Мейрамбек Таубалдиев, тележурналист: «Анам еден жуып жүріп Алматыда оқытты»

Oinet.kz 31-05-2019 1492

maxresdefault.jpg

      Анамның айтуынша мен төрт жасымда «горшокта отырып» жүрген кезімнен «өскенде Алматыға барамын, теледидарға шығамын» деп айтады екенмін. Алла аузыма салды ма қазір телевизия менің екіші өміріме айналды. Алайда ес білгелі мұғалім болуды армандадым. Атам мен әжем үзақ жылдар педагогтар болған. Соларды үлгі тұтып, мектепте  сабақ беруді қаладым. Үшінші курсқа дейін осы ойымнан айнымаған едім. 

      Студент атануымның өзі қызық жағдайда орын алды. Оныншы сыныпта оқып жүргенде «XXI ғасыр көшбасшысы» сайысына қатыстым. Сонда жүргізуші Дана Нұржігіт мені ерекше ұнатып «сенің талабың бар, мектепті аяқтаған соң міндетті түрде Алматыға келіп КазГУ-ге оқуға тапсыр» деген ұсыныс айтып, ақ батасын берді. Он бірінші сыныпта Павлодар қаласында өткен оқушылар арасындағы   республикалық олимпиадаға қатысып, қола жүлдегер атандым. Жарыстан кейін әділқазылар алқасының шешімімен  мен армандаған КазГУ-ге оқуға түсуге жолдама берді және шәкіртақы алатын болдым.   Соңғы қоңырау сыңғырлап, мектеппен қоштасқан соң атестатымды қолға ала салып Алматыға алып ұшып келдім.  Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің филология факультетіне  құжат тапсырдым. Қызығы мен қиындығы қатар жүретін студенттік шағым осылайша басталып кетті.

         «Балмұздақтардың»  «старшактардан»  таяқ жеп, сөз естуі  студенттік кезеңнің жазылмаған заңдылығы емес пе?! Мұндай жағдайлар менің басымнан оқушы кезімде өтіп кетті. Жетінші сыныптан бастап мен ауылдағы мектептен Атыраудағы  облыстық ұлттық гимназияға ауыстым. Яғни мектеп интернаттың жатаханасында тұрдым. Жасыратыны жоқ сонда екі жыл «таяқ жеп», барып кел, шауып келге жарадық. Жоғары сыныптың жігіттері үшін асханадан жұмыртқа ұрлаған сәттерім де болды. Ал Алматыда филология факульетінде өздеріңіз білетіндей ер жігіттер көп оқи бермейді. Мәселен біздің тобымызда    25 қыз, 2 ұл оқыдық. Тағы бір айта кетерлігі филологтар шығармашылыққа жақын адамдар ғой. Сол себепті олардан бұзақылық, жамандық шыға бермейді. Керісінше  бір-бірімзге көмектесіп, қолдау білдіріп жүрдік. Бір өкініштісі жатақханада тұрмадым. Атыраудағы гимназияға бірге оқыған сыныптастарым Алматыға келгесін «бөлінбей бәріміз бір жерде тұрайық» деген соң қала шетіндегі орыс кемпірдің жаман лашығын жалдадық. Арасында көпқабатты пәтерде де тұрдық. Шынын айту керек, батыс өңірінің адамдары орыс тіліне шорқақтау болып келеді. Мен де солардың бірі едім. Бірде пәтеріміздің су бекітетін құралы жабылмай қалып, үйдің ішін су басып қалды. Дереу көмек сұрау үшін төменгі қабатқа түстім. Бір пәтердің есігін тақылдатып едім, орыс әйел шыға келді. «Чего тебе?» деді бетіме бажырая қарап. Мен орыс тілін білмегендіктен сасқалақтап қалдым. Оның алдында түрік киносынан бір әйелдің  «отошли воды» деп айғайлап айтқан сөзі миымда жатталып қалыпты. Содан не керек анау орысқа әйтеуір бір түсіндіру керек болған  соң «Ниче, просто у нас воды отошли» дедім. Анау миығынан күлді де «такой процесс только у женшинах бываеть, может быт поток был» деді. Мен басымды изей бердім. Көршіміз бір күліп алды да «Ойбүй, иттің баласы қазақша айта бермейсің ба, түсінемін ғой» демесі бар ма?!

                 Телевизия саласына алғаш рет студент кезімде аяқ бастым. Үшінші курста оқып жүргенде маған «Хабар» арнасының өкілі хабарласты. «XXI ғасыр көшбасшысы» бағдарламасына сценарист керек, сізді осы жұмысқа шақырмыз» деген ұсыныс айтылды. Сөйтсем   сайысқа қатысқан кезде бағдарлама ұжымының көзіне ерекше түсіп қалсам керек, осы уақытта ол бала университетте оқып жатқан болуы керек деп іздеген екен. Әрине ұсынысқа алғашқыда таңырқай қарағаным рас. Үш айдай бұл жұмысты істей алмаймын деп қашқалақтап жүрдім. Себебі менің бар ойым мұғалім болу еді. Ойлана келе ұсынысты қабыл  алып, аяқ астынан сценарий жазуға кірісіп кеттім. Тәжірибе жинақтап, Дана Нұржігіт, Қымбат Досжан, Толқын Сейдоллақызы, Нариман Қойшыбаев секілді керемет аға буын өкілдерінен тәлім алып, телевизия саласына сіңісіп кеттім. Уақыт өте келе осы сала менің қалауым екенін түсіндім. 

        Студент кезімде мен де өзгелер секілді таршылық көрдім. Жеті мың теңге шәкіртақымды бір айдан келесі айға дейін амалдап жеткізуші едім. Таңертең қалтама бар болғаны 50 теңге алып шығатынмын. 25 теңге барар және қайтар жолақыма ғана. Асханадан ас ішу, қыздармен қыдыру, клубтарға бару деген ойыма да кіріп шықпады. Бағыма қарай үшінші курста президенттік шәкіртақыға ұсынылып 30 мың теңге ай сайын алып отырғанда сондай қуандым. Бірде Гүлмира Құдайбергенқызы деген  факультет деканының орынбасары маған шәкіртақыға лайық екеніңді  дәлелде деп олимпиадаға қатысуға ұсыныс білдірді. Ұсыныс емес –ау бәс деуге де болады. Яни ол «егер олимпиададан бірінші орын иеленсең келесі жылы да шәкіртақыңды аласың және бітірген соң магистратураға түсіруге уәде беремін» деді. Мен  бұл бәске көніп егер жеңе алмасам шәкіратқы алмай, магистратураға де түспейтін болдым. Әбүйір  болғанда жарыстан алтынмен оралдым. Бәстің арқасында магистратураны да оқып алған жайым бар. Қазір ойлап қарасам сол кезде  жастықтың отымен нартәуекелге барған екенмін. Егер жеңе алмағанымда шәкіртақы алуым екаіталай еді. Егер солай болған жағдайда бірінші кезекте ата-анама ауырлық түсірген болар едім. Әкемнің тұрақты жұмысы болмады, ал анам мектепте еден жуушы еді. Басында олардың қызметінен намыстанатын едім. Қазір керісінше сондай жағдайда жүріп мені Алматыда оқытқандарына шексіз ризамын және оларды мақтан, үлгі тұтамын. 

             Қазір көзілдірік көрсем болды балалық, студенттік шағым ойыма оралады. Себебі мен бірінші сыныптап бастап көзілдірік таққанмын. Көзім нашар көретіндіктен жас шағымда жасқаншақтау болдым. «Менің көзім көрмейді, ол жерге барғанда не істеймін?» деген тартыншақтықтан арыла алмайтынмын. Бұл  сынақтан да журналистиканың арқасында сүрінбей өттім. Яғни үшінші курста «Хабар» арнасына жұмысқа кірген соң  нартәуекелмен бір жылдан кейін ота жасаттым. Құдайға шүкір қазір көзілдірікті тастадым. Дегенмен ол бәрібір маған ыстық көрінеді екен.     

Мұрағаттан, 2015 ж

Доссыз қалғанша ағайынсыз бол
Орамал-әйелдің ар өлшемі
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу