Ұласбек Сәдібеков: Зиялылар ауыл ақсақалына айналса, ұлт та, ұрпақ та түзелер еді

Oinet.kz 17-12-2014 791

– Ұласбек Сәдібекұлы, кезінде дәл осын­дай көктемде Сарыағаштағы әйгілі су тасқыны кезінде сол ауданды басқарып едіңіз. Оған да бес жыл өтіпті. Қазір де бір­қатар аймақтарда селдің қаупі күшейіп тұр, өзгелерге де сабақ болсын, алапат тас­қындағы қарбалас сәтте жасалған ал­ғашқы қадамдарды тағы бір рет еске тү­сіріп көрейік. 

– Иә, ол табиғи апатқа да тура бес жыл толыпты. Әдетте Оңтүстіктің қысы жаймашуақтау өтуші еді. 2008 жылы та­биғат қатал мінез көрсетіп, қайта-қай­та қар жауды. Артынша аяз қысып, –15-20 градус көлемінде сақталып қалуы­ның салдарынан, жерде 50-60 см тоң пайда болды. Біз жақта көктем ерте басталады ғой, 19 ақпан күні түнге қарай жаң­быр жауып, «алтын күрек» деп ата­латын жылы жел есті. 20 ақпанда күні бойы тоқтамаған жаңбыр мен желдің әсе­рінен жоталарда жиналған қардың суы жерге сіңбестен, сай-саламен жөң­кіліп қоя берген. Сол күні мен Мәжіліс депу­таты Б.Бекжановпен бірге Са­рыа­ғаш ауданындағы Жібек жолы ауылында сайлаушылармен кездесу өткізіп жат­қанбыз. Шамалы уақыт бұрын орын­ба­сарым Әлімжан Ілиясов Ғ.Мұратбаев ауы­лындағы мектептің ауласына су жайыл­ғандықтан, соны көруге кеткенін ха­барлаған. Тура жиналыстың үстінде та­ғы байланысып, абыржыған дауыспен «Ұлеке, келіп көресіз бе, су мөлшері тіптен көп» деп тұр. Тұрғындардан рұқ­сат сұрадым да, 70 шақырымдағы ауылға шығып кеттім. Шамасы, сағат бестен асып, қас қарайған кез. Сенесіз бе, шын мәнінде, өмірімде ондай топан селді көрген емеспін. Абдырап қалғаным соншалық, қыр жақта бір бөгет бұзылып кетіп, жиналған су елді мекенге лап қой­ған екен ғой деп те ойладым. Бірақ аймақтың жайын білемін ғой, Келес өзені төменде, аңғары басқа жақта, ал Сырдария тіптен алыста, еш қатысы жоқ. Кәдімгі қарғын су екендігіне өзі­мізді де, көңілімізді де сендіру үшін, ая­ғыма резеңке етік киіп, үн-түнсіз жалғыз өзім ауылды аралап шықтым да, облыс әкімі Нұрғали Әшімовке ха­бар­ластым. Ол төтенше жағдайға орай ал­дын ала құрылған комиссия төрағасы, өзінің бірінші орынбасары Ислам Әбі­шевке тапсырды. Сол кезде Ислам Әбі­шев Арыс ауданының тұрғындарына Сырдариядан қауіп төнгендіктен, алдын ала құтқару оқу-жаттығуларын жасап жатқан еді. Лезде оған да байланыс­қа­ным­мен «Ұласбек, Сарыағашта қандай су, өзен түгілі, көлшік те жоқ. Жаңбыр се­лін өздерің амалдай беріңдер, қауіп мы­на жақта» деп, аса назар аудармады. Бол­маған соң араға азғана уақыт салып, тағы телефон соқтым. Тақымдап қой­ма­ған соң «ертең барамын» деп, келесі кү­ні келгенде, топан селдің қарқыны мен зардабына қатты таңғалып, білек сы­банып, қызу іске кірісіп кетті. 

Содан өз қолымыздан келетін әре­кет­ке кірісіп, алдымен тұрғындарды қауіп­сіз тұсқа көшіруге кірістік. Ғ.Мұ­рат­баев атындағы елді мекенде Мархабай деген азамат өзінің техникаларымен бөгет жасап, су арнасын бұрғызуға жәр­дем­десті. Ел ақсақалдары басшылық жа­сап, ұлардай улап-шулаған жұртқа басу айтып, ұйымдасқан түрде қауіпсіз ғимараттарға қоныстандыруға ат­са­лыс­ты. Мен Сарыағашқа қайтып келіп, түнгі 10-да аудан активімен жиналыс өт­кіздім. Жиналыстың алдында біршама толыққанды ақпарат та жинақталды. Анықталған мәліметке сәйкес, сел 7 ауыл әкімшілігінің 36 елді мекенін жай­пап шығыпты. Бір таңғалғаным, мұн­дайда ел шұғыл түрде ұйымдасып, жұ­мы­ла кетеді екен. Мемлекеттік қана емес, жекеменшік техникалардың ие­лері де қарап қалмай, табанда жетті. Ұлттық қауіпсіздік комитетінің шекара қызметіндегілер де техникаларын беріп жатты. Барлық азық-түлігінен айыры­лып, далада қалғандарды қамтамасыз ету үшін наубайханалардың иелерін түн ішінде тұрғызып, нан жаптырдық. Не­гізгі топты жұмылдырып, су басқан ауыл тұр­ғындарын эвакуациялаумен айна­лысып, шамамен 7-8 мың адамды кө­шір­дік. Ал түн ішіндегі халықтың шула­ға­нын көрсеңіз... Мені ең қатты қор­­қыт­қаны неше адамнан айырылдық деген уайым еді. Үйге де бармай, таңғы 5-те ауыл әкімінің жұмыс кабинетіне келіп, орындықта отырып көз шырымын алғандай болдым. Қатты шудан оянсам, әкімдіктің алдында қара-құрым халық. Сағат таңғы сегіз, тұрғындар қатты ыза­лы, шошыну, бір сәтте бүкіл дүниесінен, баспанасынан айырылу– еңселерін түсіріп, түңілдіріп жібергені көрініп тұр. Жылап-сықтап, небір сөздерді айтты, үндеместен соңына дейін тыңдадым. Ақы­ры, өздері де шаршаса керек, ап­тық­тары басылып, аздап ақылға келіп: «ен­ді не істейміз, әкім мырза?» деп тоқ­тады. Барлық ақпартты алдыртып, та­банда ұйымдастыру шараларына кіріс­тік. Ең қуаныштысы – адам шығыны жоқ, халық дін аман. Құдай қақты деген сол шығар, кейбір тұрғындарды үй­ле­рінен алып шыққан соң, белуардан жет­­кен суға езілген қабырғалар опыры­лып жатты. Облыс әкімі Н.Әшімов Президентке хабарлады, Елбасының тапсырмасына сәйкес екі күннен соң Премьер-министр К.Мәсімов ұшып жет­ті. Өз көзімен көрді, бес күннен соң В.Школьник бастаған комиссия жағ­дайды толық талқылаудан өткізген соң, табиғи апат шығындарын есептеп, жаңа баспана салуға кірістік. 

– Осы баспана құрылысына те­реңі­рек тоқталсақ. Барлығы неше үй салынды? Кейін бірқатар тұрғындар «біздің шығы­ны­мыз есептелмеді, өтемақы төленбеді. Үйі­міз жарамсыз күйге түссе де, көмек көр­сетілмеді» деп, жиі-жиі елді шулатумен жүр­ді ғой. Жалпы, басқа түскен қиын сәт­те тұрғындар өздерін қалай ұстады? 

– Бұл орайда Елбасы Н.Назарбаев­тың еңбегін атап айтуымыз керек. Дер кезінде бөлінген қаржыға барлық ком­па­ниялар жұмылып, үй салуға көшті. Бір жазда 1453 үйдің құрылысын аяқтап, өмір бойы кесектен тұрғызылған бас­па­наны паналаған тұрғындарға салтанатты да, сәнді жайды ұсынғанымызда, қуан­ға­нын көрсеңіз. Тіптен үйлердің алды үш айдың ішінде аяқталып жатты. Елдің қуанышына Елбасының өзі арнайы ке­ліп ортақтасып, 28 маусым күні кілттерді өз қолымен тапсырды. Дегенмен ал­ғаш­қы кезде небір жаға ұстататын жайт­тармен де кездестік. Бір-екі мысал келтірейін, кейбір ауылдарда тепсе, те­мір үзетін жігіттердің су тасқыны кезінде үйіндегі заттарын төтенше жағдай қызметкерлері шығарғанда, қарап тұр­ғанын қайтерсіз?! «Неге көмектес­пей­сің?» деп сұрасақ, «құтқару қызметі осы жұ­мыстары үшін айлық алады ғой, өздері шығарсын» дейді, еш қымсын­бас­тан. Онымен де қоймай: «Әкім мыр­за, Үкіметтен қандай жәрдем бар?» деп та­қымдағанын көргенде, қатты ойлан­дым. Кейбір тұрғындар «менің үйіме де су кірді, неге көмектеспейді?» деген маз­­мұндағы арыздарын жан-жаққа жөнелте бастады. Осындай кезде «Нұр Отан» ХДП-ның ұйымдастыруымен респу­б­лика бойынша «Жақыныңа жәр­демдес» деген акция ұйым­дастырылып, әжеп­тәуір қаражат жиналды. Мұның 400 мил­лион теңгесі апатқа ұшыраған ауыл­дар­ға бөлінді. Ақша жүрген жерде ай­қай-шудың ілесе келетіні белгілі ғой, оны ашық түрде бөлу үшін тұрғындардың жалпы жиналысын шақырып, өздерінің дауыс берулерімен арасындағы белсенді азаматтардан комиссия құрдық. Сай­ланған 7 комиссияның жеке шоттарын ашып, Әділет департаментіне тіркетіп, қаржыны тікелей сол шоттарға түсірттік. Қысқасы, өзін-өзі басқарудың тәжіри­бесі жүргізілгендей болды. Әкімшіліктен ешқандай ұсыныс енгізбей, төрағасынан бастап, мүшелеріне дейін өздерінен сайлап, арыз жазған ауылдастарының өті­ніштерін тексеруге де соларды жі­бердік. Мемлекеттің жәрдемінен бөлек, акциядан түскен қаржы тек тұрғындар­дың қатысуымен ашық, әділ бөлінгеніне қарамастан, кейін комиссия мүшелері­нің, яғни өз ауылдастарының үстінен де арыз­данушылар табылды.

Сарыағаш ауданын басқаруға бар­ғанда «Сәт» пікірсайыс клубын құрған едім. Мұндағы мақсат – тоқсан сайын елдің белсенді тұрғындары мен мекеме басшыларын жинап, өзекті тақырып­тарды халықпен бірге талқылап отыру. Бір жиынымыз ауыл арасындағы ұр­лық­қа арналса, келесілері жұмыссыздыққа, кәсіпкерлікке, бала тәрбиесіне бағыт­та­лып жатты. Әлгіндей арыздар үдеген соң, пікірсайыстың кезекті отырысын «Шын­дық шырылдап жетемін дегенше, өтірік біраз жерді өртейді» деген тақы­рып­пен өткіздік. Өйткені әртүрлі алая­қ­тар да табылып, тұрғындарды «Астанаға апарамыз, ақша бөлдіреміз» деп, ал­даусыратып біраз ақша жинап алған. Қысқасы, қиын сәт туғанда  адамгер­ші­лі­гі мен ауызбіршілігін жоғалтпай, жұ­мыла жұмыс істегендер мол болды. Арасында айқайға басып, арызды қарша боратып, халықты тоз-тоз етіп бөлуді көздейтіндер де табылып жатты. Ең бастысы, елдік пен бірліктің арқасында, ел де есін жи­ды. 

– «Сәт» пікірсайыс клубын құрудың түп-тамыры студенттік кезеңде Целиног­рад­та басталған «Парасат» қоғамдық ұйым­ның жалғасы емес пе?

– 1984 жылы Целиноград ауыл ша­руа­шылығы институтына оқуға түскен кезімде шағын қалада 300 мыңға жетер-жет­пес тұрғын бар еді. Шамамен 85 пайыз­дайы орыстілді азаматтар, болса да қазақтардың басым бөлігі орыс ті­лінде сөйлейді. Ауылдан келгенбіз, орыс­шадан мүлдем мақұрымбыз дей ал­маймын. Дегенмен мұндағы барлық са­­бақ орысша өтеді, қысылу, қымтырылу, қыс­паққа алу. Дәл осы кезде мынадай ой мазалады, қазақ болып туамыз, ауыл­да тұрамыз, қазақша мектепте оқимыз, ал ЖОО-ға түскенде тапсыру емтиханын ғана қазақ тілінде тапсырамыз да, ары қа­рай оқудың барлығы орыс тілінде жү­реді.Неге? Лекцияларда барлығын біліп тұрсақ та, ойымызды толыққанды жет­кі­зе алмаймыз, дұрыс айтпасаң, күлетіні та­ғы бар. Жалпы, намысшыл халықпыз ғой. Қызылордалық Сайлаубек деген за­мандас қатар оқыды, мектепті өте жақ­сы бітіргенімен, институтта орыс ті­лінен әбден азап шегіп, ақырында оқу­ды тастап кетті. Алайда барлығын орыс­тандыруға белсенді түрде көшкен кеңес­тік идеологияның түпкі мақсатын ба­лалықпен түсінбедік. 1985 жылы әс­керге аттанып, Мәскеуде болдым. Арада бір жыл өткен соң, Алматыда желтоқсан оқиғасынан соң қазақтарға деген көз­қарас күрт өзгерді. Тура сол уақыттарда бел­сенділігіме байланысты әскерде пар­тияға өткім келіп, құлшынып жүргенмін. Тағы да кеудеден кері итеріп, «ұлтшыл, партияға лайықсыз» деген сөздер айтыла бастаған соң, баяғы құлшыныстан еш­те­ңе қалмады. Осы кезде екінші рет орыс­шылдықтың зардабымен бетпе-бет келдім.

1987 жылы әскерден оралып, Це­линоградта оқуды жалғастырдым. Баяғы сірескен сең ешқандай бұзылмаған. Аз­дап өмір көрдік, көз ашылды, содан бі­раз белсенді жігіттер ақылдаса келе, жазу­шы Алдан Смайыл ағамыз басқа­ра­тын облыстық тіл және мәдениет қо­ғамының жанынан «Парасат» мә­дени-ағарту бірлестігі мен «Шаттық» өнер орталығын құрдық. Қаладағы төрт жо­ғары оқу орнының студенттері қо­сыл­ды. Жангелді Шымшықов, Елтай Ша­ханов, Төлеубай Батыров, Тимур Әл­таев сынды ұстаздар қолдау білдіріп, ба­ғыт-бағдар берді. Серік, Дарын, Мұ­рат, Бақыт, Тоғайбай, Пірімбай, Гүлжан, Ға­биден сынды жас жігіттер топтасып, бір­­қатар мәселелер көтердік. Басты мақ­­сатымыз – қазақ тілін кеңейту, бұл – тәуелсіздіктің елесі кезе бастаған 88-89-жылдардың шамасы. Оқу орын­да­рын­да қазақ тобы ашылсын, қазақ ті­лін­де мәдени кештер өткізілсін. Шаһар­да қа­­зақ тіліндегі №4 жалғыз мек­теп, жал­ғыз ғана мешіт тұр, жаңадан білім ұя­ла­ры ашылсын деген сияқты сұрақ­тарды көл­денең тарттық. Шовинистік пиғы­лымыз болмаса да, институт басшылығы мен жергілікті билік қырын қарап, тіпті шақырып, қысым да көрсетті. Сабиля Мұстафина дейтін азаматша облыстық комсомол ұйымының екінші хатшысы еді, өтінішімізге орай қазіргі Жастар сарайын алып берді. Төрт оқу орнының арасында қазақ тілінде КВН ұйымдас­тырып, билет тараттық. Алғашқыда қор­қыныш болды, «кілең сірескен ор­та­да ешкім келмей қойса қайтеміз?» де­ген. Сенесіз бе, әділқазы алқасы ре­тінде алдыңғы қатарда отырғанбыз. Бас­талған кезде қарасақ, мың орынды зал­да ине шаншыр орын жоқ, арала­рында кейбіреулер түрегеп тұр. Алғаш рет қазақ тілінде ұйымдастырылған ша­ра өтіп, 3 сағатқа ұласып, арасындағы үзі­лісте көпшілік қазақша сәлемдесіп, жағ­дай сұрасып, жаңа леп жеткендей се­зіндік. 

1990 жылы Желтоқсан оқиғасының 4 жылдығын бірінші рет Целиноградта атап өттік, осындағы барлық ұлттық ор­талықтар қатысты. Қ.Рысқұлбеков­тың аруағына бағыштап құран оқыдық. «Қараөткел» газетінде алғаш рет осы залда құран оқылғаны туралы мақала да шықты. 1992 жылы Аманжол Бөлекбаев деген ағамыз қалаға басшылық етіп, мені әкімдіктің жанындағы мемлекеттік Жастар істері бойынша қалалық коми­тет төрағалығына шақырды. Бастапқыда келісе қоймадым, себебі жеке ұлттық ұйымды басқарып жүріп, өзіміз сын айтатын мемлекеттік мекемеге ауысуға ішкі жандүнием дайын болмады. Сонда Аманжол ағамыз: «сендер бізді үнемі сы­­нап жүрсіңдер, неге сол айтатын мә­селелерді өзің жүзеге асырып көрмей­сің?» деді. «Парасат» ұйымын бірге құр­ған азаматтармен ақылдастым, олар ой­лана келе, баруымды қолдады. Жас­тар комитетінің жетекшісі болып бір жыл жұмыс істедім, ауылда кенже қа­рын­дасым мектеп бітіріп, қалаға оқуға кеткендіктен, анам жалғыз қалды. Әке­ден ерте айырылғанмын, анамды осын­да шақырсам, келмейді. Содан амал жоқ, ауылға барып, Оңтүстік Қазақстан облысы, Алғабас ауданы ішкі саясат бө­ліміне екінші санаттағы маман дейтін қыз­меттен бастадым. Енді араға 19 жыл са­лып, Астанаға қайта оралдым.

– 19 жылдан кейін келсеңіз де, еге­мен­дікті алсақ та баяғы сіздердің жас кез­деріңізде көтеріп жүрген мәселелер әлі де толық шешімін таппағаны бірден аң­ғарыла ма? Басқаны былай қойғанда, әріп­тесіңіз Розақұл Халмұрадовтың өзі қазақтілді депутаттардың сауалдарды негізінен ресми тілде қоятындығына қынжылды. Неге бұлай?

– Бұл жерде мәселе былай. Кезінде ше­неунік болып істегенімнен емес, шын­дығында, Елбасының өзі «қазақ қа­­зақпен қазақша сөйлессін» деп, осымен екінші рет айтты. Тілдің дамуы револю­циялық жолмен шешілмейтіні анық. Бір күнде барлығын тізеге салып, белден ба­сып, орындай салатын жеңіл дүние еместігін айтып жүрген азаматтардың өз­дері де жақсы біледі. Қазір байқауым­ша, Парламентте қазақ емес азамат­тар­дың өзі қазақша сөйлеуге тырысып, курс­­тарға  барып жүр. Иә, Халмұра­дов­тың айтқаны сияқты, ондай әріп­тес­те­ріміз де кездеседі. Оларды бері қарай алып шығуға әлі де үміт бар. Ол үшін әр­бір қа­зақ отбасы ұлттық ұстанымдарға қа­тыс­ты қағиданы бірінші өзі ұстануы ке­рек. Кезінде ұлттың оқыған, ел бас­қар­ған азаматтарының ұл-қыздары да орыс­ша тәрбиеленіп, керек десеңіз, әке­сінің шығармасын оқымайтын халге жет­ті. Сол кезде үлкен ағаларымыз «не­ме­рем ауылда тұрса да, бірауыз қазақша біл­мейді, орысшаны акцентсіз сөйлейді» деп мақтанатын. Оны тыңдап отыр­ған­дар ішегін тартып, таңғалатын  дәре­жеге де жеткен едік. Жүз пайыз қазақ­тар орналасқан ауылда алғаш жұмысқа қа­былданғанда, кіру-шығу өтінішімді орысша жаздым. Қаланы былай қой­ғанда, ауылдағы қалың қазақтардың санасы соған дейін төмендегенін де көрдік. Бүгінде айырмашылық жер мен көктей, ендігісі өзімізге байланысты. Мем­лекеттік тілге қай жерде кедергі бар, қоғамдық ұйымдармен бірлесіп тал­қылауға мен дайынмын. 

– Мәжілістің жалпы отырысында таяуда мақта мәселесіне байланысты Үкі­метке депутаттық сауал жолдадыңыз, жауа­бын алдыңыз ба? Енді алдағы уақыт­та қандай мәселеге қозғау салуды көздеп жүр­сіз?

– Оңтүстік өңірінде 1 миллион тұр­ғын­ның күнкөрісі мен тіршілігі мақ­та­мен байланысты. Кейінгі жылдары бұл шаруашылыққа қаржы бөлініп, қолдау жасалғанымен, жылдар бойы қорда­лан­ған мәселелер түбегейлі шешілген жоқ. Бұ­рын «ақ алтынды» өсіріп, өңдеп, сату­мен тұтас мемлекеттік құрылымдар айналысқан. Қазір барлығы жеке қолға өтіп, жұмыс істейтіндіктен, қарапайым ди­қандар көптеген қиындықтарға ұшы­райды. Елге барған сайын естіп, көретін жайттарды жүйелеп, Үкіметке жолдап, оңтайлы шешімін табуды көздеп едім. Премьер-министр С.Ахметовтен келген жауап хатта Ауыл шаруашылығы ми­нистр­лігі жанынан мүдделі мемлекеттік органдар мен қоғамдық бірлестік өкіл­дерін және ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерді тарта отырып, мақ­та саласын дамыту жөніндегі жұмыс то­бының құрылғаны хабарланыпты. Олар депутаттық сауалда көтерілген «Мақта саласын» дамыту туралы заңға өзгерістер енгізуге байланысты ұсыныстарды сара­лап, заң жобасына қатысушы ведомст­волық комиссияның қарауына енгізеді. Сонымен бірге жауап хатта жаңадан қа­был­данған «Агробизнес-2020» бағдар­ламасына сәйкес мақтаны субсидиялауға биыл 18,6 млрд бөлінсе, енді жеті жыл­дан соң 31,7 млрд теңгеге, минерал­ды ты­ңайтқыштарға қаралған қаржының 5,4 млрдтан, 24,5 млрд теңгеге көбейе­тін­дігі айтылыпты. 

Ауыл шаруашылығына байланысты бө­лінген қаржылардың жыл сайын қо­мақтылана түскендігі жақсы, деген­мен қиын да күрделі саланы несиелендіру өз деңгейінде емес. Бұл салада күнкөрісін айырып жүргендерге қаржының қолже­тім­­ділігін арттырмасақ, мемлекеттің мил­­лиондары нақты иесіне жетпеуі мүм­­кін. Сонымен бірге несиенің қай­тару мерзімін ұзарту жайын қозғаймын. Шаруашылыққа салынған қаржы бір жылда жемісін бермейтініне қарамай, өте қысқа мерзім қойылған. Одан соң жас­тар мәселесін зерттеп жүрмін. Әр­түрлі кездесулерде жаңа буынның өкіл­дерінен классиктер мен олардың шы­ғармалары жайында сұраймын. Сенесіз бе, залдағы 200 іні-қарындасымыздың ары кетсе, оны ғана бірнеше кітап пен ав­тор­ларын атай алады. Біздің қатарлас­тар кезінде Әзілхан Нұршайықовтың «Ма­хаббат қызық мол жылдарын» оқып, қызбен сөйлесуді, сыйлауды үй­рен­ді. Бауыржан Момышұлының «Ар­па­лысын» оқыған соң, батылдық пен ба­­тырлыққа ұмтылдық. Шерхан Мұра­та­заның «Қызыл жебесі» Тұрар Рыс­құлов секілді қайраткерлік пен рухшыл­дықты бойымызға сіңірді. Қазір осындай тәрбие тетігі бар ма? Енді осылай кете бе­реміз бе? Мәселен, қазір барлық ауылда кітапхана бар, онда толық штат­та айлық алатын кітапханашы отыр. Ол екі-үш мың оқырманға өтірік құжат тол­тырып, оқырман ретінде тіркеп тас­таған. Шын мәнінде, сонша адамның кі­тапханаға келетініне күмәнім бар. Осы­ны түбегейлі өзгертуіміз керек. Ауыл­дағы ақсақалдық жайында да жиі ойланып жүрмін.

– Әлі жассыз ғой, қариялыққа де­йін атқаратын қыруар шаруа бар емес пе?

– Жоқ, ұлттың уызы ұйыған ауылда жүр­гізілген жұмысқа көңіл толады. Мә­селе, ауылдың абыройын асырып, ұлт­тың ұятын ойлайтын ақсақалдықтың аза­йып кеткеніне қынжыламын. Қазақ – сөзге тоқтаған халық. Аузы дуалы, сөзі уәлі билердің әңгімесі қандай еді?! Ер­теректе бір ауылға жолаушылап келе жат­қан қонақ қонады. Таңертең тұрса, ер­то­қымы жоқ. Амалы құрып, төңіре­гі­нен сұ­растырып, ауылдың сөзұстар ақ­са­қалын тауып, мән-жайды түсіндіреді. Жолаушыны мұқият тыңдаған ақсақал өзі білетін қолы сұғанақтау жігітке кісі жі­беріп, «алған ер-тоқымын әкеліп қой­сын, әйтпесе бұдан былай сәлемін ал­маймын» деп сәлем жолдапты. Сөйтсе, әл­гі сабазың «егер ол кісі сәлемімді ал­ма­са, бұл ауылда тұрып, елдің бетіне қа­лай қараймын?» деп, табанда ұрлаған затын қайтарыпты. Міне, қазақтың бұзақы жігітінің өзі ақсақалды сыйлап, сөзге тұрған. Ал қазір ше?

Ауылға бүгінде қаншама қаржы бө­лініп, ауызсу, жол, мектеп, аурухана, газ, пошта, медициналық тірек салынып жа­тыр. Бірақ елдің тәрбиесі мен мәде­ние­тіне, тазалығы мен күнделікті қа­рым-қатынасына көңіл бөлінбей ба­ра­ды. Көшесі қоқыстан көз ашпайтын, қа­зылған арығы тазаланбайтын, құлаған шарбағы мен қабырғасы еш түзелмейтін ауылды әр қырдың астынан табасыз. Бұдан бөлек, маскүнемдік, өзара тұр­мыс­тық дау-жанжал, төбелес, ұрлық-қар­лық, ағайынды адамдардың атысып-шабысуы қазақтың қаймағы саналатын ауылдарда тым асқынып кетті. Елдің ор­­тасында жемқорлыққа қатысты мә­селе көп. Ел ақсақалдары, тұрғындары мек­теп директорының, ауыл әкімінің не­месе қолында құзыры бар басшының жа­ғымсыз әрекетін естіп жүреді. Бі­рі­мізге ағайын, бірімізге туыс, бірімізге ауыл­дас болып келетін соның ұсталып кетуін күтпей-ақ, неге оны ортаға алып, тал­қыға салмасқа?! Осы біз неге жа­ман­шылықтың жанына үйірміз? «Арыз түсіпті, ұстапты» дегенді тез таратамыз. Ор­тақ іске келгенде, кейіншектей бе­ре­міз. Меніңше, осындай істерге ұйытқы бо­латын ауыл ақсақалдарының қадірі де, ықпалы да кеміп кетті. Сондықтан да енді, мемлекеттік ірі қызметтерді ат­қарған, қоғам зиялысына айналған аға­лар зейнет жасына жеткен соң туған жер­ге барып, әлгіндей қордалана бас­таған түйінді шешуге атсалысса деймін. Олардың әрқайсысының ауылы бар ғой, мүмкін, ұйымдасқан түрде қалталы кәсіпкерлер баспанамен қамтып, жағ­дайын жасар. Әрине, ақсақалдардың ақылы Парламентке де керек, бірақ бар­лығы бірдей мұнда сыймайды ғой. Зей­нетке шыққан соң үлкен қалада еш­кім­мен араласпай, оқшауланып қалғанша, әлі де талай істі еңсеретін күш-қайратын, ақыл-парасатын туған жерді түлетуге арнаса, екі дүниеде де сауап емес пе?! Ел қайраткер ағаларды үлгі тұтады, аяғын тар­тады. Қатарластары қатарға қосылса, орта буындағылар да қарап қалмай, соңдарынан ереді. Сол кісілердің ешкім­ге жалтақтамай, дұрыс әңгіме қозғай­ты­нына кәміл сенемін. Ауыл, аудан әкімі жұ­мыс істемесе, тікелей барып айтады. Бе­делі бар, ондай баспалдақтың та­лайы­нан өткен ақсақал әкімдердің жал­таруы мен бұлтаруына жол бермейді. Зия­лы, қайраткер ағаларымызбен бірге ауыл­ға жаңа мәдениет пен абыройлы ақ­сақалдық оралып, ұлт пен ұрпақтың ру­хани өсуіне елеулі қадам жасалар еді. 

– Сіз өзіңіз зейнетке шыққан соң ба­ра­сыз ба? 

– Иә, Алла өмір беріп, зейнетке жет­сем, міндетті түрде ауылға барамын. Бәй­дібек ауданындағы өзім өскен үйді бұз­бай, жөндеуден өткізіп, ретке кел­ті­ріп қойдым. Менің қарашаңырақ үйіме әжем келін болып түскен. Әкемнің екі жеңгесі де, анам да, өзімнің келіншегім де, тіпті келінім де сол үйдің табалды­ры­ғын аттап, ақ жаулықтарын тағынған. Жыл сайын жазды туған ауылымда өткі­земін. 

– Бастамаңыз ойланарлықтай екен, ел сыйлар ағаларға айтып көрмедіңіз бе?

– Бірқатарына айттым, ойланып қал­ды. Енді «Айқын» газеті арқылы қа­лың елге жеткізіп отырмыз ғой, ой­ла­натындар, бәлкім, қолдайтындар табы­лады деген үмітім бар. 

– Сұхбатыңызға рақмет.

Мұрағаттан: 04.04.201


«Абайлаңыз! Кеннет Әлібек»
Шымкенттік дәрігерлер Ресей Президенті Путиннен саяси баспана сұрап отыр
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу