыз оянды. Бірақ...Алдымен ең мықты дейтін министрлер мен ел ерекше құрметтейтін іскер облыс әкімдерінің өзі қол жеткізбеген мұндай марапат  Ж.Исмаиловтың қайтіп қанжығасына байланғанының құпиясына үңілуді жөн санадық. Сөйтсек...

 Рас, орыс халқының тарихына аты өшпестей болып таспен ойып жазылған тұғырлы тұлға Ломоносов атындағы алтын медаль бүгінде Ресей Ғылым академиясының ең жоғарғы наградасы. Бәлкім,  әйгілі Нобель сыйлығымен таласа қоймас, бірақ ғылым әлемінде Ломоносов медалінің иегері аса жоғары бағаланады. Жылына осы марапатқа ие болу бақыты екі-ақ адамға бұйырады. Сондықтан өткен ғасырдың 50-ші жылдарынан бастап беріліп келе жатқанымен бұл марапатқа ие болушылар тым некен-саяқ. Олай болса, Исмаиловтың еншісіне бұйырғаны қай Ломоносов атындағы орден?..

Журналистік зерттеу жүргізіп көргенімізде Ресей Ғылым академиясының ең жоғарғы наградасы атақты Ломоносов атындағы  алтын медалға мүлде қатысы жоқ Ломоносов атындағы орденмен жұртты жаппай жарылқап жүрген, осы марапатты ақша ұсынған адамдарға  шетінен  тәтті күлше сияқты таратып келе жатқан ұйым – Ресейдегі Қауіпсіздік, қорғаныс және құқықтық тәртіп мәселелері  Академиясының жанынан құрылған қоғамдық наградалардың ұлттық комитеті болып шықты. Ресейлік басылымдар  марапатқа ие болу үшін арнайы есеп-шотқа  «қайырымдылық мақсатта» қомақты қаражат аудару қажет екенін әшкереледі. Ең арзаны 6500 сом, қымбаттарының бағасы 70-80 мың сомға дейін жетеді. Бірден айтайық, бұл жекеменшік ұйымның қоржынында Ломоносов ордені сияқты 73 түрлі марапат бар екен. Осының өзі талай жайты айтпай-ақ аңғартпай ма? Ресейдегі  қаншама жылдан бері  аса үлкен сый-құрметті білдіретін жоғары мемлекеттің наградалардың айнытпай жасалған көшірмелерін «штамповка» ретінде шығарып отырған  олар осы тірлікті тәп-тәуір бизнеске айналдырып алғанын Ресейдің бас прокуратурасы анықтапты. Жан-жақты жүргізілген тексеру қорытындысы Ресейді дүр сілкіндірді. Прокуратура тарапынан қоғамдық комитеттің әрекетіне «сыбайлас жемқорлыққа жағдай туғызып, мемлекеттік биліктің атына кір келтіреді» деген ауыр айып тағылды. Бұл ұйымдағылар аттестат пен дипломдарды, медальдар мен ордендерді мемлекеттік үлгіден айнымайтындай етіп жасап, оңды-солды үлестіріп келген. Төсбелгілердің дизайны Ресей Империясы мен КСРО заманында шыққан орден-медальдарға ұқсатып жасалған. Ломоносовпен қатар мұнда Ұлы Петр, Александр Невский, Ұлы Екатерина, Георгий Жуков, адмирал Кузнецов, Дмитрий Донской, Ф.Дзержинский, Ю.Андропов, Н.Островскийлердің атындағы, сонымен бірге «Ұлы Жеңіс», «Ресей меценаты» секілді түрлі медаль, ордендер мен премиялар толып жатыр, қалағанын таңдай беріңіз. Жарқыраған ордендердің шын мәнінде мемлекеттік награда емес, астыртын цехтарда қолдан жасалған «наградулька» екенін білген жұрт та, кезінде осы орденмен марапатталғанын өзгелерге мақтанышпен айтып келгендер де жерге қарап қалды. Ал Жұмағали Исмаилов жұртқа бұл жайлы не дер екен? «Менің омырауыма таққан орденімнің ол қылмыстық ұйымға ешқандай қатысы жоқ» деп ашып айтса ғаламтордағы жағымсыз ақпараттарды оқып, жағасын ұстап отырған елдің көңіліндегі күдік те сейілетін еді. Әзірге, жым-жырт, әлде айтар уәжі жоқ па? Түсінбегеніміз, Жұмағали Исмаилов жұртты тағы алдады ма, жо-жоқ бұл жолы өзі алданып қалды ма? 

Бізді қатты таңдандырған тағы бір дерек. Ресей прокуратурасының  талап-арызы бойынша Жоғары сот Қауіпсіздік, қорғаныс және құқықтық тәртіп академиясы  мен оның құрамындағы қоғамдық наградалар ұлттық комитеті сонау 2008 жылы жабылып, осы ұйымдар таратқан бүкіл орден, медаль мен төсбелгілер жарамсыз деп танылған еді. Сонда сол даулы оқиға болғалы арада үш жыл өтсе де Ресейдің өзінде жарамсыз деп танылған ордендер біздің елде әлі таратылып келе жатқаны ма?  

Мұрағаттан: 12.04.2012

Мырзахметовке сенеміз бе, Мусинге ме?
Бала тәрбиесін бетімен жіберсек, опық жейтін де өзіміз
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу