Саясат аренасынан кеткендер қазір қайда жүр?

Oinet.kz 28-02-2013 974

Қазақта «дүние кезек» деген сөз бар. Тауып-ақ айтылған. Әр нәрсенің өз кезегімен дамитыны, шарықтау шегіне жетіп, кері қайтуы заңды құбылыс. Саясат та бұл қағидаға бағынады. Бір кездері биліктің бишігін ұстап, ауыр салмақты саясаткер атанғандардың кейбірінің аренадан кетуі осы аксиоманың көрінісі іспетті. 

image.png

Әрине, ешкім де биліктен кеткісі келмейді. Дегенмен, бұған итермелейтін әлдебір себептер де аз емес қой. Саяси күштер  арасалмағының жиі өзгеріске ұшырауы, лауазым иесіне қатысты қылмыстық істің қозғалуы кей жағдайда ықпалдан да, қызметтен де айыруға әкеп соғатыны белгілі. Кезінде ұлттық элитада жұлдыздай жарқыраған кейбір саясаткерлердің бүгін бар-жоғы білінбейді.  Солардың тізімін жасап көрелік...

Screenshot_4.jpg

            Даниал Ахметов

Карьерасы: Бұл азаматтың саяси қызметтегі өсу жылдамдығы кезінде талай сарапшыларды қайран қалдырған. Өзіңіз қараңыз: 1992 жылы Екібастұз қалалық әкімшілігін басқаруға келген ол бар-жоғы бір жыл ішінде Павлодар облысының әкіміне дейін өсті. Тағы бес жыл өте Солтүстік Қазақстан облысын басқарып шыға келді. Іскер басшы әрі еңбекқор адам ретінде танылған оны 1999 жылы Ақордаға аттай қалап шақырды. Әуелі вице-премьер қызметіне кірісіп, 2003 жылы  Үкіметті өзі басқаруға көшті. Премьерлік қызметті 3,5 жылдай атқарған Ахметов сол биігінен түспестей көрінген еді. Бірақ... кейіпкеріміздің түбіне оның келесі қызмет орны – қорғаныс министрлігінде туындаған дау-дамай жетті. Рас, Ахметов осы маңызды да жабық ведомствоны басқарған тұңғыш азаматтық тұлға ретінде танылды. Алайда, министрлікте кеңінен қанат жайып алған сыбайлас жемқорлықтың жалыны Ахметовті де жалмап өтіп, біраз уақытқа созылған, ел-жұртты ғана емес, шетелді де шулатқан дау-дамайдан соң ақыры қызметін тапсыруға мәжбүр болды. 

Биліктен соң:  Осы шатақтан соң  Ахметовтің өзі ғана емес, көлеңкесі де көрінбей кетті. Оның қайда жүргені, немен шұғылданатыны көпшілік үшін сыры ашылмаған құпия болып қала берді. Күні кеше ғана ел басқарып жүрген лауазым иесі әп-сәтте бүкіл ықпалынан, биліктегі беделінен айырылуы таңғаларлық жайт екен. Тіпті бір кездері ұзынқұлақтан «Ахметов өзіне қол жұмсапты» деген де хабар естідік. Бұл жоққа шығарылғанымен, Ахметовтің қайда жүргені жайлы нақты ақпарат сол күйі айтылған жоқ.  Кейбір дереккөздерде оның бизнеспен шұғылданып жүргені айтылды. Бірақ, бұл деректің шындыққа қаншалықты жанасатыны белгісіз еді. Экс-премьер жайлы тұңғыш ресми ақпарат тек 2011 жылы пайда болды. Даниал Ахметов Қазақстанның Еуразиялық экономикалық комиссиясындағы өкілі қызметіне тағайындалды. Іс жүзінде бұл Қазақстан, Ресей мен Беларусь елдерінің интеграциялық құрылымындағы министр деңгейіндегі қызмет есептеледі. Дегенмен, бұл бастаманың қаншалықты баянды болатынын білмейміз. Мұны тіпті мемлекет басшылары да білмейді. Дәл қазір Ахметов Мәскеуде.  Ел-жұрттың назарына түсе бермейді, бұрынғы томаға-тұйық тіршілігін жасап келеді. 

Screenshot_6.jpg

 Шалбай Құлмаханов

Карьерасы: Құлмахановтың  биліктегі карьерасы сонау кеңестік дәуірде басталған. Бір кездері Солтүстік Қазақстан, Ақмола облыстарын басқарған ол  1994 жылы Алматы қаласының әкімі қызметіне тағайындалды. Капитал мен қаражат молынан шоғырланған ел астанасын басқару әркімнің-ақ арманы болатын. Бірақ, үш жылдан соң отставкаға кетіп, Құлмахановқа  Төтенше жағдайлар агенттігінің төрағалығы ұсынылды. 2001 жылы әкімдік қызметке  оралып, бұл жолы Алматы облысын басқарды. Қызықты қараңыз, тағы төрт жылдан соң қайтадан төтенше жағдайлар саласына ауысты. Сол жолы жаңа басшыны ұжымға таныстыруға келген  премьер Мәсімов «Шалбай Құлмаханов президенттің командасында қала береді» деп сендірген болатын. Сөйтсек, бұл Шалбай Құлмаханұлының соңғы қызметі екен. Құлмахановтың қызметте кенет төмен қарай құлдилауының сырын ешкім ашып айтып бере алмады.  Жалпы,  алматылық кәсіпкерлердің Құлмахановқа деген өкпесі қара қазандай болған. Әйтеуір, әкімдік қызметінде бизнес өкілдерімен қайта-қайта айтысып, тартысқаны есте қалды.  

Биліктен соң: Отставкаға кеткен соң Шалбайдың қайда жүріп, не тындырғанын жұрт сол күйі біле алмады. Соңғы жылдардағы өмірі қоғам үшін  мүлдем жабық тақырыпқа айналды. Есесіне басқа Құлмахановтың төңірегіндегі айқай-шу күшейе берді. Қайбір жылы  Шалбайдың туған інісі Әмірқұлдың төңірегінде шатақ шығып, Алматы облыстық қылмыстық-атқару жүйесі комитетін басқарып тұрғанында қызмет бабын асыра пайдаланғаны үшін айыпталған. Бірнеше кәсіпкерді азаптау арқылы олардың бизнестерін тартып алмаққа әрекет жасағанын қаржы полициясы анықтаған. Ақыры Әмірқұл жауапкершіліктен құтылып, елден қашып тынды. Кейбір дерек көздеріне сенсек, Шалбайдың өзі де әлдеқашан Қазақстаннан кетіп қалған. Құлмахановтар әулеті Алматы қаласы мен Алматы облысындағы бизнесін басыбүтін сатып жібергені жайлы дерек там-тұмдап тараған. Бірақ, оны  ешкім растамады, теріске де шығарған  жоқ. Бір білетініміз, Шалбайдың өзіне қатысты тергеу органдары қандай-да қылмыстық іс қозғамаған. Әйтеуір, құзырлы органдар Құлмахановқа келгенде үнсіз қалып отыр. 

Screenshot_8.jpg

Ораз Жандосов

Карьерасы: Ораз Жандосов билік дәліздерімен жас кезінде-ақ жүре бастады. Орда бұзар отыз жасында шетелдік инвестициялар жөніндегі агенттіктің төрағалығына бекітілуі ұлттық элитадағы елеулі жаңалықтардың біріне айналды. Тәуелсіз Қазақстан тарихындағы ең мықты экономист ретінде аты шыққан Жандосов 1996 жылы Ұлттық Банктің басшылығына барды. Бұдан соң вице-премьер, бірінші вице-премьерлікке дейін өсті. Бірақ, экономикалық білімі жетісіп тұрғанымен, Жандосов саяси қателікке бой алдырды. Оның 2001 жылы премьер Тоқаевтың орынбасары кезінде Қазақстанның демократиялық таңдауы қозғалысының мүшелігіне қабылданып, «жас түркілердің» командасына кіруі билік эшелонын дүр сілкіндірді. Осы қадамы үшін Үкіметтен де  кетті. Бірақ, билікпен арадағы қатынасын түбегейлі үзген емес. «Ақжол» партиясының тең төрағасы бола тұра 2003 жылы  Президенттің көмекшісі, артынша табиғи монополияларды реттеу агенттігінің төрағасы қызметтерін атқарды. Бір жылдай жұмыс істеген соң  Жандосов үкіметтен біржола кетті. Базбір сарапшылардың пікірінше, оның енді бұрынғы биіктерге қайта самғау мүмкін емес болып көрінеді.  Әйткенмен, күндердің күнінде Ораз Жандосұлы  мықты қызметтің біріне тағайындалып жатса таңқалмаңыз. 

Биліктен соң: Үкіметтен кеткенімен, Жандосов саясат аренасының белсенді ойыншысына айналды. Парламент сайлауына қатысқанымен, жеңіліске ұшырады. 2000-жылдардың соңына қарай саясаттан шеттей бастады. 2008 жылы «Ракурс» экономикалық сараптау орталығын құрып, қазір осында қызмет атқарып келеді. Бұл ұйым еліміздегі ең үздік сараптама орталықтарының қатарына жатады. 

Screenshot_9.jpg

Зейнолла Кәкімжанов

Карьера:  Кезінде кімсің, Зейнолла атанған бұл азамат тәуелсіз ел тарихындағы ең атышулы шенеуніктің бірі ретінде танылды. 90-шы жылдары бизнесте тәп-тәуір карьера жасаған Зәкең үшін енді биліктегі бедел қажет болды.  Әуелі Президенттің көмекшісі болып келіп, көп ұзамай мемлекеттік табыс министрлігін басқарды. Одан кейінгі жылдарда кеден комитеті мен қаржы министрліктерінің тізгінін ұстады. Қай жерде жүрсе де, жеке бизнесінің мүддесін  көздейтінімен аты шыққан ол Үкіметтен 2003 жылы кетіп тынды. Саяси-кландар мен қаржылық топтардың бәсекесіне шыдас бере алмады ма, әйтеуір Кәкімжановтың бұрынғы беделі мен ықпалынан біржола айырыла бастағаны байқалды. Бұдан кейінгі бес жыл бойы Кәкімжанов Қазақстанның инвестициялық қорын басқарды.

Биліктен соң:  2008 жылы Кәкімжанов бизнеске қайта оралды. Бүгінде  «Алтай Ассет Менеджмент» компаниясына басшылық етеді. Бірқатар инвестициялық жобалармен шұғылдануда. Биліктен қалған жалғыз «тәбәрік»  - Экономистер Ассоциациясы қамқорлық кеңесінің мүшесі және ұлттық шаңғы спорт түрлері федерациясының жетекшісі.

Рамзан Қадыров: «Путин үшін 100 рет өлуге даярмын»
Премьер-министр жиындарды қазақ тілінде жүргізетін болды
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу