Дәурен Махажанов келгелі Кентауда келеңсіздік тыйылмай тұр

Oinet.kz 29-11-2019 973

Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев  аудан, қала әкімдерінің ішінде алғашқы тағайындауды Кентаудан бастағаны белгілі. Жаңа әкім Дәурен Махажановты алғашқыда көпшілік жергілікті жерден шыққан, тәжірибесі мол кадр деп жылы тартқаны рас. Алайда Махажановтың да шамасы белгілі болып қалған сияқты. Жоқ, әлде Мақұлбаев сынды іскер әкімдерден кейін Махажановқа өзін мойындату қиын болып жатыр ма? Әйтеуір соңғы кездері Кентауда шенеуніктердің этикадан аттап кетуі, тәртіп бұзуы, арыз жазу үдеп кетті. Кеншілер қаласына «қазаннан қақпақ кетсе, иттен ұят кетедінің» кебі келгендей.

Screenshot_1.jpg

Фотода Дәрен Махажанов

Естеріңізде болса, газетіміздің өткен нөмірлерінің бірінде біз мемлекеттік бағдарламаларды орындау барысында көптеген заңбұзушылықтарға жол берген,  қарамағындағы қызметкелеріне дөрекілік көрсеткен Кентау қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы Рита Қожабекованың облыстық Әдеп кеңесінің ұсынысымен қызметінен босатылғанын жазған едік. Кенестің өткен аптада өткен отырысында кентаулық тағы екі шенеуніктің мәселесі май шаммен қаралды.

Әдеп кеңесінде мәлім болған істердің мән-жайына қарағанда, Кентаудағы «Қобыланды» бөбекжай балабақшасының  меңгерушісі мекемеге бір азаматшаны тәрбиеші етіп жұмысқа қабылдау үшін 200 мың теңге сұраған. Параны қолма-қол алу үстінде ұсталған. Кентау қалалық сотының 18 қарашада шығарған үкіміне қарағанда айыпталушы прокурормен келісімге келіп, кінәсін толық мойындауына байланысты 6 миллион теңге айыппұл салу түріндегі жазаға кесілген. Әдеп кеңесі мүшелерінің алдына келген Кентау қаласы әкімінің орынбасары Самат Расұл мен қалалық білім бөлімінің басшысы Әділ Әуелбековтің ісі осы парамен ұсталу жәйтімен байланысты. Шенеуніктер білім беру мекемелерінде сыбайластыққа қарсы іс-шараларды өз деңгейінде жүргізбегені үшін жауапқа тартылды.

Рас, отырыста әкімнің орынбасарына қатысты іс қысқартылып, білім бөлімінің басшысы Әділ Әуелбековке тәртіптік жаза қолдану жөніндегі ұсыныс Кентау қаласының әкімі Дәурен Махажановқа жолданды. Әділ Әуелбековтің ісі мұнымен шектелмейді. Кеншілер қаласының бас педагогы әдеп кодексінің талаптарын бұзған. Қоғамдық кеңестің отырысында бір азаматқа жұрттың көзінше «шантаж жасадың» деп  айтып,  мемлекеттік қызметшінің  әдеп нормаларын сақтамаған.

Жалпы облыстық әдеп кеңесінің соңғы кездегі отырыстары кентаулық шенеуніктерді қатысуынсыз өтпейді десек артық айтқанымыз емес шығар. Мамырда қала әкімі аппаратының басшысы Сәбит Дауылбаевтың заңсыз тірліктері қаралып, ол ескерту түріндегі жазаға ұсынылған болатын. Айтпақшы, Кеңестің сол отырысында қаралған Бабайқорған ауылының әкімі Жантөре Қарабаевқа қатысты іс әлі тоқтаған жоқ. Кеңестің ұсынысынан кейін Махажановтың бұйрығымен қызметінен босатылған әкім тамызда сот шешімімен қызметіне қайта оралған. Қалалық әкімдік шешімге наразылық білдіріп, облыстық сотқа апелляциялық шағым берген. Соттасудың қай уақытқа дейін жалғасатыны әлі белгісіз.

Біз хабарласқан азаматтардың айтуынша, жергілікті жерден шыққан Дәурен Махажанов жергілікті жағдайды жақсы білмейді. Бүгінде әкімнің адресіне айтылып жүрген өкпе - реніштер бұл ғана емес. Махажановтың кабинеттен шықпайтындығы, ел араламайтындығы үшін қалалық мәслихат депутаттарынан ескерту естігені де айтылуда.

Мақаламыздың басында жазғанымыздай, Д.Махажанов облыс басшысы Ө.Шөкеевтің тағайындаған алғашқы әкімі. Алғашқы әкімнің кейінгілерге үлгі болуы тиістігі айтпаса да түсінікті. Бірақ жағдай керісінше болып тұр. Облыс әкімі Махажановтың мәселесіне «өзімнің кадрым» деп қарамай, қатаң шара көре ме, әлде... Әліптің артын бағалық.

"Рейтинг" газеті

ТМД бойынша ажырасудан Қазақстан көш бастап тұр
Махажанов Елбасының тапсырмасын да елемей ме?
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу