Универсиада: Бәсеке Ресей мен Қазақстан арасында өрбиді

Oinet.kz 24-08-2019 920

1551740.jpg

Қазақстан бұл додаға тиянақты дайындалыпты. Бұны ашылу салтанатынан анық аңғардық. Сақтар, Жібек жолы, Қазақ хандығы... Ұлттық бояу, қазақи болмыс барынша келтірілген. Көріп отырып, қазақ болып туғаныңа қуанасың. Ұйымдастырушылар Алаш елінің сан ғасырылық тарихын 2 жарым сағат ішінде бүкіл әлемге паш етті. Жарты жылдық дайындық босқа кетпеген. Ашылу салтанатында ешқандай кемшілікті байқамадық. Жауапты мамандар бұл жұмысты абыроймен алып шыққан. 

Универсиаданың ресми сайтында бұл додаға 2000 спортшы қатысады деп күтілген. Дегенмен, жарысқа 57 елден 1629 спортшы келіпті. Спортшылар саны жөнінен ең көп мемлекет – Ресей (217). Екінші орында – Қазақстан (171). Бұл екі мемлекет универсиададағы бүкіл спортшының 1/4 бөлігін алып жатыр. Ары қарай, Қытай – 114, Жапония – 110, Оңтүстік Корея – 96. Аталған 5 мемлекет жарыстағы 1629 спортшының тең жартысын құрап отыр деуге болады. Қалған, жартысы 50-ден астам елге тиеслі. Осы тізімге қарап-ақ, негізгі тартыс Ресей мен Қазақстан арасында өрбитінін білуге болады. Расында дәл қазір турнир кестесінде Ресей бірінші, Қазақстан екінші орында тұр. Универсиадаға дейін Мәдениет жән Спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы:

-Қазақстан бұл жарыста жалпыкомандалық есепте жүлделі орыннан көрінуге тырысады, - деп айтқан еді. Яғни, оның айтуынша, Қазақстан кемі 3 орын алуға барын салады. Дегенмен, шындығында бізге 2011 жылы Астана-Алматыда өткен қысқы Азиададағы жетістікті қайталауға мүмкіндік бар. Жауапты шенеуіктер «арық сөйлеп, семіз шықса» дейміз. Ақ Азиядада біз ұзын-ырғасы 70 медаль (32 алтын!!!) алып, Жапония, Оңтүстік Корея, Қытай секілді алпауыт мемлекеттерді артқа тастап, турнир кестесінде бірінші орында жарқырап тұрдық. Әрине, Азиада жөнінде ел ішінде түрлі алып-қашпа әңгімелер болды. Мүмкін, сол кездегі кей қателіктерден сабақ алған Қазақстан енді осы Универсиадада қайталамайтын шығар.

Алпауыттар неге немқұрайлы?

Жалпы, неге бізге тек Ресей ғана бәсекелес бола алады? Канада, Норвегия, Швеция секілді алпауыттар ше? Бұл мемлекеттерде қысқы спорт түрлері айтарлықтай дамыған емес пе? Көк мұз десе көз алдыңызға Канада, ақ қар десе Норвегия елестейді ғой. Осы жерде біз 2015 жылы Испания және Словакия жерінде өткен қысқы Универсиадаға үңіліп көрдік. Мұнда алғашқы үштікте Ресей (20 алтын), Оңтүстік Корея (5 алтын) және Қазақстан (5) мемлекеттері тұр. Ал, Канада, Швеция секілді азулы елдер ешқанда алтынға қол жеткізе алмапты. Бірді-екілі күміс, қоланы «құшақтап», тізімде соңғы орындарда тұр десе болады. Қызық. Неге бұлай?!.   

Осы жөнінде біраз ізденіп көріп едік. Ақыры, мынандай тоқтамға келдік. Жалпы, әлгі мемлекеттер Универсиаданы салмақты дода деп есептемейді екен. Олар үшін бұл жай ғана «сабан той». Себебі, аты айтып тұрғандай, мұнда негізінен студенттер бақ сынасады. Солтүстіктегі студенттер сонау жерге ат арылтып барғанша, университет қабырғасында білім алғанды құп көреді. Әрі оларда студенттерін үкілеп шығарып салу деген «дәстүр» атымен жоқ. «Университетке түстің бе – оқы». Онда студенттер қанша жерден дарын иесі болсын, негізінен күндізгі бөлімде білім алады. Спортпен жүйелі түрде айналысуға уақыттары жоқ. Ал, Қазақстанда... Бізде бір күнде 5 тойға баратын әншілер «мен» деген оқу орнында магистратура бітіріп жатады ғой. Мемлекеттік іс-шара болады десе, басшылық та, оқушы, студенттер де оқуды тастай сап, атойлап шыға келеді. Осыған байланысты, халықаралық деңгейде мынандай анекдот бар көрінеді: «Универсиадада сырттай бөлімде оқитындар күндізгі бөлімде оқитындарды жеңеді».  

Тағы бір айта кетерлік жайт, студенттер арасында болатын бұл жарысқа 17 мен 28 жас аралығындағы спортшылар қатысады. 28 жаста қандай студент? Жарайды, мүмкін, магистрант, аспиранттар шығар? Жастық шағын ғылымға арнағандарды кәсіби спортшы деуге бола ма? Міне, әлгі елдер осы факторларға, тағы біз білмейтін басқа да факторларға байланысты универсиадаға спортты хобби ретінде көретін әуесқой студенттерін жібереді екен. Ал, Кеңес елі оқумен қатар, спортқа да «уақыт табатын», екі-үш Универсиаданы көрген, әлемдік біріншіліктерде бақ сынап, қысқы Олимпиадаға қатысқан кәсіпқой студент-спортшыларын жібереді. Міне, енді осыдан кейін жүлделерді кімдер қалпақмен ұрып алатынын бағамдай беруге болады. Өз заманында спорт көшбасшысы болған КСРО-ның тікелей мұрагері - Ресей маңызы өте зор Олимпиададан бастап, маңызы жоқ жарыстарда да әрқашан бірінші болуға тырысады. Ресейге рақмет! Шығыс Еуропа, Азия елдеріне рақмет! Қазақстанды сыйлап, универсиаданың көркін қыздыруға ат салысуда. 

Универсиаданың 5 пайдасы

 Жоғарыда айтқандай, бұл универсиадаға 1629 спортшы қатысады. Ал, 2015 жылы Испания. Словакияда өткен универсиадға 1550 спортшы қатысқан. Бұл да болса жетістік. Сонымен қатар, спорт мамандары бұл универсиададан Қазақстанға 5 пайда болатынын айтып еді: 

1.Қазақстан Универсиаданы өткізу құқығын жеңіп алды. Осы арқылы дамыған елдерге бәсекелестік таныттық. 

Бұл енді қаншалықты рас, белгісіз. Бір белгілісі, универсиаданы өткізуден Италия мәдениетті түрде бас тартыпты: 

«Италиядағы қаржылық-экономикалық қиындықтарға байланысты, 2017 жылыы өтетін Универсиадаға қажет қаражат көздерін көрмей отырғандықтан, кандидатураны алатын болды». Ал, «қысқы спорт корольдері» - Канада, Норвегия, Германия елдері өз кандидатураларын мүлдем ұсынбаған. АҚШ соңғы рет 45 жыл бұрын өткізген. 

  2.Мыңдаған журналистер, туристер келеді. Осы арқылы бюджетке миллиондаған (теңге һәм доллар, белгісіз) кіріс  кіргізуге болады. 

Бір жыл бұрын Универсиада-2017 сайтында 30 мыңдай турист келеді деп күтілді. Дегенмен, биыл бұл 10 есе қысқарды. Сайтқа кірсеңіз, 3000 мыңдай адам келеді делінген. Және 560 журналист тіркелгені, оның 90-ы шетелдік екені туралы ақпарат пайда болды. Жалпақ тілмен 2000 спортшы (шындығында 1630 спортшы айналасында) келеді деп жазылған. Жалпылай алғанда, күтілген нәтиже мен орын алған нәтиженің арасында үлкен айырмашылық бар. 

3.Телевизиялық трансляцияны 1 миллиард телекөрермен тамашалайды

Бұл цифрды қалай анықталғаны белгісіз. Бәлкім, Универсиаданы тікелей эфирден көрсететін «Еуроспорт», Ресейлік «Матч ТВ» телеарнасы және қытайлық CCTV арнасының аудиториясымен есептеген шығар. Қытай халқының саны - 1,5 миллиардтан астам. Ал, Еуропа халқы – 830 миллионға жуық. Екеуін қосқанда 2,3 миллиард төңірегінде. Шамасы, 1 миллиард осыдан шыққан болуы керек. Дегенмен, осы миллиард расында Универсиаданы бастан-аяқ көре ме? Бұл да күдікті жайт. 

4.Бүкіләлемдік Универсиададағы нәтиже – сол елдегі студенттер спортының көрсеткіші

Мысалы, қысқы Универсиадада Канада, Норвегия, Германия, елдері жарытымды нәтижеге қол жеткізбейді. Ал, қысқы Олимпиадаларда қырып жүлде алады. Алғашқы 5-тікті бермейді. Универсиада сайын 1-ші орынды бермейтін Ресей соңғы 10-15 жылда Сочи олимпиадасында ғана 1 орыннан көрінген. Ал, 2015 жылы қысқы Универсиадада 5 алтын, 6 күміс алған Қазақстан содан бір жыл бұрын Сочи олимпиадасында жалғыз қола алды. Яғни, Универсиадағы жетістікті – тұрақты нәтиже деп қарауға болмайтын секілді.

5.Универсиада өткізу арқылы Қазақстандық жастарды спортқа қызықтыруға болады

Меніңше, бұл пунктпен келісуге болады. Егер Қазақстан осы жарыста бірінші орын, тым құрығанда 2 орыннан көрінсе, саясаттан хабары жоқ қазақ балаларының рухы көтеріліп қалады. «Мұз елінен» келгендерді шаң қаптырдық деп, бойларына қуат бітеді. Бұл – өте жақсы! Себебі, қазақ спортының, жалпы қазақ елінің болашағы – балалар, жасөспірімдер, жастар. Егер олар патриот болып өссе, ұлтжанды болса, тіптен жақсы. Әрине, Универсиадаға осынша қаржы кетті деп мұңая бергенше, жақсы жақтарын көре білген де жөн. Алматыда қаншама халықаралық стандарттарға сай спорттық нысандар салынды. Мұның бәрі жарыс аяқталған соң, қаңырап қалмайтын шығар. Бір кәдеге асары анық. 

Қысқасы, қазақ халқы ел намысын қорғап жатқан спортшылардан абыройлы жеңістер күтеді. 

Мұрағаттан, 2017 ж

Еркебұлан Сейдахмет – екінші Месси
Фируза Шарипова бокстағы мансабын аяқтады
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу