Қонаев пен Асқаров қатар тұрған ескерткіш. Оны Шымкентте орнатуға не кедергі??

Oinet.kz 04-05-2019 1383

Screenshot_3.jpg

Фотода Ержан Қалдыбаев

Нақты датасын білмейміз, уақытын әзірге дәл айта алмаймыз, бірақ көп кешіктірмей  Шымкентте қазақтың біртуар ұлдары Дінмұхамед Қонаев пен Асанбай Асқаров екеуі қатар тұрған  ескерткішті қою қарастырылуда. Қос алыптың бастан-аяқ, тұтастай мыстан құйылған ескерткіші толығымен дайын деседі. Алдымен ескерткішті орнату туралы бастама  көтеріп жүргенін алға тартып «Рейтинг» газетінің редакциясына арнайы іздеп келген Ержан Қалдыбаев туралы әңгіме қозғасақ. 

-  Бұл менің 10 жылдан бері күндіз күлкі, түнде ұйқы бермей мазалап жүрген арманым. Дінмұхамед Қонаевтың 100 жылдық мерейтойы қарсаңында шетелге іссапармен жол жүріп кеттім. Италияда жүріп, осындағы достарыма хабарласып, «қалай аталып өтілді?» десем бюстіне гүл шоқтары қойылып, көзін көрген  ардагер ақсақалдар жиылып сөз сөйлеумен, артынан ас берумен шектелгенін айтты. Мен үшін Қонаевқа көрсетілер ілтипат пен құрмет бұдан да жоғары болуы керек. Содан, көптен бергі арманымды жүзеге асырмасам болмайды екен деп шештім,-дейді  Ержан Қалдыбаев.

Арманын жүзеге асыру үшін ол  кезінде бірге оқыған ресейлік, өзге де шетелдік сәулетші, суретші достарына қолқа салады. Олар оның бұл бастамасына  қолдау білдіріпті. Ескерткіш осыдан төрт ай бұрын дайын болған. Ержан Қалдыбаев бізге дайын дүниенің фотосуретін де көрсетті. Димекең мен Асекеңнің қатар тұрған ескерткішінің көркемдік жағынан өз басымыз үлкен кемшілік байқай қоймадық . Әрине, бағасын дәл беретін маман емеспіз. Ескерткіштің өзі 3,5 метрді, тұғыртағымен қосқанда 7 метрді құрайды.    

  -Мен үшін бұл екі азамат бір-бірінен бөліп алғысыз тұлғалар. Қазақтың жері мен елін гүлдендіруге, өсіп-өркендеуіне қосқан үлесін бөле-жарып қарауға болмайды. Қонаевтың Қазақстан үшін жасаған еңбектері том-томдаған кітаптарға жүк. Ал Асанбай Асқаровтың бір ғана Оңтүстік Қазақстан облысын гүлдендіруге қосқан үлесін алып қараңызшы... әлі күнге дейін ел сол Асанбай ағамыз салдырған нысандардың игілігін көруде. 

Жалпы менің ұстанымымда  тарихи тұлғалар мен қазақтың болашағы үшін күресте аянбай тер төккен қайраткерлерге қойылатын ескерткіштер монументальді әдісте  орнатылуы қажет. Ол дегеніміз не? Белгілі бір ойды, мақсат-мүддені, тарихи жағдайды баян ететіндей болуы қажет. Екеуара дидарласып қана тұрған жоқ. Бұл екі тұлғаның өмірі мен еңбек жолы, ұлтқа жасаған игі істері ескерткіштің тұғырында алтын әріптермен баяндалады. Мұны өскелең ұрпақ біліп жүрсін, оқып алсын деген ниетпен жасап отырмыз.

  -Ескерткішті жасатуға аз ақшаның жұмсалмағаны көрініп тұр. Бұл қаржы қайдан келді?—деген сауалға Ержан Қалдыбаев:

  -О жағын айтпай-ақ қойсақ...—деп жауап берді.

  -Неге?

 -Мәселе ақшада емес! Қаржы қайдан келді, кім уәде етіп ақыр аяғында көмектеспей қойды деген мәселені де сөз еткім жоқ.

  -Нені сөз етсек екен...?

 -Ұлттық рухты... ұлттық намысты жиі айту керек боп тұр. Бүгінгі қоғам менің пайымдауымда құлдырап бара жатқандай.  Кешегі ата-бабамыздың ұлтарақтай жер үшін болған күресін бүгінгі ұрпақ естен шығармаса деймін. Әсіресе, Алаш ардақтыларының есімдерін ұдайы жаңғыртып отырған абзал. Олардың бір тудың астына бар қазақты жинай алған ұран сөздерін жатқа білсе артық болмас еді,-дейді ол. 

-«Өзіңіз жатқа білесіз бе?»,-деп оған қарсы сауал қойдық. 

  Бұлай  деуіміз мұң екен Ержан Әбдімәлікұлы Мағжан Жұмабаевтың жырларын тізбектей жөнелді. Енді бір сәтте Ахмет Байтұрсынұлының ұлттық рухты көтеретін сөз маржандарын мәнісіне келтіре оқыды. Төле би мен Әйтеке бидің, Қазыбек бидің елді бірлікке шақырған даналық ойларын ортаға салды. 

 Ол бізді ойландырып тастады. 

 Ойланып қалдық...

Әйтсе де, біраздан бері «Қонаев пен Асқаровқа лайықты ескерткіш орнатсам» деп жүрген азаматтың алдынан бірқыдыру қиындықтың да кездескенін айтпай кетуге болмас. «Ондай ескерткіштің қаншалықты қажетті бар? Оған биліктегілер қалай қарар екен?" ...тіпті, "Қонаев пен Асқаровтың руласы да емес екенсіз, өз ата-бабаларыңызды дәріптей бермейсіз бе?  Қашан қайтыс болып кеткен азаматтарға ескерткіш орнатқанша ол қаржыны бизнесіңізге жұмсамайсыз ба?» деген пенделік пайымдар Ержан Қалдыбаевтың жігерін құм ете алмаған. «Әрине, алғаш естігенде күйіндім. Біздегі қалталы деген кей азаматтардың пендешілік ойлары мен санасының өспей қалғанына өкінішпен қараған кездерім болды. Бірақ, діттеген мақсатыма жету үшін аянып қалмадым. Бұл жолда, саналы ғұмырын бала тәрбиесіне, білім беру ісіне арнаған байырғы ұстаз әкемнің ақ батасы үлкен демеу, қолдау болды. «Ақыры бастаған екенсің, аяғына дейін жеткіз, балам!» дегені маған жігер берді»,-дейді Ержан Әбдімәлікұлы.

   Жаңа ескерткіш Қонаев даңғылының бойында орналасқан Қонаев атындағы мұражайдың алдына қойылуы мүмкін болып жоспарлануда. Ержан Әбдімәлікұлының он жылдан бері арман еткен игі ісінің жүзеге асатын күні де алыс емес болар. Бұл Дінмұхамед Қонаевтай қазақтың тау тұлғасына қойылатын Қазақстандағы мақтанышпен сөз етер үлкен ескерткіш болғалы тұр. Көп жерде тек бюстімен ғана шектелгенін несіне жасырайық. Ал Асанбай Асқаровтай азаматтың Оңтүстік үшін сіңірген еңбегінің еленгені де осы еңселі ескерткішпен өлшенері сөзсіз. 

Айта кету керек, Ержан Әбдімәлікұлы мұнымен де шектелмейтінге ұқсайды. 

-Ендігі бір арманым Қазақстанның рухани астанасы саналатын Түркістанда бар түркінің ұрпағы бас қосып, тамашалайтындай еңселі ескерткіш орнату,-дейді.

-Ол кімге арналады?-дейміз қызыға түсіп.

-Оны ұраны Алаш болған, қазақтың бар баласының көзін ашып, рухын көтеруге негіз қалаған Ахмет Байтұрсынов,Әлихан Бөкейханов,  Мағжан Жұмабаев, Жүсіпбек  Аймауытов, Міржақып Дулатов, Халел Досмағанбетов, Тұрар Рысқұлов, оның бергі жағында елдің елдігін көрсетіп, солтүстік облыстардың Ресейге беріліп кетуіне қарсылық танытып, табандап тұрып алған Жұмабек Тәшенов сынды тағы басқа арда азаматтардың рухына арналған монументальді ескерткіштер кешені ретінде салдыртсам деймін.,-деп ағынан жарылды ол. 

Десек те, жоғарыда айтқанымыздай, ескерткішті орнату үшін бірқатар мәселелерді шешу қажет. Осы бірқатар мәселелердің біразға созылатын түрі бар. Ержан Қалдыбаев кешегі күні әлеуметтік желідегі парақшасына:

--Қазіргі уақытта ескерткіш Шымкентте тұр. Оны орнату үшін төрт айдан бері шенеуніктермен күресіп келемін. Олар түрлі желеулерді айтып, ескерткішті қоюға мүмкіндік бермей жатыр. Сондықтан көзі қарақты азаматтардан көмек сұраймын. Қонаев пен Асқаровтың қатардағы совхоз немесе колхоздың директоры болмағанын, олардың қазақтың біртуар ұлдары екенін дәлелдеу үшін енді не істеуім керек? Білмеймін, әбден басым қатты» деп жазыпты. 

  Уақтысында «Рейтинг» газетінде Шымкенттегі Еңбекші ауданына Асанбай Асқаровтың есімін беру туралы облыстың азаматтары бастама көтерді. Бірақ билік тарапынан қолдау таппады. А.Асқаровтың есімін былтыр Шымкентте ашылған жаңа ауданға  

берейік деген ұсыныстар болған. Ол да назарға ілінбеді.  Қонаевтың 100 жылдығының атаусыз қалғаны тағы бар. Естіген адамды елжіретер мына бастаманы қолдаудың орнына, керісінше мың қабат кедергі қоюдың астарында қандай саясат тұр? Сіз бұған не дейсіз? 

Сая ЖҰМАҒҰЛОВА, 

2015 ж

Педофилді піштіру керек пе?
«Тәубе кезегі келмеді ме?»
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу