Орашов құрған оркестр...

Oinet.kz 22-04-2017 924

Күмісбек Орашов.jpg

Қазақстанның қазіргі заңдары қызық. Егер азамат біреудің мүлкін ұрлап алса, оған мың айлық есептің көрсеткішке дейін айыппұл салады немесе үш жылға дейін бас бостандығынан айырады. Егер адам ұрлықты аса ірі мөлшерде немесе ұйымдасқан қылмыстық топ болып жасаса, онда жазаның түрі еселей береді. Онда бар ғой, айыппұлдың мөлшері 3 мың есептік көрсеткіше дейін өседі, бас бостандығынан айыру 10 жылға дейін ұзартылады. Пара алған адамның жазасы тіптен ауыр. Мұндай қылмысқа барған адамға алған парасының сексен еселенген мөлшеріне дейін айыппұл салынады. Болмаса 15 жылға дейін бас бостандығыңнан айырыласың. Мемлекеттік қызметкерге 2-3 миллион теңге пара ұсынып, сот үкімімен 90 миллион теңге айыпұл арқалаған азаматтарды да білеміз. Ал...

Ал қазынаның қаржысын ұрлағандарға келгенде мемлекет мейілінше рақымды. Ұрлаған ақшаны сіңіріп кетсеңіз жақсы, егер абайсызда қылмысыңыз әшкереленіп қалса, қорқатын дәнеңе жоқ. Ішіп-жеген ақшаңызды артық тиынсыз қазынаға қайтарып берсеңіз жетіп жатыр. Онда қадалған жерден қан алатын құзырлы органдар да, қара қылды қақ жаратын сот та арқаңыздан қағып, шексіз ризашылыққа бөлейді. Егер дәл осы сәтте дүркін-дүркін жарияланып тұратын рақымшылық туралы заң шығып жатса тіптен тамаша. Қалтаға басқан қаржыны қайтып орнына қойғаныңыз үшін  рақымшылықа бірінші болып ілігіп кетесіз. Рас, заң бойынша жаза қылмыскердің пиғылына, қылмыстың сипатына қарай тағайындалады.  Алайда ұрлық істеу, пара алу, мемлекеттің қаржысын жымқырудың арасында айырма жер мен көктей емес қой. Бәрі де түптеп келгенде ашқарақтық, тоғышарлық, пайдакүнемдік. Қайта халықтың маңдай тері, табан ақсынан құралатын бюджеттің қазынасын, яғни көптің аманат еткен қаржысын ұрлағанның жазасы ауырлау болуы тиіс емес пе? Тәжірибе жүзінде бәрі керісінше. Облыстық құрылыс басқармасының бұрынғы басшысы Күмісбек Орашов пен Шымкент қалалық құрылыс бөлімінің экс-басшысы Еркін Бұхарбаевқа шығарылған үкіммен танысқан соң кез-келген жұмыр басты пендеге   осындай ойдың келері анық. Рас, айыпталушыларға үкімді Шымкент қаласының Әл-Фараби аудандық соты қаңтар айында шығарған. Бірақ неге екені белгісіз осындай шулы қылмыстық істің қаралғаны, үкім шыққаны көпшілікке осы жуырда ғана белгілі болды. Үш ай бұрын шығарылған  үкімді қозғамай,  өтті кетті деп қоя салуға да болар еді, алайда бұл жерде мынандай бір қызықты жайттың шеті шығып тұр.

Сот үкіміне қарағанда, Шымкент қалалық құрылыс бөлімінің басшысы қызметін атқарған Еркін Бұхарбаев 2013 жылы Күмісбек Орашов, Үрімбек Шымыров, Сапархан Смахановпен бірге аса ірі көлемде мемлекеттік  қазынаның қаржысыны жымқырған. Қайталап айтайық, оқиға 2013 жылы орын алған. Еркін Бұхарбаев былтыр жазда қамауға алынған. Яғни, құзырлы органдарға қазынадан бөлінген қомақты қаржы әлдебіреулердің жемсауында кеткені арада үш жыл өткен соң белгілі болған. Неге үш жыл? Сонда құзырлы органдар бұған дейін қайда қарап жүрген? Бұл немен байланысты? Сотталушылардың кейбірінің бұл кезде лауазымды қызмет атқарып, құзыретін пайдаланып өздерінің ішкен-жегендерін жасырып келгендігімен бе? Әлде 2016 жылға дейін одан да жоғарыдағы лауазымды басшылардың қолдап-қорғаштауында болғандығымен бе? Қалай десек те, құзырлы органдардың заңсыздықты дер кезінде анықтамай, көзжұбайлық танытқаны түрлі күдікті ойларға жетелейді. 

«Строй-сервис-7» құрылыс компаниясының бірден-бір құрылтайшысы, осы сыбайлас топтың басты ұйымдастырушысы Күмісбек Орашов Сайрам аудандық мәслихатының хатшысы қызметін атқарып жүрген. Ол компаниядағы директор қызметін Ү.Шымыровқа сеніп тапсырады. Алайда компаниядағы басшылық қызметтердің бәрін Орашов өзі атқарған, тіпті қазына қаржысын жымқырудың тетігін өзі тауып, қылмыстық топтың жоспарын да өзі жасаған сияқты. Өкілетті органда лауазымды қызмет атқарған Орашов бір қолымен мәслихатты, бір қолымен бизнесін дөңгелетіп отырған. 

Сол жылдың сәуірінде Шымкент қаласының бюджетінен Бадам өзенін аббаттандыруға 1 955 844 000 теңге бөлінеді. Тендерде «Стриой сервис-7» жеңіске жетеді. Қаржы қалалық әкімдіктің құрылыс бөлімі арқылы бөлінген, бұдан бөлек құрылыс нысанында жұмыстардың сапалы атқарылуын бақылайтын арнайы қадағалаушы мекеменің бекітілетіні белгілі. Орашов сол кездегі қалалық құрылыс бөлімінің басшысы Еркін Бұхарбаевмен өзара сыбайластық әрекетке барған. Олар бұл іске «Тұран-құрылыс» қадағалаушы құрылыс компаниясының инженері Сапархан Смахановты да тартқан. Бұдан кейін екіарадағы келісім бойынша «Строй сервистің» атқармаған жұмыстарына қаржы аудару басталған. Кейбір жұмыстар талапқа сай орындалмайды. Алайда құжат жүзінде орындалды деп, ақшасы төленген. Кейбір материалдардың құны құжаттарда нарықтық бағадан екі-үш есеге дейін қымбат көрсетілген. Тексеру кезінде 2013 жылдың 16 мамыры мен 26 желтоқсаны аралығында «Строй сервистің» есеп-шотына  1 955 844 799 теңге аударылады. Мұның ішінде 170 623 866 теңге атқарылмаған жұмыстарға  төленген. Төрт бөлініп түскен ақшаны сыбайластар әлдебір жалған фирмаларға аударып, артынша өзара бөлісіп отырған.

Сотқа дейінгі тергеу амалдары кезінде айыпталушылар өздеріне тағылған айыптармен толығымен келісіп, кінәлерін бұлтарусыз мойындаған. Құзырлы органдармен келісімге келген. «Қазынадан ұрлаған қаржымызды қайтарып берейік, осы еңбегімізді ескеріп, жазамызды жеңілдетіңіздер» дейді. Айыпталушылардың бұл сөзімен жәбірленуші тарап (бұл жерде жәбірленуші-қаржысы ұрланған әкімдік қой)  та келіскен. Сот үкіміне қарағанда тіпті айыпталушылар сотқа дейін-ақ өздеріне тағайындалатын жазамен де таныс болғанға ұқсайды. Сонда қалай, айыпталушылар өздеріне жазаны өздері таңдап алған ба дейсіз. 

Іс Әл-Фараби аудандық сотына қаңтардың басында түседі. Бас-аяғы екі аптаның ішінде үкім шыққан. Сот үкімімен Еркін Бұхарбаев, Сапархан Смаханов, Күмісбек Орашов және Үрімбек Шымыров алты жыл шартты жазаға кесіледі. Сотталушылардың барлығына Тәуелсіздіктің 25 жылдығына орай жарияланған рақымшылық қолданылып, жазаның төрттен бірі алынып тасталады. Ақыр соңында сотталушылардың барлығы 4,5 жыл шартты жаза алып, 3 жыл сынақ мерзімі тағайындалған. Бір қызығы, соттлушыларға Қылмыстық кодекстің 176-бабының 4-бөлімі, б-тармақшасы бойынша айып тағылған (Кодекстің 1997 жылғы редакциясы бойынша).  Бұл бап бойынша кінәлі деп танылған азамат 7 жылдан 12 жылға дейін бас бостандығынын айырылып, мүлкі тәркіленуі тиіс еді. Алайда сотталушылардың өз кінәларын мойындағаны, келтірген материалдық зиянды өтегені және ең бастысы құзырлы органдармен келісімге келгені үшін ең төменгі жазадан да төмен жаза қолданылды.Қысқасы, Елбасы сыбайлас жемқорлықпен ымырасыз күресіңдер дейді, ал құзырлы органдар сыбайластармен ымыраға келгені былай тұрсын, тағайындалатын жазаны да алдын ала келісіліп алады. Міне, сізге парадокс. 

Енді қазынаның 170 миллион теңгесін талап-таражға салу оқиғасынан кейін болған жәйттарды еске түсіріп көрелік.  2013 жылдың жазында Сайрам аудандық мәслихатының хатшысы, «түйені түгімен, биені бүгімен» жұтып жүрген Күмісбеков Орашовты сол кездегі облыс әкімі Асқар Мырзахметов қаржы жымқырды деген күдікке ілігіп, қамауға алынған Әбілсейіт Рабаевтың орнына  облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы етіп тағайындайды. Арада бір жыл өткенде Рабаев сот үкімімен ақталып шығып, қызметіне қайта оралады. Орашов уақытша оның орынбасары болды. 2015 жылы Асқар Мырзахметов құрылыстағы қаржыны жымқыруда әбден тәжірибе жинақтаған К.Орашовты облыстық құрылыс басқармасының басшысы қызметіне тағайындайды. Бірақ К.Орашов бұл қызметтің қызығын ұзақ көре алған жоқ. Артынша Асқар Мырзахметов Астанаға ат ауыстырды. К.Орашовқа жаңа әкім Бейбіт Атамқұловтың командасынан орын табылмаған сияқты. Әйтеуір осыдан кейін ол шенеуніктік карьерасын шорт үзді.  Егер дәл осы аралықта облыста кадрлық ауыс-түйіс жасалмағанда құрылыс басқармасының тізгінін қолға алған К.Орашовтың дәуренінің қанша уақытқа созылатынын, халықтың маңдай терімен келген қаншама қаржының қолды боларын кім білсін? Әй дегенмен де, жүз миллиондаған қаржыны сотталушылар өзара бөлісіп алды дегенге де көңіл сенбейді. Осыншама қаржыдан бөліс, үлес алғандардың саны төртеумен шектелмейтін шығар. Жеңіл жазаны қамтамасыз еткендердің артында солардың өздері тұрмаса неғылсын? 

Бұған дейін, «Рейтинг» газеті 2016 жылдың 21 шілдесінде «Мырзахметовтың істегенін істеме...  Экс-әкімнің кадр саясатындағы қателігінен жүз миллиондаған қаржы талан-таражға түскен» деген тақырыппен көпшіліктің назарына көлемді мақала ұсынған едік. Бұл жолы сол мақаланың жалғасы ретінде сот үкімін жан жақты сараптап көрдік. Бәрі алдын ала бірауызды болған соң сот үкіміне ешқандай шағымның берілмегені айтпаса да түсінікті. Ақпан айының басында үкім заңды күшіне енген. Осыменен қойылым аяқталды, шымылдық түсірілді. Орашов құрған оркестр... сыбайлас жемқорлыққа арналған спектаклді сәтті орындап шықты деп сөз түйіндеуге болады. 

Бақытжан Әбдірашұлы, 

"Рейтинг" газеті, 2017 ж 

Кәмелетке толмаған қызға үйленсең, сотталасың
Дат тыңдап көріңізші, Дүйсенова ханым!
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу