Дат тыңдап көріңізші, Дүйсенова ханым!

Oinet.kz 19-11-2017 805

Тамара Дүйсенова.jpg

Келесі жылдан бастап әйелдердің зейнет жасына шығу мерзімі біртіндеп ұзарады. Жыл сайын алты айдан жылыстап, бұйыртса, 2027 жылдың соңында  ерлермен теңеседі. Бірақ бұдан табиғаты нәзік, жолы жіңішке әйелдің қоғамдағы, отбасыдағы рөлін, күш-қуаты мен қажыр-қайратын ер азаматтармен теңестіре аламыз ба?

Бұл мәселе осыдан бес жыл бұрын көтеріліп, әжептәуір дау болған. Сол кездегі Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Серік Әбденовтың жаңа жүйені жағы талмай насихаттағаны,  өңірлерді аралағаны, Қарағандыда өткен бір жиында «патамушта» атанғаны, Алматыда өткен бір жиында министрге бір қоғам белсендісінің шикі жұмыртқа лақтырғаны күні бүгінгідей есте. Қоғам арасында наразылық күшейіп кеткен соң президент заң жобасын қайта қарауды ұсынды. Ақыр аяғында әйелдердің зейнет жасын 2018-2027 жылдар аралығында біртіндеп ұзарту туралы шешім қабылданған. 2018 жылыңыз да есіктен  әні-міне дегенше еніп қалады. Өкімет халықтың наразалығына қарамастан заң жобасын өткізудің жаңа тетігін тапты. Ақырындап-ақырындап амалдады. Әзірге у-шу, ың-шың жоқ.  Серік Әбденов баяғыда отставкіге кетіп қалған, заң жобасын мақұлдаған парламентіңіз мерзімінен бұрын тарап тынған. Серік Әбденовке жасалған тентектік енді Тамара Дүйсеноваға жүрмейді-ау. Өйткені ол әйел баласы емес пе? Әйел баласына жұмыртқа лақтырып, ел алдында абыройын айрандай төгуге ешкім бара қоймас, сірә. Бірақ өткен төрт жылда халықтың жаңа талап-тәртіпке деген өкпе-реніші тарқады ма? Өкіметтің көрсеткен тиімділігіне көзі жетті ме? Жаңа зейнетақы реформасына көндікті ме? Енді иліге ме?   

Жуырда Сайрам ауданындағы мектептердің бірінде бастауыш сыныптың мұғалімі болып істейтін Баян Ахметовамен хабараласып, осы тақырып төңірегінде ой бөлісіп көрдік.

-Үкіметтің бұл шешіміне өз басым қатты қапаландым. Мұғалім болып істейтін  әріптестерім де мені түсінеді деп ойлаймын. Жасым келесі жылы елуге толады. Зейнеткерлікке әлі 14 жыл бары есіме түссе, еңіреп тұрып жылағым келеді. Осы 49 жасымның 31 жылын бастауыш сыныптың мұғалімі болуға арнадым. Бастауыш сыныптың мұғалімі болу дегеніңіз өте қиын. Көп сөйлейсіз, баланың алдында әртіс болуыңызға тура келеді. Бойыңыздағы бар энергияңызды оқушыға бересіз. Уақыт өте келе сол энергияның таусыла бастағанын сезесіз. Өйткені бәріміз де ет пен сүйектен жаралған пенде емеспіз бе?  Кешкісін сілікпең шығып үйге келгеннен кейін де мұғалімдік жұмысыңыз тоқтамайды. Көз майыңды тауысып, түні бойы дәптер тексеруің керек. Кейінгі кездері мұғалімге деген талап та күшейіп кетті. Электрондық журнал, жазбаша журнал, тәрбие журналы дегендер  бар. Отбасы, ошақ басында тірлік те тоқтап қалмауы тиіс. Газдың қымбаттығы, күнделікті күйбең тірліктің уайым-қайғысы да онсыз да жұқа жүйкеге тиеді. Ерлердің зейнеткерлікке әйелдерге қарағанда кештеу шығатын да жөні бар ғой. Өйткені еркек түздің адамы, ал әйел отбасының ұйытқысы емес пе? Олар зейнеткерлікке неге ерлермен бірге шығуы тиіс? Мен биыл бірінші сыныпты қабылдап алдым. Зейнеткерлікке шығу үшін әлі тағы осындай үш сыныпты қабылдап алып, төртінші сыныпқа дейін білім беруім керек. Мына түрімізбен енді бірер жылдан кейін ата-аналар мендей ұстазға балаларын оқытуға бермеуі де мүмкін. «Алжыған апайға» ұл-қызын кім оқытқысы келеді?! Осыны өкіметтегілер неге ойламайды? Бұл кімге тиімді? Министр әйелдерге ме? Әлде Парламенттегі беттеріне опа-далабын жағып, әдемі болып отыратын әйел-депутаттарға ма? Біз сайлаған, үй-үйді аралап, сайлау науқанына құлша жегіліп жүріп өткізген Парламенттегі бірде-бір әйел-депутаттың осы мәселеге бас ауыртпағаны, ара түспегені қалай? Мұғалім болған әйел елуден асқан соң зейнеткерлікке шығып кетуі тиіс емес пе? Құдайға шүкір, орнымызды басатын, қолымыздағы тірлікті алатын маман жетіп артылады. Неге жүндей түтіліп барып шығуымыз керек? -дейді Б.Ахметова. 

Біз осы мәселеге қатысты пікірін білу үшін облыстық ардагерлер кеңесі төрағасының орынбасары, әжелер алқасының төрайымы Үрзада Айтөреевамен хабарласқан едік:

-Мен қоғамдағы кез-келген мәселені азғантай топпен емес халықтың қалың ортасымен өлшегенді жақсы көремін. Өйткені қоғамдағы бейнеттің ауырын көтеріп тұрған солар. Басқа ұлтта шаруам жоқ, қазақ әйелі үшін отбасыдағы тіршіліктің қиын екені рас. Олар барлық істі жан тәнімен орындайды. Отағасының қамын жасап, отбасыдағы ұл-қызын бағып-қағатын, бұдан бөлек ағайын-туыс, жегжат-жұрағаттың көңілін табатын оңтүстіктің әйелдері үшін зейнет жасын бес жылға ұзарту ауыр деп ойлаймын. Әсіресе, бұл әлеуметтік сала қызметкерлеріне қиын. Ұстаз, дәрігер болу  жүйкені көп жейтін мамандық. Қазір қоғамдағы психологиялық ахуал күрделеніп келеді. Адамдар қит етсе кінәмшіл, жазғыруға бейім болып барады. Халықпен тығыз жұмыс істеу, көптің көңілін табу біреулер ойлағандай оңай шаруа емес. Әр әйел немере-шөберелерінің қызығын уақытында көруге құқылы. Біз ұлттық болмыстың әженің тәрбиесімен қалыптасатынын ұмытпауға тиіспіз,-деді әжелер алқасының төрайымы.

Иә, тыңдар құлақ болса  министр Дүйсенова ханымға дат айтуға дайынмын деушілер аз болмай тұр. Әйел қауымының арасынан тек екі адамның сөзімен шектелуді жөн санадық. Оңтүстікте туып, өскен, қызмет істеген министр әпкелерінің әңгімесінен кейін заңға еніп кеткен  толықтыруды енді өзгерте қояды деу «тумаған қысыр сиырдың уызынан дәметеумен» бірдей екенін жақсы білеміз. Дегенмен елдіңкі де «іште пікір өлгенше...» деген жандалбаса ғой. Айтқандай, статистикалық деректерге де кезек бере кетейік. Әйелдер Ресейде, Өзбекстанда, Украинада және Беларуссияда 55 жаста зейнетке шығады. Бұл мерзім Қырғызстан мен Тәжікстанда -58, Түркіменстанда -57, Қытайда 50-55, Әзірбайжанда, Францияда-60. Ал  Қазақстан әйелдердің зейнет жасын 63-ке ұзартуды Орталық Азия елдерінде алғаш болып енгізгелі жатыр. Бұл біз үшін жетістік пе?

Бақытжан ӘБДІРАШҰЛЫ,

«Рейтинг» газеті №15, 20 сәуір 2017 жыл

Орашов құрған оркестр...
Әли Көмекбаев: «Елбасы тапсырмасына сәйкес мансаптық модуль енгізілді»
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу